- ҰЛАН
- 27 Қараша, 2023
Үндемей қалма...
Зорлық-зомбылық дегеніміз – адамға физикалық және психи-калық тұрғыдан зиян келтіру. Зорлықзомбылық әрекеттері адамның денсаулығына қауіп төндіріп, оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді.Менің ойымша, қазіргі заманда балалар арасында зорлық-зомбылық мәселесі кең етек алды. Осындай жағдай қаншама баланың өз-өзіне қол жұмсауына, психикасының бұзылуына, қоғаммен байланысының үзілуіне әкеліп жатыр. Бұл мәселенің түпкі тамыры қайда жатыр? Өмірге ешкім қатыгез, жаман адам болып келмейтіні хақ. Бірақ, ата-ананың балаға дұрыс тәлім-тәрбие бермеуі, балаға кішкентайынан зорлықзомбылық көрсету мен баланың жүрген ортасына жіті назар аудармаудың кесірінен түрлі мәселе туындайды.
Қазақ халқы «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаса керек. Зорлық-зомбылық әрекеттеріне баратын балалардың басым көпшілігі қатыгез, ашкөз, қара басының қамын ойлайтын өзімшіл, мейірімсіз болып келеді. Неге? Білесіздер ме, кейбір жағдайда ата-ананың өмірге деген көзқарасының дұрыс болмауынан және баласын ұрып-соғып, зәбір көрсетуінен де қатыгез, мейірімсіз ұрпақ өсіп-жетіледі. Ата-ананың тәтті мейірімін, жылы алақанын, ыстық құшағын, терең махаб-батын көрудің орнына, тек зәбір көріп өскен бала болашақта қандай болмақ? Әрбір ата-ана баласына ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйретіп, онымен жиі әңгімелесіп, бірге қызықты уақыт өткізіп, баласының араласатын достарының қандай екенін зерттей білуі қажет.
Жүсіпбек Аймауытов атамыздың 1918 жылы «Абай» журналына жазған мақаласында былай делінген: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе – өскен орта, атаананың тәрбиесі. Соңғысы күшті болмаса, бара-бара адамды замандас, жолдастың азғырып не түрлі жаман мінезді жұқтыратыны белгілі». Балаға берілген тәрбие мықты болса, өскелең ұрпағымыздың да мықты болатынына күмәнім жоқ.
Зорлық-зомбылыққа бару себебі әртүрлі. Дегенмен, барлығының түптамыры тәрбиеге келіп тіреледі. Зорлық-зомбылықсыз әлемді құрудың негізгі бес жолы бар:
Біріншісі – ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту.
Екіншісі – әлеуметтік желілердегі зорлық-зомбылыққа итермелейтін ойындар мен шығарылымдардың көрсетілуіне шектеу қою.
Үшіншісі – айына бір рет әрбір отбасы білікті психолог мамандардың сабағына қатысу.
Төртіншісі – зорлықзомбылық көрсетілуі мүмкін мекемелерде арнайы дәрістерді жиі өткізу.
Бесінші – баланың бос уақытының тиімді өтуіне жағдай жасау.
Мұқағали Мақатаевтың күнделігіндегі: «Сүйікті балаларым менің! Ақылсыз болмаңдар! Өмір тола қауіп, абай болыңдар! Өмірдің әрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар! Жөні жоқ мейірбан, жұмсақ болмаңдар. Өмір барда жауыздық та бар. Мейірбандықпен, жұмсақтықпен жауыздықты жеңуге болмайды. Бір сөзбен айтқанда, сүйе де, жек көре де біліңдер, бірақ әрқашан адам қалыптарыңда қалыңдар! Әрдайым сақ болып, әрдайым өздеріңді бағалай біліңдер!» – деген сөздерін қаперлеріңде жақсы сақтаңдар!
Замандастарыма айтарым, ешкімге зорлық көрсетпей, дұрыс жолмен жүріңдер. Өйткені, сенің көрсеткен зорлық әрекеттерің жәбірленушінің бүкіл өмірінің астаң-кестеңін шығарып, оның өз өмірімен мәңгілікке қоштасуына әкеліп, ешқашан жазылмас жара қалдыруы әбден мүмкін. Бір ғана ойланбай жасаған әрекетіңнің нәтижесінде өзіңнің ғана емес, өзгелердің де өмірін құртып, ауыр күнәға батасың. Мұндай қылмыс пен күнәдан бойыңды аулақ ұста! Егер достарыңнан немесе ата-анаңнан, жақындарыңнан, мұғалімдеріңнен зорлықзомбылық көріп жүрген болсаң, үндемей қалушы болма! Осындай жағдайға тап болсаң, құқық қорғау органдарына хабар бер немесе өзге адамдардың көмегіне жүгін. Тек үндемей қалма! Біз сені қашанда қолдауға дайынбыз. Сен бізге қажетсің! Қане, досым, зорлық-зомбылықпен бірге күресейік!
ЗОРЛЫҚ НЕМЕСЕ ҚЫСЫМ КӨРГЕН ЖАҒДАЙДА СЕНІМ ТЕЛЕФОНЫНА – 150 НӨМІРІНЕ ТЕЛЕФОН СОҒУҒА БОЛАДЫ. МҰНДА ТӘУЛІК БОЙЫ ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ОРЫС ТІЛДЕРІНДЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ.
Диана АҒЗАМОВА,
11-сынып оқушысы
Семей қаласы
«Ұлан» газеті, №48
28 қараша 2023 жыл
1097 рет
көрсетілді0
пікір