• ҰЛАН
  • 27 Қаңтар, 2024

Қазақтың Коко Шанелі

Гүлжан ханым иіссуға бала кезінен әуес. Ал кәсіп бастауды «Болашақ» бағдарламасымен Нью-Йоркте оқып жүргенде ойластырыпты. 2020 жылы иіссу мекеніне айналған Францияның Грас қаласына барып, білім алады. Оқытушыларының айтуынша, Гүлжан ханым – иіссу дайындау бойынша әлемдік стандартқа сай білім алған алғашқы қазақ қызы.

«Бұл кәсіпті бастауға саналы жасымда ниеттендім. Бізде отандық иіссу шығаратын компания не зауыт жоқ. Бар болса да, негізі шетелде қаланған. Оның үстіне өнімдері маған ұнамады. Ал мен елімізді сипаттайтын дүние жасағым келді», – дейді қазақстандық Коко Шанель.

– Жаңа иіссу шығаруға қанша уақыт керек? Атауларының мағынасы нені білдіреді?

– Жаңа өнім дайындау үшін екі апта керек. Әр әтірдің формуласы, дайындалу жолы, құрамының мөлшері бар. Әрине, бәрі көңіл-күйім мен қалауыма байланысты. Мен Алматы қаласының тумасымын. Алматы апортының иісін жақсы білемін. Біздің мәдениетке жақын құндылығымыздың бірі. Жасаған затымыз халыққа жақын болса, оның сатылымы да көбейеді. Жақында «Махаббат», «От» иістері шықты. Атаудың барлығы қазақша болғанын қалаймын.

– Кәсіп ашудағы мақсатыңыз не?

– Ғылымға үлесімді қосып, қоғамға көмегім тигенін қалаймын. Шетелдік өнімді Қазақстанда да жасауға мүмкін екенін көрсеткім келеді. Қызық оқиға айтып берейін. Шын мәнінде жобаны бастау қиынға соқты. Біршама университеттің есігін қақтым. Ал оны іске асыруға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек көмектесті. Министрмен кездесу үшін алдын ала жазылдым, сенбі күні Астанаға бардым. Ол кісінің сенбі күні де жұмыс істейтініне таңғалдым. Маған 5 минут қана берілді. Өзімнің ғылыми институтта дамығым келетінін айттым. Жобаны қолдады, бірден Сәтбаев университетіне бар деді. Шынымды айтайын, ұсыныс көңілімнен шықпады. Себебі ол жерде ұзақ уақыт бұрын болған едім. Университет ректорымен кездескен соң, ойым өзгерді. Қазір жоғары оқу орындарында ғылым жақсы дамып жатыр. Оған өте қуаныштымын. Министрмен кездесіп, ректордың қолдауын аламын деп ойламадым. Сондықтан мүмкіндік үшін алғысым шексіз.

– Иіссуларыңыздың бағасы қандай?

– 30 мл – 35 000 теңге, ал 50 мл 45 000 теңге тұрады.

– Бұл арзан ба, қымбат па? Әлеуметтік желіде «бағасы қымбат» деп пікір білдіргендер бар екен.

– Мен барлық процесті өз қолыммен жасаймын. Иіссудың санын көбейтетін құрылғы әлі жоқ. Иістің формуласын жасаудан бастап, құтылардың қақпағын жапқанға дейін өзім дайындаймын. Екі ай бұрын жаныма көмекші алдым. Бірақ ол ұсақ-түйек шаруалармен айналысады. Құтыларға ерекше назар аударамын. Бәрі сапалы болғанын қалаймын. Мен ғана емес, процесті өз көзімен көрген жандардың бәрі баға қымбат емес, керісінше, арзан дейді. Тіпті құнын көтер деп айтатындар бар. Әтірден бөлек, үйге әдемі иіс және жайлылық сыйлайтын майшамдар, кез келген бөлмеге қоятын диффузорлар да шығарамын. Сатылым жақсы жүріп жатыр. Қазақстанның басқа қалаларынан дүкенімді ашсам деген ниетім бар.

– Әтірдің құрамы теріге зиян емес пе?

– Жоқ, құрамы барлық талапты сақтаған. Арнайы тексерістен өтіп, сертификат алады. Қазір әлемдік стандартқа сай сертификатты күтіп отырмын. Оны алған соң, әлемнің кез келген нүктесінде сатуға мүмкіндігім болады. Бұл сұрақ бойынша ешқандай күмән жоқ екеніне сенімдімін.

Қазір Гүлжан ханым туындыларын Gulzhan Parfum бренді деп таныстырып жүр. Болашақта «бұл Қазақстанның німі ғой» деп мақтана алатындай жағдайға жеткісі келеді. Тұтынушыға не керек, олар нені ұнатады деген сұрақтың төңірегінде жұмыс істейді екен.

Ділназ Шаймұратова

«Ұлан» газеті, №3
30 қаңтар 2024 жыл

1248 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор