• ҰЛАН
  • 19 Ақпан, 2024

Ауылда тұрып, Америкада жұмыс істейтін Әсел

Достар, ой жүгіртіп, көз алдымызға елестетейік. Атаанаң, ауылдастарың жаныңда. Өйткені қалауың сол. Ауылда тұрып, шетелдік алпауыт компанияларда жұмыс істейсің. Қалай деп ойланып қалған боларсың? Қалай екенін кейіпкеріміз Әсел Қуандыққызы айтып береді. Әсел Батыс Қазақстан облысындағы Мерей дейтін ауылдан. Тиктоктағы lifeof_aulgirl (ауыл қызының өмірі) парақшасының авторы. Парақшасы арқылы қашықтағы тағылымдамалар, волонтерлік мүмкіндіктер туралы пайдалы ақпарат беріп жүр. Ақпарат беретіндей жөні бар. Өйткені өзі студенттер мен жастарға кәсіби тағылымдамалар ұсынатын ірі платформа Paragon One компаниясының аға амбассадоры.

«Шынымды айтсам, универде оқып жүргенде арман-мақсаттарым бұлыңғыр еді. Ал небәрі 4 ай бұрын Қазақстанның кішкентай ауылында тұрып-ақ, Beats By Dre дейтін америкалық компанияның «Бренд стратегия және бизнес аналитика» бағытында тағылымдамадан өттім. Бұл компанияны 14 жасымнан бері білемін. Ариана Гранде, Джесси Джи, Ники Минаж секілді танымал әншілермен коллаборация, жарнамасын қызыға көретін едім. Мұнда жұмыс істеу түсіме кіріп-шықпаған», – дейді Әсел тәжірибесі туралы әңгімелеп.

Әселге өзі атаған ірі компания бірден орын ұсына қоймады. Бәрі әдеттегі табанды ізденістен басталған. Ең алғашқы қашықтан өтетін тағылымдаманы кейіпкеріміз Инстаграм арқылы тауыпты. Осылайша Ұлттық волонтерлік желі (ҰВЖ) ұйымында зерттеуші-стажер ретінде қызмет атқарған. «Тағылымдаманың форматы емес, онда не істегеніңіз маңызды. Алайда тағылымдамаға өтініш бермей тұрып мұқият болыңыз» дейді Әсел.

«Онлайн тағылымдама – кеңсеге бармай, кез келген аймақта тұрып, компания немесе ұйымда жұмыс істеу арқылы кәсіби дағдыңызды арттыру. Өйткені сіз жаңа нәрселер мен дағдыларға үйренесіз. Онлайн болса да, нетворкиң арттырасыз. Онлайн форматты таңдағанда мұқият болу керек. Шынымен жақсы компания ма? Расымен бұл компаниядан іс-тәжірибеден өте аламын ба? Компания немесе ұйымның қызметін жан-жақты зерттеп, оқып алыңыз. Қазір қашықтан өтінім жібере алатын сан түрлі мүмкіндік бар. Өзіме жақсы таныс Paragon One компаниясында тағылымдамадан өтуге нұсқаулық бере кеткенді жөн көріп отырмын.

Paragon One компаниясының басты мақсаты – аз қамтылған қауымдастықтан шыққан жастарға кәсіби тәжірибе жинауға көмектесу. Fortune 500 компанияларымен, инно-вациялық стартаптармен және жетекші брендтермен ынтымақтастық орнатқан. Мұндағы тәжірибе PwC, Home Depot, Meta, HP, Pfizer, Hugo Boss, Beats by Dre, National Geographic, The Nature Conservancy, Гринпис сынды денсаулық, сән, IT, эко-логияны қамтитын әртүрлі секторларда қызмет атқаруға мүмкіндік береді. Студенттер, жас мамандар мен мамандығын ауыстырғысы келетіндер тағылымдамадан өте алады».

Шетелдік компаниялар мен ұйымдарда қашықтан жұмыс істегіңіз келсе, ағылшын тілін білу маңызды.

«Иә, ағылшын тілін білу міндетті. Өйткені тағылымдама ағылшын тілінде. Ең бастысы, шетелдік компанияда тәжірибе жинауға қызығушылығыңыз бен ниетіңіз болуы керек. Жиі байқайтыным, кей жастарға ақы төленсе болды. Істегісі келмесе де өтінім жібере береді. Ана тілімнен бөлек, орыс тілі мен ағылшын тілінде еркін сөйлеймін. Қазір украин тілін үйреніп жүрмін.

Ағылшын тілі сөзсіз көп есікті ашады. Маған шетелдік компанияда жұмыс істеуден бөлек, жаңа адамдармен танысуға мүмкіндік берді. Меніңше, біздің қоғамда нетворкиңнің күшін көбі білмейді. Жаңа адамдармен танысып, кәсіби қарым-қатынас орнатудың маңызы зор. Өйткені жаңа адамдардың өз тәжірибесі, қызығушылығы бар. Олар білімін, көрген-білгенін сізге үйретеді. Айтпақшы, ағылшын тілі тек америкалық бағдарламаларда емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқу, білім алу мүмкіндіктерін жіберіп алмау үшін керек. Мысалы, Орталық Азиядағы Жастар көшбасшылығы академиясының (CAYLA) бағдарламасына қатысуым да ағылшын тілін білгенімнің арқасы. Сенімсіздік, қорқыныш барлығында болады. Әсіресе, шет тілде сөйлегенде. Мұның бәрі қалыпты жағдай. Бастысы, қорқынышыңа қарсы жүру».

Онлайн тағылымдама кезінде тәжірибеден өтуші апта бойы белгілі бір көлемде жұмысқа уақыт бөлуі керек.

«Мысалы, Beats By Dre компаниясындағы тағылымдамада немен айналысқанымды айтайын. 18–24 жас аралығындағы жастардың үлкен құлақ-қаптарға қызығушылығын – алғашқы және қайталама зерттеулер арқылы анықтауға тырыстым. Апта сайын Зумда жоба менеджерлерімен кездесіп, қандай жетістікке жетіп жатқаным, қандай қиындыққа тап болғаным туралы талқыладық. Beats By Dre компаниясының өкілімен де кездесулер болды. Соңында зерттеуімнің қорытындысын жасап, компания алдында қорғадым. Атқарған еңбегім жоғары бағаланып, Outstanding Completion сертификатын алдым. Жаңа дағдылар үйрендім, тәжірибе жинап, ой-өрісім кеңейді. Тағылымдамада менімен бірге АҚШ-тың бірталай студенті болды. Олар Гарвард университетінен, Колумбия университетінен, Массачусетс технологиялық институтынан...

Менімен бірге тәжірибеден өткендердің арасында Ютубта 300 мыңға жуық жазылушысы бар америкалық инфлюенсерблогер болды. Оны алғаш Зумда өзіммен бір аудиторияда көріп аң-таң болдым».

Ақылы тағылымдамалар көп пе? Шетелдік компаниялар неге шетел азаматтарына тағылымдамадан өткені үшін ақша ұсынады? Әсел сұрағымызға өз тәжірибесінен жауап беруге тырысты.

«Иә, ақылы тағылымдамалар жетерлік. Мәселен... Paragon One компаниясының ақылы тағылымдамасын сөз етейін. National Geographic және The Nature Conservancy ұйымдарымен бірлескен мүмкіндігі бар. Биыл 12 ақпанда басталып кетті. Әдетте, жылына 2 рет жастарды ақылы тәжірибеге қабылдайды. Аптасына 10 сағат бөлу керек. 8 апталық тағалымдамаға 500 АҚШ долларын төлейді. «Бұл 8 аптаға аз» дейтіндер болуы мүмкін. Тағылымдама сізге білім береді, дағдыларды үйретеді, жобаңызға көмектеседі, жаңа адамдармен танысуға мүмкіндік береді. Онымен қоймай 500 доллар төлейді. Сізге беретін құндылық анағұрлым көп. Көпшілік ақысыз тағылымдамаға өтінім жібергісі келмейді. Себебі қаншалықты құнды ақпарат алатынын түсіне бермейді. Сондықтан берер кеңесім, ақысыз тағылымдамаларға, еріктілік жұмыстарға қатысыңыздар. Ақша бермейді, төлемейді деп айтпаңыздар. Болашақта сізге бұл одан он есе көп пайда әкеледі.

Тиктокта мүмкіндіктер туралы айтып жүрмін. Қазір бір студентім National Geographic және The Nature Conservancy ұйымдарынан тағылымдамадан өтіп жатыр. Бірі Business Development бағыты бойынша тағылымдамада жүр. Болашақта қазақстандық жастардың осындай халықаралық жобаларда, мүмкіндіктерде өкілдігі жоғарылағанын қалаймын. Әсіресе, қазақтілді жастардың тәжірибесі, көрер көкжиегі кең болса екен. Ауыл жастары осындай мүмкіндіктерден хабардар болып, өтінім жіберіп, өмір сапасын білімімен арттырса деген тілегім бар».

Әсел қазір бірнеше жұмыс істейді. Шетелдік компаниялармен қатар, еліміздегі «Еркіндік періштелері» қорында аудармашы-ерікті, ерікті SMM маманы. Аймақтану мамандығы бойынша білім алған ол 2020 жылдан бері ткен тағылымдамалардың нәтижесінде, аналитикалық дағдылар қалыптастырғанын айтты. Бизнес, стратегия, маркетиң сынды салаларда түрлі зерттеу әдісін де осы тәжірибе барысында меңгерген.

«Ірі компанияда аға амбассадор болуым табыс, тұлғалық өсу, білім деңгейімді арттырды. Жаңа америкалықтармен танысуға мүмкіндік алдым. Ойлап қарасаңыз, мен Қазақстанның батысындағы кішкентай ауылда, ал олар мұхиттың ар жағындағы Америкада тұрады».

Әсел қаладағы мүмкіндіктерге қарамастан, мансаптық өсу үшін қала тұрғыны болу маңызды емес дейді.

«Қазір еліміздегі ірі компаниялардың бірімен келіссөздер жүріп жатыр. Қалаға қызмет бойынша шақырту көп. Маған әзірге ауылда қалуым тиімдірек. Онлайн мүмкіндіктер есігі ашылғанда, ауылда да мансап құруға болады. Ауылда жүріп жинаған кейстерімен елімізде де, шетелде де жұмыс табуға болады».

– Әңгімеңізге рақмет!

P.S. Достар, бүгінгі әңгіме қайда болсын білімің мен іскерлік қабілетіңді арттыруға мүмкіндік болатынына әдемі мысал болды деп ойлаймыз.

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №8
20 ақпан 2024 жыл

1377 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор