• ҰЛАН
  • 19 Ақпан, 2024

Қазақстанда қанша балалар басылымы бар?

Біз қайтсек оқитын ұлт боламыз? Бұл сауал қазір өте өзекті. Президентіміз Қ.Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда бұл мәселені басты назарға алған еді. Ұлттың оқуы – балалардың оқуынан басталады. Ал бүлдіршіндердің тұлға болып қалыптасуы үшін біз жан-жақты білім бергеніміз абзал. Сондықтан көркем әдебиеттермен қоса балалардың өзіне арналған төл басылымдарын оқуы да өте маңызды. Жыл басында Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева мен Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев Алматы қаласында балалар басылымдарының өкілдерімен кездесіп, бірқатар мәселені талқылаған болатын.

Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі жанындағы республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы Алматы қаласындағы 215 мектептің директорлары, ұстаздары мен кітапханашыларының басын қосып, балалар басылымдарының редакторларымен кездесу ұйымдастырды. Онда балалар басылымдарын оқырманға қалай жеткіземіз деген мәселе талқыланды. Қалалық Білім басқармасының өкілі А.Мамашқызының айтуынша, Алматы қаласында әр мектепке мерзімді басылымдарға жазылу үшін 250 мың теңге қаражат бөлінеді екен. Алдағы уақытта сол қаражат балалар басылымына жазылуға жұмсалса, әр мектептің төрінде балалар басылымы тұрады.

«Бұл – оқушыларға балалар басылымын таныстырудың ең оңтайлы нұсқасы», – дейді жиынға қатысушылар. Республикалық ғылымипедагогикалық кітапхананың бастамасымен Қазақстандағы балалар басылымдарының каталогы да түзілді. Қазіргі кезде Қазақстанда отызға жуық балалар басылымы шығады екен. Оның ішінде мемлекеттік басылым төртеу: «Ұлан», «Дружные ребята», «Балдырған», «Ақ желкен». Бұл басылымдардың алдының шыға бастағанына жүз жыл болады. Ғасырға жуық уақыттан бері балалардың сенімді досына айналған басылымдар алдағы уақытта жас өрендердің танымының кеңеюіне, рухани бай болуына үздіксіз қызмет ете береді. Айта кетейік, елімізде қазақ тілінде балаларға арналған жалғыз газет «Ұлан» болса, орыс тіліндегі жалғыз газет «Дружные ребята» екен.

Алдағы уақытта балалар басылымдарының каталогы еліміздегі бүкіл мектептердің сайтына орналастырылып, кітапша түрінде де таратылады. Сол кезде балалар өзі қалаған басылымды таңдап, жазылуына болады.

Өз тілшімізден

«Ұлан» газеті, №8
20 ақпан 2024 жыл

1384 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор