• ҰЛАН
  • 27 Қаңтар, 2024

«Тағы айтшы, балам»...

Баланың дамуындағы әр кезең ата-ана үшін жаңалық. Мысалы, баланың былдырлағаны бәріне қызық. Оның айта алатын бір-екі сөзін «тағы айтшы» деп қайталатып мәз боламыз. Алайда, бүлдіршін сөйлеудің жаңа деңгейіне өтпей, шүлдірлеп жүре берсе, ата-анада мазасыздық туындайды. Кейде бала сөйлеуінің кешеуілдеуі өтпелі кезең емес, тіл дамуындағы қиындықтарды көрсететін белгі болуы мүмкін. Тіл – әлеуметтік әрекеттесу мен ақыл-ой дамуының негізгі элементі. Сондықтан да бала тілінің кеш шығуы, кейбір әріптерді айта алмауы, тұтығып сөйлеуі бей-жай қарайтын мәселе емес. Әлеуметтік желіден, жан-жағымыздан осы мәселені жиі байқап, бала сөйлеуінің дамуы туралы логопед-дефектолог Нұрлыайым ҚУАНҒАЛИҚЫЗЫМЕН сұқбаттасқан едік.

Нұрлыайымның логопедия саласында төрт жылдан астам тәжірибесі бар. Қазір Soileu Ortalygy логопедиялық түзете дамыту орталығының логопеддефектологы. Жұмысы туралы: «Дамуында қандай да бір тежелістері бар, сөйлеу тілі кешеуілдеген, ерекше білімді қажет ететін бүлдіршіндермен, жасөспірімдермен түзете отырып дамыту жұмыстарын жүргіземіз. Басты мақсатымыз – балалардың қалыпты дамуына үлес қосу», – дейді.

– Әңгімемізді баланың сөйлеу кезеңдерінен бастасақ. Бала тілі неше жасында шығып, ары қарай қалай дамуы керек?

– Баланың тілі шыққанда, алдымен дауысты дыбыстар пайда болады. Кейін «б», «п», «м» сияқты еріндік дыбыстарды дыбыстайды. 6-7 айында «та-та-ба», «ма-ма-ма» деп былдырлайды. 8-9 айдан аса бала ересектердің сөйлеу тіліне еліктеп, қысқа буындарды айтады: «ав-ав», «ням-ням», «бум-бум». Дәл осы кезде бүлдіршін «сөздер» дейтін сиқырлы әлемнің есігін ашады. Ал бір жасқа қарай бала сөздің өзіне реакциясын білдіріп, естіген затын тануы керек. Бір жасқа жеткен баланың сөздік қорында 15–20 сөз болуға тиіс. 2-2,5 жас аралығында екі сөзден құралған қысқа сөйлемдерді айта бастайды. Мысалы: су бер, аш, маған бер деген секілді. Қалыпты даму шарттарына сай 3 жаста баланың сөздік қоры белсенді түрде артып, 150–300-ден көп сөзі білуі керек.

– Баланы қандай жағдайда және неше жасында маманға көрсету керек?

– Туғаннан бастап баланы мамандардың толық тексерісінен өткізу маңызды. Невропатолог маман бала дамуының қалыпты жағдайын немесе кешеуілдеуін бірден анықтайды. Егер ата-ана баласының дамуынан қатарластарына қарағанда қандай да бір кешеуілдеу байқаса, бірден тексеріске апару керек. Қазір бала дамуы туралы білім алуға мүмкіндік көп. Бала тәрбиесі, оның қалыпты дамуы, бала денсаулығының жай-күйіне қатысты ата-ананың сауатты болғаны дұрыс. Тіпті, баланың еңбектеуі мен аунауының кеш болуы нәрестенің сөйлеуіне әсер етеді.

– Бала тілінің кеш шығуына қандай факторлар әсер етеді?

– Баланың тілі өздігінен дамитын үрдіс. Осы үрдісте кей балаларда тежелу болады. Тежелудің себептері екі негізгі факторға байланысты: сыртқы және ішкі. Ішкі факторға:

– Жүктілік және босану кезіндегі қиындықтар;

– Генетикалық аурулардың тұқым қуалауы;

– Баланың жалпы соматикалық аурулармен жиі ауруы. Ауруханада жиі жатуы да бала тілінің дамуына кедергі келтіреді; – Мидың зақымдалуы;

– Баланың көру, есту мүшелерінің бұзылуы, неврологиялық тежелулер жатады.

Сыртқы факторға:

– Нашар экология (нашар ауа, су, тамақ...);

– Қорқыныш, үнемі балаға ұрсу, ұру тұтығуға немесе сөйлеу дамуының тежелуіне әкеледі;

– Балаға аса жоғары талап қою немесе тым селқос қарау;

– Баланың электронды гаджеттерге, телефонға тәуелді болуы.

Мінекей, осындай факторлар баланың қалыпты дамуын кешеуілдетеді.

– 4-5 жастағы баланың түсініксіз сөйлеуі қалыпты ма? Бала түсініксіз сөйлеп жатқанда сөзін бөліп, дұрыс айтуды үйретуге бола ма?

– 4-5 жастағы баланың кей әріптерге тілі келмеуі қалыпты жағдай. 6 жаста бала барлық дыбысты толық шығарып, анық сөйлеуі керек. Дыбыс нормалары бойынша 6-7 жаста ең соңғы «Р» дыбысы шығады. Қалған дыбыстарды 5 жасқа дейін анық айтуы керек. Бала түсініксіз сөйлеген уақытта жай, байыппен түсіндіруге болады. Түсінбесе, қысым көрсетуге болмайды. Баланың психикалық көңіл-күйі бұзылып, комплекс қалыптасуы мүмкін. Сол себепті, бұзылыстың негізгі себебін анықтап, ары қарай тиімді жұмыс жүргізетін маманның кеңесін алған құп.

– Қоғамда сөйлеуі кешігіп жатқан балаға қарап, «Кейбір баланың тілі кеш шығады», «Бұл баланың әкесі кеш сөйлеген, ағасы да кеш сөйлеген» деген сияқты аргументтер айтылады. Кейде келісуге болатын сияқты. Расымен кеш сөйлесе де таза сөйлеп кететін балалар бар. Сонда логопедке асығудың қажеті жоқ па?

– «Геннен» деп немқұрайлы қарауға болмайды. Әр баланың дамуы әртүрлі. Бір бала сөйлеп кеткенмен, екінші баланың даму процесі әлдекімдікіндей болады деп, уақыт жоғалтып алмаңыздар. «Темірді қызған кезде соқ» деген бар. Баланың миы ақпаратты тез әрі жақсы қабылдайтын уақытта, шамамен 1,5 жастан бастап жұмыс жүргізу – дұрыс шешім.

– Немере інімнің тілі төрт жасында шықты. Сөйлемей жүрген кезінде, анасы «тіл үзбесін кеседі» деп, ұлын логопедке апаруға қорыққаны есімде. Айтпағым, осындай техникалар ата-анаға қорқынышты болып көрінеді. Логопед баланың тілін шығару, дұрыс сөйлету, тұтығуын қойдыру үшін басқа қандай техникалар қолданады?

– Біріншіден, барлық сөйлемей келген баланың тіл жүгеншесін кессе, сөйлеп кетеді деген – миф. Екіншіден, үзбесі өте қысқа болса ғана кесеміз. Ұзындығы орташа болса, массаж арқылы созуға болады. Тіл астындағы жүгеншесі қысқа болған жағдайда тіл алды дыбыстарын, яғни «л», «р» дыбыстарын айту кезінде ғана қиындық болады. Жалпы сөйлеу тілінің дамуына, сөздік қорына әсер етпейді. Логопед маманның сабағы ең алдымен диагностикадан басталады. Диагностика барысында баланың қазіргі даму деңгейін анықтап, әрі қарай жүргізетін жұмыстарды нақтылайды. Логопед сабақтары арнайы түзете отырып дамыту әдістері, ойындар, логопедиялық массаж, тейптеу техникасы, жаңа инновациялық әдістерден тұрады. Тілдің тонусы жақсы болу үшін арнайы арткуляциялық жаттығулар болады. Сол жаттығуларды жасап, ерін, тіл, жақ бұлшықетін жаттықтырып, тонусын қалыпқа келтіреміз. Айта кету керек, емдеудегі әдіс-тәсілдерді нақты мәселеге байланысты таңдап, жүйелейміз.

– Ата-ана логопедті қалай таңдауы керек?

Ол маманның дефектология саласында білімді болуы қаншалықты маңызды? – Ата-ана бала жағдайынан толық хабардар болуы керек. Нақты диагнозды анықтай алмағанмен, баланың жай-күйінен, мінезіндегі өзгерістерден, жүктілік кезіндегі оқыс жағдайлардан хабардар болып, салдары болуы мүмкін барлық ақпаратты білуге тиіс. Бәрін мамандарға жіті баяндайтын болса, логопед те диагнозды дұрыс қойып, алдағы жұмысын сәтті жоспарлайды. Қазір логопед маман көп. Маманға жүгінерде оның тәжірибесіне, жұмыс нәтижесіне, біліктілігіне, білімін қаншалықты жиі жетілдіретініне назар аударуға кеңес беремін. Егер маман өз саласындағы соңғы өзгерістерді білсе, соңғы технологиялармен жұмыс істей алса, білімін жетілдіріп, оны тәжірибеде қолдана білсе, алдына келген жанның мәселесінің шешімін оңай табады. Дефектолог пен логопед – түзету және дамыту саласының мамандары. Логопед – сөйлеу және коммуникация саласындағы бұзылумен жұмыс істейді. Оның жұмысы дислалия, дизартрия, сөйлеу дамуының кешігуі және сөйлеуге байланысты мәселелерге диагностика жасап, түзетуге бағытталған.

Дефектологтың жұмысы – психикалық, физикалық, коммуникативтік және әлеуметтік мәселелерді шешу. Ол әртүрлі шектеуі бар адамдарды оңалтумен және қоғамдық өмірге бейімдеумен айналысады. Ата-ана баладағы мәселенің төркінін білсе, қандай маманға жүгінетінін де шамалай алады.

– Тамақтану мен сөйлеудің байланысы бар ма?

– Әрине, тамақтың да жақтың дұрыс дамуына әсері бар. Үнемі езілген тамақ берер болсақ, баланың жақ бұлшықеті бос, жұмсақ болады. Баланың емуге әбден жаттыққан ауыз қуысы бұлшықеті тамақтануға ауысқанда аздап әлсірейді. Ал бұлшықет сөйлеуге тікелей әсер ететіндіктен, оны жаттықтырып тұру қажет. Бұл ретте сүйек мүжу не құрт жеу, тіске зиян келтірмейтін өзге де кепкен жеміс-жидектерді жеу, қатты тамақты шайнау өте пайдалы.

– Кейбір балаларда кекештену болады. Бұл бала қорқып қалғаннан болатын нәрсе ме, әлде тілдік бұзылыстың салдары ма?

– Әдетте тұтығу 2 мен 5 жас аралығында пайда болады. Тұтығудың басты себебінің бірі – қорқыныш. Үрейге күн күркіреуі, кенет естілген автомобиль сигналы, иттің үргені, өрт тұтануы, ұрыс-жанжал себеп болуы мүмкін. Баланың жүйке жүйесі неғұрлым әлсіз болған сайын, оқыстан болған жағдайлардың барлығы тұтығудың пайда болу ықтималдығын күшейтеді. Тұтығуға тағы бір себеп – тіл дамуының кешеуілдеуі. Ойлау қабілеті мен сөйлеу мүмкіндігінің нашарлауы тұтығуға әкеп соғады. Бала психикасының зардап шегуі, отбасында, балабақшада немесе мектепте болған буллинг, баланың көзінше жанжал шығару, төбелесу де көп жағдайда тұтығуға себеп.

– Тек балалар ғана емес, жасөспірімдер, ересектер арасында да «ң»-ды айта алмайтындар бар. Үлкендер логопед маманға жүгіне отырып, «ң» дыбысын қоя ала ма?

– Қазақ тіліне тән дыбыстардың ішінде көбіне «ң» дыбысын «н» дыбысымен шатастыру жиі кездеседі. Мысалы: оң-он, қоңырауқонырау, т.б. Мұндай алмастыру тек ауызекі сөйлеуде ғана емес, жазуда да жиі байқалады. Артикуляциялық аппараттың қалпын дұрыстап үйрете алсақ болғаны. Қай жаста болсын барлық дыбысты қоя аламыз. Дыбыс қоюдың аса қиындығы жоқ. «Ң» дыбысының өзінің айтылу ерекшелігі бойынша қайталап, машықтанған жағдайда аз уақыттың ішінде қатесіз айтуды меңгеруге болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №3
30 қаңтар 2024 жыл

1206 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор