• ҰЛАН
  • 26 Қараша, 2023

Гендерлік идентификация неге бәрінде бірдей емес?

Гендерлік көрініс дегеніміз – әйелдер мен ерлердің өзін ұстауы, киінуі, жүріс-тұрысы, т.б. Ал гендерлік идентификация – олардың биологиялық емес, әлеуметтік рөлі. Қарапайым тілмен айтсақ, гендерлік идентификация – адамның қыз мінезді немесе ер мінезді болуы. Қазір мақсатшыл, батыл, салмақты қыздардың жігіттерге қарағанда басым екені байқалады. Отбасының, бауырларының жауапкершілігін мойнына алған қыздар да аз емес. Бәлкім, ондай жігіттер де көп шығар. Мүмкін олар ішінде не болып жатқанын, не істеп жүргенін білдірмейтін болар. Сәті түсіп, психологтан ер мен қыз мінезінің қалыптасуы, ондағы өзгерістер туралы сұрақтарға жауап алдық. Зарина Елбаева – отбасы және бала психологы, PhD доктор, профессор:

– Гендерлік идентификация, оның шатасуы, мінездің қалыптасуы – ХХІ ғасырдағы адамзаттың тұлғалық дамуындағы өте маңызды тақырып. Гендерлік идентификацияны гендерлік психология, адамның гендерлік дамуы, биология және физиология ғылымдары да зерттейді. Ал біз қазір бұл тақырыпты тек психологиялық тұрғыдан талдаймыз. Қыздардың ер мінезді болуы, нәзік бола алмауы, ал жігіттердің керісінше қыз мінезді болуы қыз-жігіттердің бәріне бірдей қатысты емес екенін ескерген жөн. Демек, біз бүкіл адамзат туралы емес, белгілі бір топ жайында сөз қозғаймыз.

Жалпы, ХХІ ғасыр несімен ерекшеленді? Технологияның дамуы, ақпараттың көптігі адамның өз потенциалын мейлінше көп қолдануына, өзіне қажетті кейіпте болуына, өзінөзі түсінуіне жағдай жасады. Қорғаныс механизмі тұрғысында балалар ұлға немесе қызға ұқсайтын іс-әрекеттер істеп, сондай кейіп танытады. Неге? Біріншіден, модель. Бала белгілі бір қалыпты үлгі ретінде көре алмайды. Сондықтан өзі көрген қалыпты қолданады. Қазір жалғызбасты аналар немесе жалғызбасты әкелер көп. Сәйкесінше, мұнда тек ананың моделі яки әкенің моделі бар да, екінші қалып жоқ. Бала белгілі бір жасынан бастап, бір-ақ үлгіні көреді. Оны бейсаналы деңгейде қабылдайды және есейгенде соны бейсаналы түрде трансляциялайды.

Мысал ретінде анасы жалғызбасты қыз баланы алайық. Әрине, бұл жағдайда ананың материалдық міндеттері моральдық міндеттерінен жоғары тұрады. Сәйкесінше қыз бала жауапкершіліктің бәрін өз мойнына алған әйел моделін көреді. Қыз бала бұдан қашса да, осы үлгіні ұстану ықтималдығы өте жоғары. Себебі «осындай болса ғана жетемін, жеткіземін» деген ой бейсаналы деңгейде орнығып алады. Екінші мысалда жалғызбасты ананың ұлын қарастырайық. Бұл жағдай күрделірек. Психолог ғалым Фрейд теориясына сәйкес, балада үш жастан бастап анасына деген ерекше сүйіспеншілік артады. Анасын құшақтап, айналсо қтап қасынан кетпей, анасымен физикалық байланысқа талпынады. Ал қыздарда мұндай талпыныс әкесіне болады. Осы тұста әкенің немесе ананың болмауы баланың өзіндік идентификациясына кері әсер етеді. Ана ұлының сезімталдығын, жабысуын, еркелігін көрген кезде «не болды, бұл дұрыс емес, есейгенде осындай болып қалмаса екен» деп, жайсыздық сезінеді. Өйткені көпшілікте «ұл кішкентайынан ер мінезді болу керек» деген қате түсінік қалыптасқан. Осылайша, ұл бала әйел адамнан, яғни анасынан өзіне қажетті махаббатты ала алмайды. Алғашқы махаббатында осындай салқындық болғаннан кейін, есейе келе жылулықты, қолдауды жігіттерден іздейді. Бұл жағдай толыққанды отбасында да болады. Кейбір отбасыларда ана мен әке рөлі ауысып кетеді. Байқасаңыз, идентификация осы жастың өзінде өзгеріске ұшырайды. Ал ержетіп, бойжеткен шақта адамның іс-әрекеті сол балалық шақпен тікелей байланыста болады.

Психолог ғалым Эльконин баланың даму кезеңдерін зерттеген. Ол еңбегінде: «Үш жастан алты жасқа дейін бастама көтерген баланы қолдау керек. Қолдау көрген бала бастамашыл болады да, қолдамасаңыз тұйық болып өседі», – дейді. Байқасаңыздар, кішкентай балалар «мен өзім» дейді. «Үйшікті өзім құрастырамын, мәшинені өзім айдаймын, өзім, өзім». Осы жерде тағы да ата-ана, тәрбиеші, мұғалімдердің әсері болады: «Сен қызсың ғой, саған мәшинемен емес, қуыршақпен ойнау керек». Баланың «мен осымен ойнағым келеді» деген ниеті басылды да, миға өзге нәрсемен айналысу керектігі туралы белгі берілді. Осындай басу, сыртқы әсер адамның өзін түсінбеуіне әкеледі. Адам өзін түсінбегеннен бастап, мейлі неше жаста болса да, «қолайлы» адамға айнала бастайды. Мысалы, «сен қызсың ғой, қуыршақпен ойна» дегенді естіп, өз бастамасы жүзеге аспаған қыз өскенде біліп тұрса да, қалауын істемейді. Өйткені менің қалауым анаған, мынаған ұнамайды деген ой тұрады. Қыз бала нәзік, сыпайы, сүйкімді, ерке болуы керек, мен сондай қыз болуым керек деп үнемі тырысады, күрес үстінде болады. Ал үздіксіз тырысу күйзеліске әкеледі. Күйзелісте жүрген адам қайдан жайлы, жайсаң болады? Ондай адам көп нәрсені бақылауда ұстағысы келеді, ұсақ-түйекке бас қатырады. Бірақ не үшін екенін түсінбейді.

Қыз баланың ер мінезді болуы немесе ұлдардың қыз мінезді болуының үш себебі бар. Біріншісі – балалық шағында тұтастық болмауы, екі модель түгел болмай, отбасындағы үлгіні өзіне көшіруі. Екіншісі – бала үшін маңызды адамдардың балаға белгілі бір портреттерді, образдарды міндеттеуі. «Қазіргі кезде мықты болу керек, қоғам мынадай адамды бағалайды» деген сынды таптаурын түсініктер мен ұстанымдарды баланың санасына орнату. Мұндай орныққан ойлар баланың болашағына, іс-әрекетіне, таңдауына әсер етпей қоймайды. Үшінші себеп – адамның жүйке жүйесі мен ми нейрондарының жұмысы. Бұл балалық шақта не болғанына қарамастан, анасының немесе әкесінің моделін өзіне көшірместен, өз кейпін, мінезін реттей алатын, реттей алған қыздар мен жігіттер туралы.

– Ал ­зінің болмысына к­ңілі толмайтын жас­спірімдер не істеуі керек? Психологқа жүгінуден басқа амал бар ма?

– Мысалмен түсіндірейін. Қыз бала болса, өзін дөрекі, қопал деп санаса, алдымен «дөрекілік деген не?» деген сұраққа жауап іздесін. Дөрекілік – бетке айту, дұрыс жауап бермеу, қағып өту, айғайлап сөйлеу делік. Келесі сұрақтар: Бетке айту дөрекілік пе? Мен қағып өтемін бе? Мынау мен туралы ма? Жауап «иә» немесе «жоқ» болуы керек. Жеткіншек ой тоқтатып, ой елегінен өткізу арқылы өзі проблема санап жүрген мәселелерге талдау жасай алады. Негізі 14-15 жыл бойы қалыптасқан ұстанымдарды өзгерту аз уақыт алмайды.

– К­өп нәрсе балалық шақта жатыр дедік. Алайда, кім болса да мәселені балалық шақтан іздейді деп ойламаймын. Тіпті бұл ойға да келмейді. Әрі шүкірлік деген бар.

– Психологияда шүкірлік маңызды. «Ата-анам болды, шүкір» дегеннің артында «Мүмкін ата-анам маған ең жақсыны бермеген шығар, бірақ қолынан келгенін істеді» деген саналы ой жатса, тіпті тамаша! Мұндай шүкірлігі бар жеткіншек бейсаналы қалыптасқан ұстанымдарын жібере алады.

– Әңгімеңізге рақмет!

P.S. Бүгінгі әңгіме біреуге болмаса біреуге ө­з мінезінің, ұстанымдарының қайдан пайда болғанына ой жүгіртуге, анализ жасауға түрткі болар деген сенімдеміз. Атааналар да түртіп алатын ақпарат бар.

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №48
28 қараша 2023 жыл

1298 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор