• ҰЛАН
  • 14 Қараша, 2023

Мамандық таңдауда нені ескеру керек?

Мамандық таңдау – зейін мен ойлауды қажет ететін күрделі процесс. Әрбір оқушы жоғары оқу орнына түсер кезде осы мәселеге тап болып, қай саланы таңдарын білмей жатады. Мамандық таңдағанда оқушылар дұрыс таңдау жасап, болашағын қамтамасыз ету үшін қабілеттері мен мақсатын мұқият ой елегінен өткізуі керек. Осыған байланысты кәсіп таңдауға көмектесетін білікті профориентолог маманның кеңесін ұсынамыз.

Қызығу мен қабілет

– Мамандық таңдаған кезде қызығушылығыңыз бен қабілетіңізді, талантыңызды ескеру өте маңызды, – дейді профориентолог Әдия Ысқақова. Бейімі бар кәсіппен айналысқан адам өз саласында үлкен жетістікке жетіп, күнделікті жұмысынан ләззат алады. Бұл қоғамға оң әсер етуге мүмкіндік береді. Өзіңізді қызықтыратын мамандық бойынша жұмыс істегенде басқа адамдарға көмектесіп, қоғамның дамуына үлес қосасыз. Ескеруге тиіс фактордың бірі – талант. Алайда күнделікті уақыт бөліп, жаңа нәрсе үйреніп, үнемі ізденісте болмасаңыз, талантыңыз сөне береді. Сондықтан маман оны уақытымен дамытып, күш салу керек деп санайды.

– Потенциалды да ескеру маңызды. Адам өзінің потенциалы бар саланы таңдаса, жетістікке тезірек жетеді. Әлеуеті жетпесе, орташа қабілетті маман болады және кез келген уақытта одан да қабілеттірек, оның орнын алмастыратын маман тез табылады, – дейді ол.

Сұраныстағы мамандық

Барлық адам бірдей қызығушылығына сәйкес мамандықты таңдай бермейді. Кейде еңбек нарығында сұранысқа ие немесе жоғары табыс әкелетін, бірақ баланың өзіне ұнамайтын мамандықты таңдау деген ортақ тенденцияны байқауға болады. Әрине, еңбек нарығына қажет мамандардың жұмыс табуға мүмкіндігі мол. Бірақ, ол салаға бала мүлдем қызықпауы мүмкін.

– Күн сайын бізді қызықтырмайтын салада жұмыс істеу салдарынан мансабымызда жоғары көтеріле алмаймыз, кәсібіміздің үздігі бола алмаймыз. Сондықтан шешім қабылдамас бұрын қызығушылық пен бейіміңізді мұқият қарастырған жөн, – дейді Әдия ханым.

Профориентолог алдағы 10–15 жылда сұраныста болатын мамандықтарды қарастырған жақсы екенін, алайда ол кәсіптердің келешекте сұраныста болатынына нақты ешкім кепіл бола алмайтынын айтады. Сондықтан мамандыққа емес, қолыңыздан не келетініне, нені жақсы істей алатыныңызға баса назар аудару керек деп есептейді.

Ата-ананың рөлі

Профориентолог мамандық таңдауда ата-ананың рөлі зор екенін айтады. Ата-аналардың қолдауы, бағыт-бағдары мен өмірлік ақылы – баланың болашақ кәсібі туралы саналы шешім қабылдауға көмектесетін құнды ресурс. Сонымен қатар, ата-аналар баласының ерекше дарынын танып, оларға өзінің потенциалын ашып, табысқа жете алатын саланы табуға көмектесе алады. Еңбек нарығында бар түрлі мамандық пен мүмкіндік туралы ақпарат беріп, жұмыс тәжірибесін бөлісіп, әртүрлі мамандықтың артықшылығы мен кемшілігі туралы айтады. Бұл балаларға белгілі бір кәсіп туралы нақты түсінік алуға көмектеседі.

– Ата-аналар баласын туғаннан бастап бақылағандықтан, олардың күшті және әлсіз жақтарын, қабілеттерін тануға көмектесе алады. Ол балабақшада достарымен команда болып ойнағанға әуес шығар, әлде жеке өзі ойнағанды жақсы көре ме? Лего құрастырғанды ұната ма, әлде қимыл-қозғалысты жөн көре ме? Көпшілікпен араласуға бейім бе? Осының барлығы – профориентацияның негізі. Осылайша, ата-ана өзі байқамастан баласының мамандық таңдауына әсерін тигізеді. Бірақ, ата-ана өз дегенімен жүргізбей, баланы жай ғана бақылап, жәрдемдесуі керек, – дейді Әдия ханым. Ата-ана мамандық таңдау туралы соңғы шешім әрқашан баланың өзінде болатынын есте ұстағаны жөн.

Профориентациялық тесттер

Жасөспірімдердің қызығушылығы мен қабілетін анықтауға көмектесетін көптеген арнайы тест бар. Сұрақ-жауапқа негізделген тесттер баланың қалауы туралы жалпы мәлімет алуға мүмкіндік береді. Дегенмен, олар кәсіп таңдауға әсер етуі мүмкін кей нюансты ескермейтінін айтады профориентолог маман. Мысалы, бала математика мен физикаға қызығуы мүмкін, бірақ бұл оның инженер немесе ғалым болғысы келетінін білдірмейді. Оның шынайы қызығушылығы басқа салада шығар.

– Психологиялық-профориентациялық тесттер баланың қызығушылығын анықтауға көмектесе алады. Бірақ олар егжей-тегжейлі, жеткілікті түрде анықтап бере алмайды. Ал мықты маманмен тереңде-тілген сұқбат – баланың бейімін анықтауға және лайықты мамандық таңдауға көмектесетін ең тиімді әдіс. Бұл сұқбат балаңызға шынайы қызығушылығын, мотивацияларын және құндылықтарын, сондай-ақ оның болашақ жұмысы үшін әлеуетін ашуға көмектеседі, – деді Әдия Ысқақова.

ТҮЙІН: Мамандық таңдау – болашағымыздың кепілі. Мамандықты таңдаған кезде біз болашақта кім болғымыз келетінін және жылдар бойы немен айналысқымыз келетінін шешеміз. Соның арқасында өз ісіміздің маманы атанып, қоғамға үлес қоса аламыз. Мамандық таңдауда мәселенің қаржылық жағына ғана мән бермеу керек. Ақша біздің өміріміздің маңызды аспектісі болғанымен, ол әрқашан бақытты ете бермейді. Егер өзімізге ләззат сыйламайтын және қабілетімізді дамытпайтын кәсіппен айналыссақ, ешқашан толық бақытты бола алмаймыз. Сондықтан мамандық таңдау кезінде хоббиіңізге, қызығушылығыңызға және табиғи қабілеттеріңізге мән беру керек.

Гүлжан НИЯЗОВА,

ХҚТУ 4-курс студенті

Сурет маманның жеке архивінен

«Ұлан» газеті, №46
14 қараша 2023 жыл

1082 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор