- ҰЛАН
- 19 Ақпан, 2024
Ұлдар жаяу көкпар тартып, қыздар бес асық ойнады

Алматы қаласындағы №58 мектепте «Ұлттық ойындар – бабаларымыздан қалған асыл мұра» атты қалалық ұлттық ойындар сайысы өтті. Қалалық сайыс біз ойлағаннан да тартысты болды. Шаһардағы кіл мықты оқушылардан құралған командалар асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ және қалалық деңгейде тұңғыш рет жаяу көкпар ойынынан бақ сынасты. №58 мектеп ұжымы ұлттық ойындарды оқушыларға дәріптеуде, жаңа қырынан танып-білуге бар күшін салғанын аңғардық. Ойынды тамашалауға келген қонақтар мен қатысушылардың рухын көтеріп, жүрегіне патриоттық сезім ұялатып, ерекше концерттік нөмірлер де дайындаған. Әр номинация бойынша қатысушыларды әділ түрде бағалау үшін мектептің өзін-өзі басқару ұйымының ұлттық ойындарды кәсіби деңгейде меңгерген жастары бақылаушы болып, төрешінің қызметін атқарды. Оқушылардан құралған еріктілер тобы іс-шараның сапалы өтуіне атсалысып, жауапкершілік жүгін көтерді. Қалалық, республикалық деңгейде ұлттық ойындар турнирінен жүлделі орын алып жүрген білім ұясының оқушылары жанкүйерлер мен қонақтарға әр ұлттық ойынды жеке таныстырып, ойын ережесі мен ерекшелігін қоса айтып берді. Әсіресе жаяу көкпар ойыны бала түгілі ересектердің де қызығушылығын оятты. Жаяу ойнайтыны болмаса, ойын нағыз көкпар сияқты. Жаяу көкпарды тамашалау үшін алаңға барған едік. Алайда, қара күші тасыған жігіттердің сұрапыл айқасынан тіксініп, артқа шегіншектей беріппіз. Қауіпсіздік ережесін сақтау үшін ойынды алыстан бақылауды жөн көрдік. Үзіліс кезінде өзін-өзі басқару ұйымының мүшесі, 10 «Ә» сынып оқушысы Бағлан Оңғарды сөзге тартып, ойын жөнінде толыққанды ақпар алдық.
– Ойынды балалар екі топқа бөлініп, жаяу ойнайды. Серкенің орнына доп немесе топырақ толтырылған мата қапты пайдалануға болады. Бұл ойын балаларды шапшаңдыққа, еңбекқорлыққа, намысты қолдан бермей күш сынасуға тәрбиелейді. Жаяу көкпар баскетбол, волейбол сынды өзге де доптың көмегімен ойнайтын ойындарға қарағанда әлдеқайда күрделі. Көкпар ойынында серкенің салмағы шамамен 40 кг болса, жаяу көкпарда доптың салмағы 5 кг болады. Допты командалас ойыншыға әуеде лақтырып немесе жерде домалатып беруге болмайды. Ойыншылар бірбіріне жақындау арқылы ғана көмек бере алады. Көмбеге де допты лақтырып сала алмайсың, – дейді Бағлан.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Асқар Ахметрасулұлы жаяу көкпарды ұлттық ойындарды оқушыларға насихаттау мақсатында жеке оқыту бағдарламасына арнайы қосқан. Соның нәтижесінде Бағлан ойынды аптасына кем дегенде бір рет ойнап жүргенін айтты. Алмалы ауданының дене шынықтыру бірлестігінің әдіскері Асқар Ахметрасулұлы жаяу көкпардан бөлек, тоғызқұмалақты да алғаш рет қалалық байқау бағдарламасына қосып, ұлттық ойын түрлерін дәріптеуге мол септігін тигізген. Біз спорт маманымен де аз-кем тілдескен едік.
– №58 мектеп Алматы қаласындағы алғашқы қалалық байқаудың бағдарламасына тоғызқұмалақ ойынын да енгізген. Қалалық семинарлар, түрлі ұлттық ойынға қатысты турнирлер де алғаш біздің мектепте өткен. Бүгін қазақтың ұлттық ойындарына балама спорт түрлерін бағдарламаға қосып отырмыз. Оның ішінде оқушылардың жас ерекшілігіне қарай жаяу көкпар мен орамал тастау ойынын таңдап алдым. Әлбетте, алғашында оқушылар аздап қиналды. Қазір күн өткен сайын қызығып, техникасын меңгеріп, үйреніп жатыр. Бес асық, асық ату, тоғызқұмалақ болсын, кішігірім сайыстарға еніп, кейіннен республикалық турнирлер өтіп, бастамамыз жалғасын тапқан. Жақында тоғызқұмалақтан әлем біріншілігі өтті. Демек осы жетістіктерімізді талдай отыра, алда жаяу көкпар да қазақ күресі сынды жоғары дәрежеге жететініне сенімдімін, – дейді А.Ахметрасулұлы.
Дене шынықтыру пәні мұғалімінің ендігі мақсаты – жаяу көкпар ойынының ережесін жетілдіріп, кем-кетігін түзеп, жоғары спорттық сайыстардың бағдарламасына қосу. Тоғызқұмалақ үйірмесінің жаттықтырушысы Самат Асқарұлының да сайыс жөнінде пікіріне құлақ түрдік.
– Ойын жоғары деңгейде әрі өте тартысты өтті. Командалық есеп бойынша 1-орынды №58 мектеп жеңіп алды. 2-орынды №198 мектеп және 3-орынды №201 гимназия еншіледі. Әділжан Өміров, Диас Абдуқадиев, Нұрай Берікбол, Әйгерім Жарқынбек, Раяна Ерланқызы секілді қалалық байқаулардың жеңімпазы, бірнеше республикалық сайыстарға жолдама алған шәкірттеріміздің арқасында бұл жолы да топ жардық. Оқушыларымыздың қызығушылығы күн сайын артып келеді. Тоғызқұмалақ адамның логикалық ойлау, есте сақтау қабілетін дамытып, зейінін арттыра түседі, – дейді ҚР-ның тоғызқұмалақтан екі дүркін чемпионы.
Алматы қаласының тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Әлімжан Болатбекұлы да сайыстан ерекше әсер алғанын айтады.
– Ұлттық ойындар сайысының оқушылар үшін мән-маңызы өте жоғары. Ұлттық ойындардың өзге спорт түрінен еш кем емесіне тағы да бір дәлел бола алды деп санаймын. Қалалық білім басқармасы, министрлік тарапынан қолдау тауып, осындай игі бастамалардың ұлттық сипатта жалғасын тапқанын қалаймыз. Сондықтан да жақында Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық практикалық орталығымен бірлесіп, ұлттық спорт түрлерін насихаттауға күш салмақпыз, – дейді Ә.Болатбекұлы.
Ұлттық ойын өтіп жатқан әр алаңға бас сұғып, жаттықтырушылардың ұсыныс-пікірін тыңдаған едік. Кейінгі 5-6 жылда оқушылардың бес асық ойынына қызығушылығын арттырып, аянбай тер төгіп жүрген С.Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейдің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Роза Эрнстованы сайыс аяқталған соң әңгімеге тарттық. Ұстаздың сөзінше, бүгінде бес асық пен асық ату ойынын өткізу керемет дәстүрге айналған. Асық ату ойынын ұлдар ойнаса, қыздар арасында бес асықты ойнау дұрыс жолға қойылыпты. «Қыздардың шеберлігі артып келеді, ойынды жақсы меңгеріп қалған. Әлі де дамыта түсу керек. Бес асық нәзіктікті, қол ептілігін талап етеді. Асықты қолға алғанда тарсылдатпай-гүрсілдетпей, лақтырғанда, шиырғанда да майысып, әдемі ойнауға тырысу керек. Ойында бір отырған қалпыңды бұзбай, соңына дейін қозғалмай отырып ойнауың қажет. Екінші қолды ойынға қоспау керек», – дейді маман.
Бес асық ойыны, расымен де, еппен ойнауды қажет етеді екен. Ал қыздардың тымырайып ойнағаны, не болмаса эмоцияға беріліп қойғаны көрер көзге де тұрпайы көрінетінін түсіндік. №58 мектеп ұлттық ойынды жаңғыртып қоймай, өзге білім ордаларына да ғажап идея сыйлаған сыңайлы. Ұлттық ойындар сайысы бір күндік науқанға айналмай, жалғасын тапқанын біз де қалаймыз.
Айсұлу СЪЕЗХАН
«Ұлан» газеті, №8
20 ақпан 2024 жыл

811 рет
көрсетілді0
пікір