• Толағай
  • 06 Мамыр, 2024

Румын қызы дәстүрлі садақ атудан чемпион

Румын қызы Анжела Тарыца – дәстүрлі садақ атудан  әлем чемпионы, ҚР спорт шебері, Alash archers садақ ату клубының жетекшісі. Мерген қыз домбыраның құлағында ойнайды. Анжеламен сөйлесудің сәті түскен еді. Садақ атуға келгені қызық екен.

– Ақмола облысы, Жарқайың ауданы, Державин қаласында өмірге келдім. Островский атындағы музыкалық мектепте 9-сыныпқа дейін оқыдым. Кейін Астанаға көшіп келдік. Баскетбол, волейбол, қашықтыққа жүгіру және тенниспен айналыстым. Музыка мектебінде домбыра сыныбында оқыдым. Дәстүрлі садақ атумен 2018 жылдан бастап айналыс-тым. «Юнус Эмре» түрік компаниясы садақ атудан 3 айлық курс ұйымдастырды. Оқуға қызығып, мен де келдім. Курстан өткендерді қыздар және ерлер деп бөліп, сайысқа түстік. Кім 1-орын алса, Түркияға саяхатты жеңіп алатын болды. Осы күннен бастап кәсіби түрде айналысамын.

2022 жылы Румынияда өткен әлем кубогының алтын медаль иегері. ҚР чемпионы Ұлттық құрама команданың мергені. Солтүстік Кипрде, Түркияда өткен халықаралық жарыста өзін мойындатқан. Анжела мықты мерген әрі нағыз бапкер.

– Бес  жылдан асты балаларды жаттықтырамын. Үйірмеге 7 жастан қабылдай-мыз. Бірақ алдын ала сабақ болады. Егер бала ерке әрі бір орында тыныш отыра алмаса, оған әлі ерте. Егер бізді тыңдап, айтқанды орындаса, қабылдаймыз. Ең бастысы, балаға ұнаса болды. Жасына қарай шектеу жоқ. Садақ ату кезінде дененің барлық бұлшықеті жұмыс істейді, ең алдымен арқа бұлшықеті. Садақ ату денені түзетеді, бұлшықетті қатайтады, нәтижесінде еңкіш тартып жүрмейді. Омыртқа проблемалары көптеген ауруға әкеледі. Садақ ату ең бірінші осы омыртқаға ем, – дейді Анжела.

Садақ ату кеуде, жамбас, бөксе, балтыр және қол бұлшық-етін күшейтеді. Балаларға арнал-ған блоктық садақ – бүкіл денені жаттықтыруға, оны күшті және төзімді етуге мүмкіндік береді. Бұл жүрек, қан-тамыр жүйесі мен тыныс алудың тұрақты жат-тығулары. Көптеген бала жүгіруді ұнатпайды. Олар үшін статикалық жаттығулар қолайлы. Міне, осы жағдайда ату ең жақсы нұсқа. Баланың денесіне жүктеме белсенді спорт түрлерінен кем түспейді. Көздің көру өткірлігін жаттықтырады, қалпына келтіруге көмектеседі.

– Садақ ату – адамның өмірі сияқты. Әркімнің арманы, мақсаты бар. Оған жету үшін бәрін дұрыс бастау керек. Алдыңда мақсатың және өзің тұрсың. Дұрыс ату үшін техника, еңбек керек. Бір нәрсені қайта-қайта жасай берсең, рефлекс қалыптасады. Біз өз мақсатымызды көреміз, миымыз сигнал береді, денеміздің әрбір бөлігі әрекетті орындайды. Егер бәрі дұрыс жасалса, сіз қалаған жерге жетесіз. Ең алдымен арқамыз түзу тұруы керек. Бас қозғалмайды. Садақты сол қолға нық, біркелкі ұстаймыз, бұл біздің бағытымыз. Сосын оң қол жұмыс істейді. Дәстүрлі садақ ату кезінде ең бастысы – дұрыс ойлану. Садақ ату да ғылым. Желдің жылдамдығы, ауа райы, садақ пен оқтың салмағы, бәрі өлшемге сай болуы керек.

Анжела әрбір балаға ұстаз ғана емес екінші анасындай. Мысалы, шәкірті Ділназ Чехияға оқуға түсіпті. Өкініштісі, онда садақ атуды үйрететін жер жоқ екен. Енді Ділназ Анжела секілді садақ атуды үйреткісі келеді. Шәкіртке үлгі болудан артық қандай бақыт бар?!

– Дәстүрлі садақ атудың бірнеше түрі бар. Мысалы, қыста 30 метрлік, жазда 50, 60, 70 метрлік қашықтық-тағы нысананы көздеуге болады. Қырғызстанда 35, 40 метрлік қашықтықтар бар. Теріс қарап тұрып ату, бір аяққа отырып ату. Ойын шарты әр халықтың дәстүріне, климатына байла-нысты. Ресейде арбаның астынан, үстінен ату сынағы қарастырыл-ған. Кореяда, Жапонияда 100–150 метрге дейінгі дистанциялар да болады.

Түркияның Фетих кубогында қашықтыққа ату жарысы бар. Шарт бойынша оқты қаншалықты алысқа жеткізсең, жеңіс сенікі. Өзінің садағы мен оғы болады. 60 метрлік қашықтыққа  37 фунттық садақпен қатыса алмайды. Себебі бұл оқ кем дегенде 200–250 метрге жетеді. Ең төмені 400 метр. Оған өте ауыр, салмағы шамамен 90 фунт болатын садақ, ауыр оқ пен физикалық дайындық керек.

– Садақ атудың дәстүрлі және классикалық түрлері бар. Екеуінің арасында айыр-машылық бар. Классикалық садақ ату – ХХ ғасырдың дәл басында олимпиада ойында-рының тізіміне енген. Қазір 140 елдің спортшылары айналысады. 2022 жылы дәстүрлі садақ ату Қазақстанда ұлттық спорт түрі деп бекітілді. Спорттың екі түрін ажырату қиын болуы мүмкін. Классикалық садақ ату – олимпиадалық спорт түрі. Қолыңдағы садақ темірден жасалады. Спортшылар ақ-қара болып бәрі бірдей киінеді. Дәстүрлі садақ атуда әркім ұлттық киім киіп келеді. Шашбау, саптама етік, дәстүрлі садақ, ағаш оқ. Ұлттық ән ойнап, үстіңе ұлттық киім киесің. Садақты тартып, ағаш оқпен нысананы көздеп тұрғанда бойыңда ерекше рух оянады. Садақты керіп, бір тартқанда 16 келіге дейінгі салмақты тартасың. Әркім өз дене бітіміне, салмағына қарай садақ таңдайды. Десек те, бұл кәдімгідей физикалық дайындықты, қара күшті талап ететін дүние.

Мерген қыздан дәстүрлі садақ атудың тарихын сұраған едік. Ең алдымен «Садақ деген не? Осы туралы айтайын» деді.

– Біз садақ деп айтамыз. Бірақ бұның аты тарихи деректерде жақ және жай деп кездеседі. Садақ – жайдан (жақтан), оқтан, қорамсақ-тан және қаптан тұрады. Дәстүрлі садақтың тарихы адамзат тарихымен етене байланысты. Ол сонау атам заманнан бері адамзат баласы қолданған қару түрлерінің бірі. Яғни, ең алғашқы найза, шоқпармен бірге дәстүрлі садақ та пайда болды. Садақтың әртүрлі болуы оқтарына байланысты. Ал оқтың түрлі формада жасалуы –  әр халықтың географиялық жағдайына, салт-дәстүріне негізделген.

Алғаш рет дәстүрлі садақ атудан чемпионат Маңғыс-тауда өткен еді. Осы додада Анжела қыздар арасында 60 метр қашықтықтан атудан алдына жан салмады. Көзге жарқ етіп көрінген еді. Осыдан кейін Румынияда 1-орын, Солтүстік Кипрде 2-орын алып, әлемнің бостандық кубогын ұтып алды. Қыркүйек айында елімізде «Көшпенділер ойыны» мергендер сайысы өтеді. Қазір Анжела соған қызу дайындық жасап жатыр. Өйткені, намысты қолдан бермеуі керек. Мерген қызға жеңіс тілейміз!

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №19
07 мамыр 2024 жыл

 

1655 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор