• ҰЛАН
  • 19 Ақпан, 2024

Геодезист болғың келе ме?

Суреттегі көріністі көшеде көрген көп адам фотограф немесе оператор деп ойлап қалуы мүмкін. Ол ешқандай фотограф, оператор емес. Бұл – геодезист. Бұл мамандық туралы бұрын естідің бе? Естімесең, бүгіннен бастап білесің.

Геодезия – жер туралы ғылым. Ал жердің пішіні мен мөлшерін анықтайтын, оның бетін картаға түсіріп, жер құрылымының инженерлік жұмыстарын жобалайтын адам – геодезист. Қазір геодезист мамандарға сұраныс жоғары. Бірақ оқуға өз қалауымен түсетіндер аз. Геодезист не істейді, оның жалақысы қанша, оқуға неше балмен түсуге болады? Тап осы сұрақ қызықтырып отырғанын байқап отырмын. Ендеше, маманның өзінен жауап алайық. Жанар Кенесханқызы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде маркшейдерлік іс мамандығы бойынша білім алып, Д.Қонаев атындағы таукен ісі институтында инженер қызметін атқарған. Жезқазған кен орнын қазу бойынша ғылыми жұмыстың мүшесі. Ол геодезист мамандығын «өлшеуші» деген сөзбен сипаттады.

«Геодезист – өлшеу жұмыстарын істейтін адам. Геодезия геометрия пәнімен тығыз байланысты. Жергілікті жер бедерін, объектілерді өлшеп, үлкен дәлдікпен картаға түсіреді. Геодезиялық өлшемдер барлық құрылыста қажет. Сондықтан қай кезде болсын, бұл мамандарға сұраныс жоғары», – дейді.

Жаз кезінде камераға ұқсас құралмен жүретін адамдарды жиі байқаймын. Қаланың ішінен бұрын, ҚазҰУ қалашығында да тәжірибеден өтіп жүрген студенттерді көретінмін. Басында «не істеп жүр екен» деген ойда болдым. Кейін олардың болашақ геодезистер екенін білдім. Сәті түсіп тұрған соң, олар қолданатын құралжабдықтар туралы сұрадым.

«Геодезист бұрыштарды өлшеу үшін – теодолит, биіктік айырымын өлшеу үшін – нивелир құралын қолданады. Ал қазір электронды тахеометрлер мен серіктік навигациялық жүйелерді кеңінен қолданады. Лазерлер, сканерлер, жылу энергиясын есептеу аспаптары да маңызды». Камераға ұқсас оптикалық дүрбісі бар құрылғылардың атауы – тахеометр және нивелир екен.

Айтпақшы, геодезияның өзі бірнеше салаға бөлінеді. Топография, картография, жоғарғы геодезия, ғарыштық геодезия, теңіз геодезиясы, аэрофотогеодезия, инженерлік геодезия, жерасты геодезия деген түрлері бар. Естеріңде болса, үш апта бұрын Алматыда жер сілкінісі, бір апта бұрын лай көшкіні болды. Алматы сейсмикалық аймақ екенін ескере келе, ғимаратты қандай аумаққа салуға болмайтынын сұрап көрдім. Бірақ...

– Геодезистер топографиялық жұмыстарды істейді. Құрылыстың, объектінің осьтерін, биіктігін шығарып, есептеп береді. Ал қай жерде қандай ғимарат салу бойынша сәулетшілер айналысады. Сонымен қатар, құрылыстың геодезиясы бөлек болады. Ал апаттан сақтану үшін, әрине, бәрін есептеп, ескеруі керек. Геодезистің тағы бір міндеті – ғимарат салардың алдында топырақтың тығыздығын, қанша бөлігін су алатынын есептеу. Мысалы, 2022 жылы Зерделі ықшам ауданындағы 9 қабатты екі тұрғын үй жарамсыз деп танылған. Ал маңайда орналасқан тағы бірнеше баспананың іргетасы сыр беріп, қисая бастаған. Оның себебі мынада: топырақтың өзі жұмсақ болғандықтан, суды сіңірген кезде 9 қабатты көтере алмаған. Ал 4-5 қабатты үйлер өз қалпында тұр. Сондықтан бұл сұраққа геодезист жауап бермейді дегім келеді.

Лай көшкініне келетін болсақ, маманның пікірінше, таулы аймаққа үй салуға рұқсат беретін адамдардан қате кеткен. Оған «геодезистердің қатысы жоқ» деп қысқа қайырды. Бұл маман иелерінің бойында болуы керек қасиеттер туралы да сөз еттік.

«Біріншіден, жауапкершілік. Біздің мойнымызда басқа адамдардың өмірі тұр десем де болады. Бізден кеткен қате адам өліміне алып келуі мүмкін. Екіншіден, математикаға қабілеті болуы керек. Сонан кейін кеңістікте ойлау, елестете алу да маңызды», – дейді Жанар Кенесханқызы.

– Оқытушы ретінде, талапкерлер мен студенттердің бұл мамандық түріне қызығушылығы туралы не айтасыз? Болашақта сапалы мамандар жеткілікті бола ма?

– Шыны керек, көп оқушы мұндай мамандықтың бар екенін білмейді. Ал геодезияға кейбір студенттер аяқ астынан түседі. Жеке тәжірибеге сүйеніп айтар болсам, көбі қалап түспейді. Оның себебі бар. Біздің мамандыққа түсу үшін талапкерлер ҰБТ-да география пәнінен емтихан тапсырады. Ал география экономика саласына да керек. Сондықтан өзі қаламай түсетіндердің саны да көп. Десе де, барлық студент бірдей емес. Жақсы мамандар да міндетті түрде шығады деген үміттемін.

Геодезия саласында білім алу үшін талапкерлер «география+математика» комбинациясын таңдайды. Ал Қазақстанда 10 университет геодезияны оқытады. Бұл тізімге жоғарыда аталғандардан бөлек, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ кіреді. 2023 жылы В075 – Кадастр және жерге орналастыру білім беру бағдарламасына жалпы конкурс бойынша 803 грант бөлінген. Ал ең төменгі балл – 85. Ауыл квотасымен 105 талапкер грант иегері атанса, шекті балл 78 болған.

Жанар ханымнан геодезистердің жалақысын да сұрап көрдім. Бірақ кейінгі жылдары өндірісте қызмет етпеген соң, нақты айта алмады. Алайда, бәрі тәжірибеден, кішкентай баспалдақтардан басталатынын айтты. Мамандық саған ұнайтынын білу үшін студент кезден машықтану керек екенін атап өтті. Ал сұрағыма жауап табу үшін бос жұмыс орындарының вакансиясын жариялайтын hh.kz сайтына кірдім. Жас мамандардың жалақысы 200 мыңнан басталады. Тәжірибесі мол мамандарға 600-800 мыңға дейін төлей алатын жұмыс орындары, компаниялар бар екен.

Жас дос, бүгін геодезия саласы туралы жаңа ақпарат білдің деп ойлаймын. Тағы қандай мамандық туралы білгің келеді? Поштамызға немесе Инстаграм парақшамызға жазсаң болады.

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

«Ұлан» газеті, №8
20 ақпан 2024 жыл

1346 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор