• Бірінші байлық
  • 15 Қараша, 2023

Артық салмақпен күресіп жүрген бала көп

Артық салмақпен күресетін жеткіншектердің саны кейінгі жылы күрт өскен. 11 мен 15 жас аралығындағы семіздікпен ауыратын балалардың үлесі 1,6 есе артқан. 2018 жылы осы жастағы балалардың 9,7 пайызы артық салмақпен күрессе, былтыр бұл көрсеткіш 15,4 пайызға жетті. Ұлдар қыздарға қарағанда артық салмақтан көбірек зардап шегеді. Қазақстан Республикасы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары 11 жастағы балалардың артық салмақтан жиі зардап шегетінін анықтады. Осы жастағы әрбір төртінші ұлдың салмағы оның бойына сай емес. 11 жастағы қыздар арасында артық салмағы бар адамдардың үлесі – 14,3%. 13 жастағы ұлдардың 17%-ы және қыздардың 9,7%-ы артық салмақтан зардап шегіп жүр. Бұл көрсеткіш 15 жастағы ұлдар арасында 14,3% болса, қыздар арасында – 9,9%. Артық салмақтың алдын алуға бола ма? Бұл жөнінде Алматыдағы №19 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Аягөз Балғабаймен сөйлескен едік.

БІРІНШІ МӘСЕЛЕ – ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ

Баланың артық салмағы әр балада әрқалай көрініс береді. Кейбір балаларда алғашқы айларынан-ақ салмақ қосу көрсеткішіне қарап байқауға болады. Мысалы, бізде дәрігерлер балаларды патронажда тексеру кезінде баланың салмағы мен бойын, бас өлшемін, бел өлшемін өлшеп жатады. Сол өлшеу барысында жасына сәйкес емес болса, яғни артық салмақ қосу байқалса, дәрігерлер бірден анықтайды. Сол үшін емханаға профилактикалық тексеруге шақырса, уақыт созбай бірден барып, тексеріп отыру керек.

Ата-ана ең алдымен өзі психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Себебі, семіздік дәрігер препаратпен емдей салатын патология емес. Бұл жағдайда атаананың әрекеті маңызды рөл атқарады. Дәрігер, психолог, диетологтың кеңесін толық орындап, баланың өмір салтын дұрыстап, физикалық белсенділігін арттыруды қолға алу керек.

Артық салмақ пайда болуының ең басты себебі қоршаған ортамен, яғни айналамыздағы ортаның өмір сүру салтымен байланысты. Компьютерлік ойындар, теледидардың, телефонның алдында ұзақ отыру, тез дайындалатын тағамдар, кез келген затты үйге дейін жеткізу қызметі де адамның қимыл-қозғалысын неғұрлым шектеп, семіздікке әкеліп жатады.

Екіншіден, зат алмасу қызметінің дұрыс жұмыс істемеуінен болады. Тағам дұрыс қорытылмай, артық май болып жиналады. Жаңа туған сәбилер мен көбіне қосымша тамақ ішетін балаларда сүт дұрыс мөлшерде берілмесе, дұрыс қорытылмауы салдарынан артық салмақ жинала бастайды.

Үшіншіден, генетикалық тұқым қуалау салдары бар. Ата-анасында семіздік болса, балаларында 40–80 пайыз жағдайда қайталануы мүмкін. Бұл жағдайда алдында айтқан себептерді жасамасақ, семіздіктің алдын алуға болады.

Төртіншіден, эндокриндік аурулар: гипотериоз, кортизол мен соматотропиннің жоғарылауы, гипоталамустың зақымдалуы.

Бесіншіден, кейбір дәрілерді қабылдау барысында, мысалы, ұстамаға қарсы препараттар немесе гликокортикоидтарды ұзақ уақыт қолданудың әсері гиперлипидемияға алып келуі мүмкін.

Статистика бойынша, ДДСҰ соңғы мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда Еуропа елдеріне қарағанда семіздіктің деңгейі әлдеқайда төмен. Десе де, 2022 жылы 9–16 жас аралығындағы балаларды алып қарасақ, 21%-ы семіздікке шалдыққан. Бұл көрсеткішті 2015 жылмен салыстырсақ, 5–21%-ға өскен. Демек, бізде көрсеткіш артуда. Мысалы, менің қабылдайтын аймағымда да бірнеше бала бар. Олар тек семіздікпен емес, артериялық гипертензия, қант диабеті, жүрек ақауы деген сияқты қосалқы аурулармен қаралады. Баланың салмағын алғашқы айларынан-ақ бақылап отыру керек. Жасына сәйкес салмақ қосуы өте маңызды. Бізде салмақ массасының индексі деген бар. Формуласы бойынша салмақты бой өлшемінің квадратына бөлеміз. Шыққан сан арқылы салмағы қай дәрежеде жеткіліксіз немесе артық екенін анықтауға болады.

БЕЛСЕНДІ ҚОСПАЛАР ІШУГЕ БОЛА МА?

Арықтататын дәрі ішуге қарсымын. Биологиялық белсенді қоспалардың тиімділігі дәлелденбеген және жанама әсері көп. Бауырға салмақ түсіріп, денсаулыққа кері әсер етеді. Кейбір дәрі-дәрмектер мидағы аштық сезімін жеткізетін жүйке жолын блоктап тастайды. Ал ол жүйке клеткалардың жойылуы, ашушаңдық, ұйқысыздық, күйзеліс, депрессияға дейін алып келуі ықтимал. Сол үшін табиғи жолмен арықтауды ұсынамын.

Семіздік ауыл баласында да, қала баласында да кездеседі. Көбіне қала балаларында кездеседі. Себебі, көбіне фаст-фуд, тәтті сусындар ішіп-жеп, аз қозғалады. Ал ауыл балаларында себеп, семіздікке немқұрайлы қарау. Көбіне ата-аналар тарапынан семіздікті патология ретінде қарамай, мән бермей жүре береді. Сәби кезінен жиі массаж және ЛФК жаттығуларын жасап тұруға кеңес беремін. Ол арқылы қан айналым, зат алмасу процестерін арттырып, бұлшықетті шынықтырып, дұрыс қимыл-қозғалысты қалыптастырамыз. Арықтау үшін массаж тиімді және арықтауға көмектесетін арнайы массаж түрлері де бар.

Семіздік генетикалық жағдайда тұқым қуалайтын болса, 80 пайызға дейін балада семіздік болуы мүмкін. Алайда, мынадай зерттеулер бар. Тұқым қуалау факторы бойынша балаларды екі топқа бөлген. Бір топ дұрыс тамақтануды ұстанып, физикалық белсенділікті арттырып, салауатты өмір салтын ұстанған. Екінші топ ешқандай амал жасамаған. Нәтижесінде қанша генетикалық фактор болса да, бірінші топта екінші топқа қарағанда семіздік дәрежесі әлдеқайда төмен болған. Демек, дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік ерекше маңызды.

Ауыр салмақ, ағзамызға да ауырлық етеді. Жүрекқантамыр жүйесіне, тыныс алу, тірек-қимыл, ас қорыту жүйесіне артық жүктеме түсіреді. Қан қысымының жоғарылауы, гастрит, холецистит, буын аурулары, жарық, беттегі бөртпе, тершеңдік, тіпті қант диабеті, атеросклероз, стенокардияға асқынуы мүмкін.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №46
14 қараша 2023 жыл

1463 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор