- ҰЛАН
- 28 Қараша, 2023
Елдар ашық суда жүзуден чемпион

Елдар Шекербек досы Ислам Гаджиевпен бірге БАƏ-дегі Парсы шығанағы акваториясында өткен халықаралық жарыста 10 шақырым қашықтықта жүзіп, бір күміс жəне екі қола медаль жеңіп алды. Жарысқа əлемнің 28 елінен үш мыңнан астам спортшы қатысыпты. Елдар 3500 метр қашықтықта oceanteams man ерлер арасындағы эстафетада күміс алса, 20–29 жас арасында profi санатында 10 шақырым қашықтықта ашық суда жүзуден қола жүлдеге ие болды. Ең бастысы, əлем чемпионатына жолдама алды. Чемпионат желтоқсан айында Таиландтағы ашық су айдындарында, Пхукет аралында кəсіби жүзушілер арасында өтеді.
«Жүзуді 11 жасымнан бастадым. Су деген ерекше əлем ғой. Кейін триатлонмен кəсіби түрде айналыстым. Қазір ашық суда жүземін. Жаттықтырушым Лина Александровна жүзуді үйретті. Қазіргі жаттықтырушым – Руслан Дакибаев. Көптеген республикалық жарысқа, сондай-ақ халықаралық жарыстарға қатыстым. Еуропа кубогы, Азия чемпионаты да сол қатарда», – дейді чемпион.
Украинаның Днепр қаласында триатлоннан жасөспірімдер арасында Еуропа кубогының Dnipro Triathlon Fest 2021 жарысы өтеді. Беделді жарысқа Almaty Triathlon Federation құрамасының спортшылары алғаш рет қатысады. Елдармен бірге Егор Крупяков, Ислам Гаджиев, Данил Породнов бар. Жасөспірімдер арасындағы жарыс Sprint арақашықтығында өтеді. Жүзу – 750 метр, велокезең – 20 шақырым, жүгіру – 5 шақырым. Венгрия, Латвия, Польша, Түркия жəне Украина спортшылары қатысады. Елдар Еуропаның үздік 20 юниоры қатарына он төртінші болып кіреді.
«Ашық суда жүзудің бассейнде жүзуден ерекшелігі жəне өзіндік ережесі бар. Судың температурасы 18-19 градустан төмен болмайды. Ауа температурасы – 20-25 градус. Тынық ауа райы жəне ашық аспан. Ашық суда осындай тылсым табиғат кездеседі. Эстафетада командамызбен 3-орын алдық. Бұл қарапайым жарыс емес. Старт 15:00-де басталып, үлкен толқын көтерілді. Команда бұған дайын болмады. Бəсекелестер де күшті болды. Ауа райын ескере отырып, алтын үшін күрестік.
Ашық суда жүзу – олимпиадалық спорт түрі. Кəсіби жүзумен айналысқанда, əрине, оған жетудің барлық мүмкіндігі бар. Дубайдағы старт өзінше маңызды болды. Өйткені, 10 шақырымға алғаш рет жүздім. 2 сағат 34 минутта жүріп өттім. Бірінші ретке жаман емес, əрі қарай жұмыс істеу керек. 30 градустық жылы əрі өте тұзды су кедергі келтірді. Десе де, жарыс жақсы өтті. Сан түрлі балық, медузалар көрдім. Дайындығы мықты спортшы болса да жарыс өте қиын. Жаттықтырушының бақылауымен дұрыс дайындау керек», – дейді Елдар.
Елдар Астананың 25 жылдығына орай Қапшағай су қоймасында өткен халықаралық Oceanman Kazakhstan – 2023 ашық суда жүзу жарысында жеңімпаз болған. Əлемнің 20 елінен 7 жастан 70 жасқа дейінгі жəне одан жоғары сегіз санаттағы жүзуші спортшылар қатысқан. Елдармен Италия, АҚШ, Қатар, Испания, Германиядан келген көптеген спортшы таныс. Былтыр Азия чемпионы атанғанда қарсыластар танып қалған. Əлемнің 36 елінен келген 1200 спортшының ішінен 1 сағат 10 минутта ашық теңізде бес шақырым жүзіп өткен.
Г.ЗЕЙНУЛЛИНА
«Ұлан» газеті, №48
28 қараша 2023 жыл

1113 рет
көрсетілді0
пікір