• Сенің замандасың
  • 19 Қараша, 2023

16 жасында кофехана ашқан Шыңғыс

Шыңғыс Қуанбай Ақтау қаласында дүниеге келген. Жас кәсіпкер. Небәрі 16 жасында Tanomochi деп аталатын жеке кофеханасын ашқан. Бизнес саласында үш айдың ішінде алғашқы миллионын тапқан. «Каспий» балалар мен жасөспірімдер футбол клубының экс-капитаны. Футболмен жеті жыл айналысқан. Он саусағынан бал тамған бариста, кондитер. Кофеханасының ашылғанына әлі толық бір жыл болмаса да, өзі дайындайтын моти десертінің 10 мыңнан аса данасын сатып үлгерген.

– Кофехана ашу идеясы қалай келді? Кофехананың негізі қашан қаланды?

– Кофехана ашу идеясы бариста болып жұмыс істеп жүрген кезімде келген. Ата-анам бойымдағы қабілеттерімді байқап, «жеке кофехана ашып көрсейші» деген еді. Осы сөзден кейін кофехана ашуға ұмтылыс пайда болды. Менің кофеханам 2022 жылы желтоқсанда ашылды. Атын Tanomochi деп қойдым. Өз қолыммен жапонның моти десертін дайындаған соң, атын жапон сөзімен байланыстырғым келді. «Tano» сөзі жапон тілінен аударғанда «Сіздердің» деген мағынаны білдірсе, «mochi» сөзі «моти» мағынасын білдіріп, «Сіздердің мотилеріңіз» деген мағынаны береді. Неге кофехана, неге басқа кәсіп түрі емес? Кофе саласына бұрыннан қатты қызығатынмын және бариста болып жұмыс атқарған кезімде жұмысымды бар ынтаммен орындайтынмын. Кофе саласы жаныма жақын салалар қатарынан. «Басқалары да кофехана ашып жатыр ғой, мен де ашып алайын» деген ой ешқашан болған жоқ. Бұл кәсіпті қызығушылығым мен тәжірибем болғаннан кейін аштым. Кофехана ашу оңайға соққан жоқ. Жөндеу жұмыстары, құрал-жабдық іздеу, логотип жасап шығару кезінде қиындықтар болды. Бар қиындыққа қасқайып қарсы тұрып, жеке кофеханамды аштым.

– Жапонның моти десертін дайындауды қалай үйрендің?

– Моти десертін дайындау оңай дүние емес. Алғашында арнайы курсқа қатысып, барлығын толық меңгеріп алдым деп ойладым. Бірақ, іске келгенде моти десертін дұрыс шығара алмай, 7-8 ай қиналып жүрдім. Уақыт өте келе маған моти жасаудың дұрыс рецебін бермегенін білдім. Одан кейін интернеттен, YouTube желісінен түрлі видеоларды көріп, моти жасап көрдім. Бұл ісімнен де түк шықпады. Бір қызығы, кофеханада не істерімді білмей мұңайып отырғанымда, құлағыма қандай да бір дауыстар, сыбдыр естіле бастады. Құлағыма моти десертінің дұрыс дайындалу рецебін біреу сыбырлап айтып берді. Құлағыма сыбырлап айтқан адам емес. Сондай адам таңғаларлық жағдай болды. Тез телефонымды ашып, құлағыма естілген дауысқа үңіліп, бәрін толығы-мен жазып алдым. Содан кейін осы рецепт бойынша моти жасауға білек сыбана кірісіп кеттім. Дәл осы күні кешке қарай кофеханама достарым келген еді. Мен достарыма бағанағы рецепт бойынша жасаған мотиімді ұсындым. Моти десерті достарымның көңілінен шығып, «Шыңғыс, сен жасаған моти сондай тәтті ғой, біз мұндай тәтті мотиді әлі ешбір жерден жеп көрмедік», – деп алғысын жаудырды. Осы кезде қалай қуанғанымды көрсеңіздер ғой! Өзімді әлемдегі ең бақытты адам сезіндім. Мұны Алланың маған көрсеткен бағыт-бағдары деп қабылдадым.

– Моти жасауға қанша уақыт кетеді?

– Енді-енді үйреніп жүрген кезімде бес дана мотиді бір сағаттан аса жасайтынмын, ал қазір 15–20 мотиді бір сағатта жасап бітемін. Осы уақытқа дейін 10 мыңнан аса моти саттым. Мен мотидің құлпынай, қарақат, орео, құлпынай-банан, банан түрлерін толықтай жасай аламын. Кофеханаға кофе үшін ғана емес, осы моти десерті үшін көптеген адам кезекте тұрады. Тұрақты тұтынушылар өте көп.

– Кофеханадағы барлық жұмысты бір өзің атқарасың ба?

– Маған үнемі қолдау көрсетіп, көмектесіп жүретін досым бар. Ал жалпы жұмыстың 80%-ын бір өзім атқарамын. Кофеханадағы жұмыстан бөлек, оқуыма да үлгеруге тырысамын. Қазір мен 10-сынып оқушысымын. Білімді, білікті кәсіпкерлердің жеке сабақтарына қатысып, білімімді арттырып отырамын. Бизнеске қатысы бар сабақтардан қалмаймын.

– Өмірлік ұстанымың қандай, бос уақытыңда немен шұғылданасың?

– Қандай қиындық болса да, ешқашан берілмеу. Арманмақсаттарға сатқындық жасамау. «Ақиқатында, әр қиындықтың артында жеңілдік бар» деген сөз бекер айтылмаған болса керек. Бос уақытымды пайдалы дүниелерді үйренуге және спортқа арнаймын.

– Замандастарыңа не айтар едің?

– Замандастарыма уақыттарыңды бағалап, оны дұрыс пайдалана біліңдер дегім келеді. Уақыт пен жастық шақ ешқашан қайтып келмейді. Бос уақыт көп және жас кезде білім алып, өздеріңді дамытып, елдің жарқын болашағына үлес қосыңдар. XXI ғасырда бізге, жастарға көптеген мүмкіндік қарастырылған. Бізге берілген мүмкіндіктің барлығын уақытында дұрыс пайдалана білуіміз қажет. Білім ал. Саяхатта. Көр. Қателес. Тоқтама. Алға!

– Шыңғыс, сұқбат үшін көп рақмет. Кәсібіңе тек табыс тілеймін. Болашақта сені атағы жер жарған кәсіпкерлер қатарынан көрейік!

P.S. Достар, Шыңғыс біздің замандасымыз, құрдасымыз екен. Ол небәрі 16 жасында жеке кофеханасын ашып, бизнес саласында жетістікке жетіп жатыр. Шыңғыс үшін қуаныштымын. Қазіргі заманда бағалы уақытын жаман әдеттерге, ойынсауық пен бос қыдырысқа арнап жүрген жасөспірім көп. Солармен салыстырғанда, Шыңғыс досымыздың жасап жүрген ісі шын мақтау мен бағалауға тұрарлық емес пе? Оқуды, бизнесті қатар алып жүру оңай шаруа емес. Шыңғыс алдағы уақытта бизнес саласындағы пайдалы тәжірибелерін және жастар қауымына арналған пайдалы ақпар аттарды Instagram әлеуметтік желісінде айтып, жазып отырмақ. Мұндай пайдалы дүниеден құр қалмай, @quanbai.shyngys парақшасына жазылып қойыңдар. Бір жағынан өзіміз үшін пайдалы ақпарат алсақ, екінші жағынан құрдасымыздың дамуына үлес қоса аламыз.

Диана АҒЗАМОВА,

11-сынып оқушысы

Семей қаласы

«Ұлан» газеті, №47
21 қараша 2023 жыл

3893 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор