- ҰЛАН
- 19 Қараша, 2023
Ескі де болса ерекше үй

Кейінгі жылдары Алматыда неше түрлі зәулім үйлер мен биік ғимараттар бой көтерді. Тұрғын үй кешендерінің заманауи стильдегі подъездері көз тартады. Ал Алматының төменгі бөлігі кеңестік кезеңнен қалған үйлерге бай. Олардың эстетикалық көрінісі қандай? «Айнабұлақ» ықшамауданында ерекше дизайнмен жасалған подъезд бар екен. Біз осы үйдің тұрғындарымен сұқбаттасқан едік. Оксана Прошкина – 135-үйдегі 1-подъезд тұрғыны, көршілерін алға тартып жүрген жан. Иә, суреттегі көз тартарлық подъезд – осы кісінің еңбегі.
– Қазір тұрғындар өз қолымен әсемдеген үйлер жоқтың қасы десек те болады. Идея қайдан келді?
– Барлық адам әдемілік пен сұлулықты көруге тырысады. Сол үшін де қала орталығына құмар немесе шет елге шығады. Ал мен сұлулықта өмір сүргім келеді. Осы бағытта жұмыс істеп жүргенімізге 15 жыл болды. Бес жыл сайын жөндеу жүргіземіз. Апта сайын ауланы сыпырып, ішкі тазалықты сақтаймыз. Подъездің сұлулығы мезгілге қарамайды, әрқашан жинап жүреміз. Тек сыртқы сұлулыққа емес, жертөленің жағдайы мен ішкі тазалығына да назар аудардық, құбырларды ауыстырдық. 35 жыл бұрын осы үйге көшіп келдік. Ол кезде әлі бала едім. Мен бұл ауданның өмірге келуін және қалыптасуын өз көзіммен көрдім. Ауданды әсемдеу ата-анамнан қалған өнер деп айта аламын. Біздің бақытты балалық шағымыз осы жерде өтті. Ойнап жүріп, сенбіліктерге шығатынбыз. Кішкентай болсақ та, ата-анамызға көмектестік, – дейді Оксана ханым бұл үйдің қысқаша тарихын баяндай отырып.
– Подъезді көре сала, сіздердің ұйымшылдықтарыңызға тәнті болдық. Көршілеріңізді жинау қиын емес пе? Адамның бәрі бірдей емес дегендей... Балалар мен жасөспірімдер ше?
– Шын мәнінде құлшыныс білдіретін адамдар жоқ. Әркім өз ісімен айналысады. Мен ұйымдастыратын сенбілікке екі-үш адам шықса, соның өзіне қуанамын. Қазіргінің балалары табиғатқа қамқорлық көрсетпейді, біздің кездегідей үйдің ауласын көркейтуге атсалыспайды. Десе де, ештеңені қиратпайтыны, тиіспейтіні жақсы. Бұл да өте маңызды. «Сендердің подъездеріңде пәтер жалдап тұратындар жоқ шығар» дейтіндер көп. Бізде де ондай адамдар бар. Айтпақшы, мынадай қызықты оқиға болған еді: бір көршіміз пәтерін сатқан кезде үйін ғана емес, подъездің суреттерін де қойған екен. Үйі дереу сатылып кетті. Жалдаушылардың біздің үйде тұруға ықыласы да осы подъезден басталады.
– Көршілеріңіздің ұйымшылдығы төмен дедіңіз. Бәрі бір өзіңізге қиынға түспей ме?
– Бұрын бәрін өзім істейтінмін. Бірде бір әйел: «Неге барлығын өзің істейсің? Басқаларға да айтпайсың ба?» – деді. Сөйтіп жөндеу жұмысына ақша жинап, адамдарды ұйымдастыра бастадым. Мысалы, әр қабатта жарық бар. Шам күйіп кетсе, неге бір адам ғана айырбастауы керек? Кезеккезек ауыстырайық деген ой айттым. Осы кезде көршілерімде жауапкершілік сезімі оянды. Өз ақшасына алғандықтан, шамға ұқыпты қарайтын болды. Бәрін түсіндірсең, олар келіседі, тек нақты жұмысты атқарғысы келмейді.
Өз үйіңді ғана емес, тұрып жатқан ауданыңды, елің мен жеріңді жақсы көру қажет. Біз барымызды бағаламаймыз. Егер кез келген дүниені өзің үшін істейтін болсаң, одан ләззат аласың. Менің ойымша, әрбір адам қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен, мейірім көзімен қарауы керек. Өзгелер біздің подъезге қарап, осындай жағдайда тұрғысы келеді. Тек бастау керек. Бастап қана қоймай, тоқтап қалмаған жөн.
– Қазақстандағы жүйе бойынша, бұрын тұрғын үйлер пәтер иелері кооперативіне қарайтын. Жөндеу жұмыстары кезінде КСК-ның атқарған жұмысын қалай бағалайсыз? Керекті жабдықтарды алуға ақша білінді ме?
– Жоқ, біз қанша жыл кооперативпен келісе алмадық. Ақша төлейміз, бірақ нәтиже жоқ. Бірнеше жылдық қорытындыдан кейін барлығын өзіміз жасауымыз керек деген ойға келдім. Әрбір пәтерге кіріп, жөндеу жасайықшы деп өтіндім. Көбі қарсы болды, КСК жасасын деп шыққандар да бар. Алғашқы жөндеу 15 жыл бұрын болды. Содан кейін әр бес жыл сайын жаңартып отырдық және адамдарға ол ұнай бастады. Сөйтіп, есік-терезелерді өз бастамамызбен ауыстырдық. Соңғы жөндеу үш жыл бұрын болды. Ол кезде адам жалдадық. Бірақ өзім жанында жүріп, бәрін қадағаладым. Қазір КСК емес, меншік иелері бірлестігіне көшкен соң, жағдайымыз жақсарды.
– Подъездің дизайны кімнің жұмысы? Әлде ортақ шешім бе? Ілінген картиналар мен гүлдердің мағынасы қандай?
– 20 пәтер болса, 20 түрлі ой болады. Сондықтан барлығын өзім құрастыруға тырыстым. Бірақ мен ұстанған ұстаным – эстетика, тазалық және ұқыптылық. Дәл осы суреттерді ілудің аса бір мағынасы жоқ. Кейбірін сатып алсақ, енді бірі осы үй тұрғындарының авторлық жұмысы. Көпшілікке қалай танылғанымызды білмеймін. Жұмыста отырсам, барлығы әлеуметтік желідегі посттарды жібере бастады. Тіпті, менің анам мен туыстарыма да хабарласқандар бар екен. Біз үшін күтпеген жағдай болды.
– Сұқбат бергеніңізге рақмет! Бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!
P.S. Адам баласы бәріне өз күшімен жете алады. Тек қалау мен қажырлы еңбек қажет. Бүгінгі кейіпкерімізден өз үйіне, Отанына деген махаббатты байқадық. Еліміздің әрбір адамы тұрып жатқан жеріне осылай қараса, экологиялық жағдайымыз да едәуір жақсаратын еді.
Дильназ ШАЙМҰРАТОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2-курс студенті,
«Ұланның» жас тілшісі
«Ұлан» газеті, №47
21 қараша 2023 жыл

1285 рет
көрсетілді0
пікір