• Жырақтан білім іздесең
  • 19 Қараша, 2023

АҚШ-та оқитын Диляра БҰҰ-да жұмыс істеген

Диляра Бегалықызы АҚШ-тың Вашингтон университетінде мемлекеттік басқару бағдарламасы бойынша магистратурада оқып жатыр. Бакалавриатты Назарбаев университетінде саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығы бойынша тәмамдаған. Студенттік жылдарында «Жастар алауы» қоғамдық ұйымын құрып, ерікті жастардың басын қосқан. Қазір бұл қызметін онлайн жалғастырып жүр. Диляра еріктілік, халықаралық ұйымдарда қызмет атқару, тіл үйрену, шетелге грантқа түсу бойынша блог жүргізеді. Әңгімесінен патриот екенін байқауға болады. Бүгін Дилярамен еріктілік, БҰҰ жобалары және магистратураға қандай бағдарламамен түсу тиімді екені жөнінде әңгімелестік.

– Оқудағы, қоғамдық өмірдегі белсенділігіңіз қашан басталды?

– Мектеп кезінен басталды. Менде әрдайым айналамды өзгертуге құлшыныс бар еді. Іс-шараларға белсене қатысуым, ерікті болуым жоғары сыныптарда басталды. Содан кейін университетте жалғасын тапты. 3-4-курста 100-ден аса ерікті студенттен жиналған «Жастар алауы» қоғамдық бірлестігін құрдым. Мектептен басталған белсенділік бүкіл ел бойынша, әсіресе Алматы және Астана қалаларында ауқымды деңгейге жетті. Бұл ұйым қоғамдағы мәселелердің шешімін ұсынуға бағытталған. Қоғамда болып жатқан түрлі мәселені қамтитын видеороликтер, шығармашылық конкурстар мен чемпионаттар өткізумен айналысып жатырмыз.

– Жүздеген адамды еріктілікке жұмылдыру қиын болмады ма?

– Еріктілік туралы бастаманы көтергенде, неге бұған сонша уақытымды бөлуім керек деген сұрақтар туындаған. Сондықтан Алматы мен Астанадағы оқу орындарында еріктілік жолымды, волонтер болудың маңызы мен берген мүмкіндіктері туралы дәрістер өткіздім. Осылай жастардың қызығушылығы оянып, қатарымыз артты.

– Америка, Ұлыбритания елдерінің жоғары оқу орындарына құжат тапсырғанда басымдыққа ие болу үшін еріктіліктің қандай түрімен айналысу керек?

– Осы мәселеге нақтырақ тоқталғым келеді. Көптеген оқушы, студент концертте, іс-шараларда волонтер болғанын эссеге, мотивациялық хатта жаза аламын деп ойлайды. Бірақ оқу орнына қабылдайтын комиссияға мұндай сипаттағы волонтерліктің маңызы жоқ. Олар үшін үш, алты немесе одан көп мерзімде істелген еріктілік жұмыс пен оның нәтижесі маңызды. АҚШ-та волонтерлік – жұмыс, санаулы іс-шараға қатысу емес.

– Мамандығыңыз өте қызық. Әсіресе, қазір қызығатын оқушылар көп екенін байқап жүрмін. Өзіңіз осы салада әлдекімге еліктедіңіз бе?

– Дипломатия күннен-күнге өзгеріске ұшырап жатыр. Бұл, әрине, геосаяси ахуалға да байланысты. Әр дипломаттың өз позициясы бар. АҚШ-қа оқуға келмей тұрғанда Хиллари Клинтон дипломат ретінде ұнайтын еді. Естеріңізде болса, президенттікке кандидат болған. Оның әйелдердің қолдауына қалай ие болғаны қызық еді. 

– Парақшаңыздан білгенім, БҰҰ-да жұмыс істеген екенсіз. Ол қандай жұмыс? БҰҰ-да жұмыс істеу үшін не істеу керек?

– Иә, БҰҰ-ның даму бағдарламасы бар. Осы бөлімшеде үш ай бойы келісімшарт негізінде жұмыс істедім. Бағдарлама нәтижесінде Астанада ауқымды National knowledge week іс-шарасын өткіздік. Алматы, Жезқазған сынды қалаларға әртүрлі өңірден балаларды жинап, хакатон ұйымдастырдық. Балалар IT саласындағы түрлі жобасын ұсынса, біз БҰҰ-ның даму бағдарламасы аясында түрлі грантты бөлумен айналыстық. БҰҰ-ға жұмысқа орналасамын деген адам United Nations Volunteers жобасына міндетті түрде қатысуы керек. Бір жақсы жері, еріктілікті онлайн немесе офлайн атқаруға болады. Ұйымның волонтері болып, сертификаттар жинаған соң, жұмысқа орналасу ықтималдығы артады. БҰҰ-ның сайтын, әлеуметтік желідегі парақшасын үнемі бақылап отыру керек.

– Шетелге шығу мүмкіндіктері жөнінде жиі айтады екенсіз...

– Қазір шетелге шығу үшін қомақты қаражат керек емес, егер білімің болса. Әлемнің беделді оқу орындары мен ұйымдары жер шарының түкпір-түкпірінен жалынды жастарды жинап, форумдар ұйымдастырады. Мұндай форумға ілігу үшін не істейміз? Үміткерде волонтер болғанын және белсенді, көшбасшы екенін растайтын сертификаттары жинақталған портфолио болуы керек. Екіншісі – неге іс-шараға қатысқыңыз келетіні туралы мотивациялық хат. Іріктеуден өтсеңіз, барлық шығынды өтеп, форумға жолдама береді. Бұл – ағылшын тілін білетін жастарға шетелді аралауға таптырмас мүмкіндік.

– Сіздің осындай мүмкіндіктерді қалт жібермей, бәріне үлгеріп жүргеніңізге қандай факторлар себеп болды?

– Бірінші фактор – орта. Назарбаев университеті – дамушы орта. Дамимын деген адам әрдайым өзіне орта таба алады. Менде мұндай мүмкіндіктер туралы бірден біле қойған жоқпын. Ортамды кеңейту арқылы қандай сайтта қандай ақпарат бар екенін естіпбілдім. Жақсы жаққа өзгеремін деген жанның өмірінде сол өзгеріске себеп болатын таныстық болады. Екіншісі – ата-анамның қолдауы. Қайда барам десем де, ата-анам мені қолдады. Олар менен инвестиция аяған емес. Ал қазір Америкада 100% грантта оқу атаанамның менің болашағыма құйған инвестициясының ақталғаны деп ойлаймын.

– Орта демекші, адам қандай болса, айналасы да сондай. Дегенмен, айналаңызда сізбен бірдей уақытта жолын бастаған, бірақ әлі мақсатына жете алмай жүрген замандастарыңыз бар ма? Әдетте мен сипаттаған адамдардың қателігі қандай?

– Иә. Мектепте болсын, университетте болсын, ондай адамдар болды. Алғашында мотивациясы тасып жүргенімен, уақыт өте келе арман-мақсатынан қол үзіп қалды. Бір ғана мотивация жеткіліксіз. Мотивация бір-екі күн немесе бір-екі апта, ары кетсе бір ай энергия беруі мүмкін. Адамда мотивация болғанда бәріне тез жеткісі келеді. Қысқа мерзімді дедлайндар қойып алады. Бірақ мақсатқа жету үшін тәртіп керек. Аз-аздан үздіксіз әрекет етіп қана нәтижеге қол жеткізуге болады. Мысалы, АҚШ университеттерінде құжат қабылдау желтоқсанда аяқталып қалады. Қыркүйекте Америкаға оқуға түсемін деп құлшынып тұрған қыз-жігіттерге қазанда мотивация жетпей, қолды бір сілтеді. Егер үш ай үздіксіз еңбектенгенде, құжат тапсырып үлгеруге болатын еді.

– Қытай, араб сияқты күрделі тілдерді меңгерген екенсіз. Ағылшын тілі деңгейіңізді айтпасақ та, жоғары екені түсінікті. Жаңа атап өткен қиын тілдерді үйренуде неге басымдық берген дұрыс?

– Ағылшын тілін үйрететін көптеген курс грамматиканы үйретумен шектеледі. Мен ағылшынша үйреніп жүргенде өзімді осы тілмен қоршап қойдым. Телефон, ноутбуктың тілін ағылшынға ауыстырдым. Ағылшын тілінде фильм көріп, кітап оқи бастағанда ағылшынша ойлана бастадым. Ағылшын тілінің маған ашқан есіктерін көрген соң, жаңа тіл үйренуге құлшынысым артты. «Енді мен қандай тіл арқылы қандай мүмкіндіктерге ие бола аламын?» деп іздене бастадым. Сөйтсем, әлем халықтарының басым бөлігі сөйлейтін тіл қытай тілі екен. Біздің ел де экономика, сауда салаларында Қытаймен тығыз қарым-қатынаста. Халықаралық қатынастар мамандығында оқуым да қытай тілін оқимын деген шешімге себеп болды. 2-курстан бастап екі жыл үздіксіз университеттегі қытай тілі курсына бардым. Өкініштісі, көбі осындай тегін курстарды бағаламайды. Кейінірек, интернетте Тайваньдағы қытайлармен және Қытай педагогика университетінде оқитын бойжеткендермен танысып, практика жасадым. Әлемнің қай еліне барсаң да, қытай тілін білетін адамдар немесе қытайлар міндетті түрде болады. Ал олар сенің қытайша сөйлейтініңді білсе, көмектесуге дайын тұрады. Араб тіліне келсек... Жалпы, мен араб тіліне дейін француз тілін үйренуді бастадым. Бірақ француз тілі ағылшын тіліне қатты ұқсағандықтан шатасып кеттім. Араб тілі мен қытай тілінің әріптері ешқандай тілге ұқсамайтындықтан үйрену қиын болмады.

– Магистратураны шетелде оқу бойынша кеңестеріңізді айтсаңыз. «Болашақпен» оқығаннан кейін оның белгілі бір шарттарын орындау керек. Ал ол бәріне бірдей қолайлы болмауы мүмкін.

– Рас. Көптеген талапкер «Болашақ» бағдарламасымен түсе саламын» деп ойлайды. Меніңше, олар «Болашақ» бағдарламасының қаржыландыруымен оқығаның үшін бірнеше жыл міндетті түрде жұмыс істеу керек екенін, белгілі бір мүліктерді кепілге қою керектігін білмейді. Мен Америкада жоғары оқу орнының қаржыландыруымен оқып жатырмын. Құжаттарымда Американың 4 университетіне, Британияның бір университетіне тапсырғанмын. Бесеуінен де шақырту алып, бесеуін салыстыра отырып таңдау жасадым. Құжат тапсырарда, «сізге қаржыландыру керек пе?» деген сұрақ қойылады. Сол сұраққа «иә» деп жауап берсең, қосымша талаптар, эссе, еңбектеріңнің көрсеткішін тапсыруды сұрайды. Егер өтінішің жоғары деңгейде жазылған болса, міндетті түрде қабылданасың. Өйткені, АҚШ университеттері әлем елдерінен белсенді, еңбекқор, көшбасшы жастарды тартуға мүдделі. Стипендия туралы айтар болсақ, 1000 доллар айналасында ай сайын стипендия аламын. Оқу 100% тегін болғанына қарамастан, АҚШ-та 1000 долларға қалағаныңша өмір сүре алмайсың. Жақсысы, мұнда студенттерге жұмыстар бар. Кампуста жұмыс істеуге немесе оқытушылардың ассистенті болуға болады. Мен өзіңді кәсіби дамытатын екінші нұсқаны ұсынар едім. Мұндай жұмыстар арқылы айына 1000– 1500 доллар табуға болады.

– Осындай бағдарламалар туралы сайттан білген соң, сол сайттағы нұсқаулықпен құжаттарды тапсыру жеткілікті ме? Әлде міндетті түрде тәлімгер (осы жолда тәжірибесін инфобизнеске айналдырған) көмегіне жүгіну керек пе?

– Адамға байланысты. Өз басым жеке ізденгенді жақсы көремін. Маған сайтты жіті қарап, әр тармақты түсініп оқыған ұнайды. Бірақ детальдарға үңілгісі келмейтін балалар бар. Олар бейқамдықпен бірнәрсені жіберіп алудан қорықса, әрине, курстар алғаны дұрыс шығар. Ал негізі оқу орындарының сайттарында ақпарат жеткілікті.

– Жетістік уақытты тиімді пайдаланумен, уақытында істеумен байланысты ғой. Уақытты қанша жоспарлап қойсақ та, оның маңызды екенін түсінбесек, бәрібір жоспармен жүре алмаймыз. Сіз уақыттың маңызын қалай түсіндіңіз, өзгелерге қалай түсіндірер едіңіз?

– Бір апта бұрын қашан не істейтінімді, тіпті құрбыммен кездесу уақытының ұзақтығына дейін белгілеп қоямын. Қазір уақытты смартфонда жоспарлауға болады. Демалу уақыты, сабақ оқу уақыты да уақытылы, жоспарға сай жүзеге асуы керек. Екіншісі, басымдықты белгілеу. Қашан қандай тапсырмаға көңіл бөлу керек? Мысалы, маған осы аптада емтихандарға ден қою керек. Келесі апта достарыммен кездескенім дұрыс. Адам алдын ала не істеу керектігін білсе, өмір жеңілдейді.

– Байқауымша, қазір жастар әлеуметтік желіде тренд болған видео түсіруден әрең босайды. Ішкі мотивті осындай жолмен қанағаттандырып жүріп, басқасына көңіл бөліп үлгеру мүмкін бе?

– Иә, әлеуметтік желіде оңай жолмен ақша табу, түсініксіз трендтер көбейіп кетті. Бірақ мұның бәрі уақытша екенін түсіну керек. Оның орнына уақытыңды білім алуға арнасаң, уақыт өте келе мұндай ақшаны бірнеше есе табуға болады. Тағы бір байқағаным, жастар оқу-білім жайлы айтатын блогерлерге емес, ойын-сауық форматында контент түсіретін блогерлерге жазылады. Ал ондай блогер көп. Сондықтан өмір салты үлгі болатын тұлғаларға жазылуға кеңес беремін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №47
21 қараша 2023 жыл

1218 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор