• ҰЛАН
  • 27 Қаңтар, 2024

Өзіңді күт

Кейбір сөздерді жиі естіп жүргесін мән бермейміз. «Мұрныңды ұстама, тісіңді шұқыма» десе, күле қараймыз. Кейбір аурулар осы селсоқ қараудан басталады екен. Қазір жұрттың бәрі таңертең ерте тұрып, жүру мен жүгірудің пайдасын айтады. Алайда, таңертеңгі ауа таза ма? Ауа таза болмаса, дене қимылыңа әсер етеді. Дене қимылдағанда энергия көбірек жұмсалады. Оттегі мен көміртегі жақсы алмасып, тыныс алу да артады. Ауадағы басқа да заттар тыныс алуға әсер етеді. Күкірт тотығы, көмір тотығы, азотты оттегі қосылыстары және шаң-тозаң тыныс мүшелеріне зиянын тигізеді. Ұсақ шаң өкпеге тез сіңеді.

Таңертең ерте тұрып, жаттығу жасағың келсе, ауасы таза, тұнық жерді таңда. Ауаның сапасы жыл мезгіліне қарай әртүрлі болады. Көктемнің соңында, жазда, күздің алғашқы айында күн ұзарып, температура жоғарылайды. Күзде, қыста, көктем басында түн ұзарып, температура төмендейді. Тұман түседі, күн шығып, нұрын шашқанға дейін ауа жақсы болмайды. Әсіресе, ауылда от жаққанда ауа қатты нашарлайды. Сол үшін күн суық болғанда от жақпай тұрып далаға шыққан жөн.

ТІСТІҢ АРАСЫНА НАН ҚИҚЫМЫ ТҰРСА...

Тамақ жегенде тістің арасына нан қиқымы тұрып қалса, алып тастаймыз. Оны әдетке айналдырмаған жөн. Тісті шұқи берсең тіс пен қызылиек зақымдалады. Тістің қатар тұруы тістің түбіндегі сүйектің бүтіндігін көрсетеді. Қызылиек етті қорғап тұрады. Ал тістің арасын жиі шұқыласаң, қызылиек босап, солып, тістің түбі ашылады. Тістің үсті жуан, түбі жіңішке. Қызылиек солғанда тіс арасының қуысы үлкейіп кетеді. Оған тамақ қалдықтары қыстырылған сайын тіс бұзылады. Тістің түбі босаса, тез түседі. Дақылдың топырағын босатса, тамырынан оңай алынады. Қызылиектің сыртқы кілегейлі қабығы жұқа, ішкі еті өте жұмсақ. Сол үшін тез зақымдалады. Бактерия түсіп, ісіп, асқынса, қан шығады. Тістің арасында тұрған тамақ қалдығын қалай аламыз? Ең абзалы – тісті шөткімен жуу. Бұлай тазалау таза әрі қауіпсіз.

МҰРНЫҢДЫ ҚАЛАММЕН ШҰҚЫМА

Мұрын – адамның тыныс алу мүшесі. Егер мұрынның қызметі бұзылса, иіс сезбей, тыныс тарылады. Сол үшін мұрын таза болсын. «Тазалаймын» деп шұқылай беруге де болмайды. Әсіресе, тырнақ, қалам сынды үшкір, қатты затпен шұқу қауіпті. Мұрынның кілегейлі қабығы зақымдалып, қан тамырлары тарылып, бактерия жұғуы мүмкін. Жиі шұқысаң, мұрынның кілегейлі қабығының сезімталдығы төмендеп, иіс сезу, сіңбіру қуаты әлсірейді. Тек дымқыл мақтамен сүртіп, тазалауға болады.

Сіңбіру де қауіпті. Сіңбірік мұрынның кілегейлі қабығынан бөлініп шығады. Ол – табиғи ауа сүзгіш. Тұмау тигенде мұрынның кілегейлі қабығы қабынып, сіңбірік көбейеді. Сондай-ақ мұрын бітсе, сіңбіруге болмайды. Кейде қатты қысып, күштеп сіңбіреді. Бұл дұрыс емес. Кеңсірік бас сүйек, құлақ қарынша иірімен жасырын тұтасып тұрады. Адам сіңбіргеннен кейін ауа жұтады. Егер мұрынды қысып ұстап алса қақпа жабылады, ауа сіңбірікті танаудан шығара алмай қосалқы қаңсарға кіргізеді. Егер ортаңғы құлақ қуысына кірсе, ортаңғы құлақ қабынады. Кейде мұрыннан қан ағады. Мұрын кілегейлі қабығы құрғамасын десек, ауа құрғақ, тер көп шыққанда суды көп ішу керек. Мұрын қуысына май жағуға болады. Тіс, мұрын қызметі бұзылмасын десек, темекі сынды зиянды заттардан аулақ болу керек.

ТАМАҚҚА ТОЙЫП ТҰРЫП МОНШАҒА ТҮССЕҢ...

Жуынудың пайдасы көп. Үнемі жуынып жүрсең, тері ұлпаларының коректенуі оңалып, дене температурасы теңесіп, адамның көңілі жадырап, денесі сергиді. Жуынудың да ғылыми әдісі бар. Көп адам моншаның ыстық болғанын жақсы көреді. Бір түссе, жарты сағаттан артық отырады. Оның соңы жақсы емес. Адам денесі жылы суға түскеннен кейін бойдағы қантамырлар кеңейіп, кан көп мөлшерде сыртқа тебеді де, ішкі мүшелер мен миға қан жетпегесін, өңі қуарып, басы айналып, көзі қарауытып, суық тер басуымен білінеді. Егер жүрегі ауыратын адамдар ыстықта ұзақ отырса, олардың дерті асқынады. Сол үшін ыстықта отыру он минуттан асып кетпесін.

Сол үшін жуынғанда өне бойын тегіс ысқылау керек. Тері таза әрі сыртқы дененің қан айналысы реттеледі. Бұлшықет пен сіңірдің серпімділігі мен жұмсақтығын арттыруға болады. Шүмектен су бүркілгенде ауада теріс ион пайда болады да адам денесінің зат алмасуын тездетеді. Монша жеткіншектердің денесінің өсуіне тиімді. Үлкен адамдардың ауруға қарсы қуатын күшейтеді. Шомылғанда сілтісі азырақ кір сабын пайдалану қажет. Кір сабын тері бетіндегі шығынды заттарды тазалап, теріге жабысып тұрған бактерияларды өлтіреді. Ашқарында немесе тамақ іше салып шомылудың пайдасы жоқ. Өйткені шомылғанда асқорыту жолдарының қаны дененің сыртына шоғырланады да, асқорыту жүйесінің қызметі әлсірейді. Судың температурасы лайықты болу керек. Ыстық сумен жуынғанда жүрегі ауырмаса да, өңі қашып, басы айналатын адамдар болады. Ол кезде сабыр сақтап, адамды жатқызып, демалдырса, жеткілікті.

ДӘРЕТКЕ УАҚЫТЫНДА БАР

Дәретке уақытында бару денсаулықтың дұрыс екенін білдіреді. Дәрет ішекте ұзақ тұрып қалса, су құрамы артынша тартылып, қатады. Дәрет қатса, адамның көңіл-күйі де, тамаққа тәбеті де болмайды. Қатты құмалақ тікішекті тітіркендіріп, қабынып, тікішек жарылады. Дәретке дұрыс шығу үшін уақытында дәретке отыруға әдеттену керек. Дәрет келгенде отырмаса, жиырылып, тоқішекке қайтады да, дәрет шығару сезімі жойылады. Дәрет келгенде отырмаса, осылай қайталана берсе, дәрет шығару сезімінен айырылып, дәрет қату пайда болады.

Дәретке уақытында бару үшін дұрыс тамақтану керек. Тамақ талғау, етті және құрамында ақуызы көп тағамдарды жегенде ішек жолындағы өт сұйықтығы көбірек бөлінеді. Сол үшін жемістер, жасыл шөптер жеу керек. Дәретке дұрыс отырмау көбіне артық қимыл жасамайтын адамдарда кездеседі. Бұлшық етпен көп жұмыс істеу керек. Өз еркімен іш жүргізетін дәрі ішсе, ауру жазылмайды. Керісінше, іш айдайтын дәрі ішектің кілегейлі қабығын тітіркендіріп, жиырылғыштық қуатын төмендетіп, дәреттің қатуын ауырлатады. Сондықтан іші жиі қататындар іш босататын дәріні беталды қолдануға болмайды. Алдымен себебін анықтау керек. Абзалы, таңертең ұйқыдан тұра сала бір-екі кесе жылы су ішу.

Дайындаған Г.ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №3
30 қаңтар 2024 жыл

1237 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор