• ҰЛАН
  • 14 Қараша, 2023

Театрға трендте болғандықтан барып жүрсіз бе?

Театр – адамның жандүниесін тазартатын мекен. Пәк, таза орын. Бірақ оны түсініп, ой түюге баратын көрермен сирек. Театрға барушылар көбейгенімен, сапалы көрермен аз. Көпшілігі әлеуметтік желіде танымал «Гауһартас», «Ғашық жүрек», «Кездесу мен қоштасу», «Пранк махаббат» сияқты қойылымдарға барумен шектеледі. Солай театрға бір-екі рет барған адам театрмен «тыныстайтын» кейіпте жазба қалдырады.

2018 жылы атақты актерлерді көру үшін өз еркіммен алғашқы рет «28» театрының «Войцек» қойылымына барғанымды жасырмаймын. Ол кезде театр мәдениетімен мүлде таныс емес едім. Бар мақсатым – актерлермен суретке түсу. Театрға барғанда не істеу керек, не істемеу қажет дегеннен хабарым жоқ. Ізденісім де болмады. Қойылым барысында сөйлеген де шығармын, қол шапалақтаған болармын. Мұндайдың дұрыс емес екенін театрға бірнеше рет барғаннан кейін ұқтым.

Театрды кинотеатр секілді көретіндер көп. Неше түрлі тамақ алып келіп, қойылым барысында жеп отыратындар бар. Қойылым жүріп жатқанда сыбырлап сөйлесудің өзі әртістерге үлкен кедергі келтіреді. Кейде жастар мен балалар емес, үп-үлкен кісілердің бір-бірімен дауыстап сөйлесіп отырғанын көресің. Бұл да театр мәдениетін білмеудің кесірі. Театрға кешігіп келу де – мәдениетсіздік белгісі. Мұның бәрі сахнада ойнап жатқан әртіске кері әсер етеді.

Трендтегі қойылымның бәрі керемет емес

Бағы жанып, танымал болып кеткен қойылым көп. Әлбетте, кей қойылымдар сол атаққа лайықты. Десе де, танымал емес, бірақ өте мықты қойылымдар бар. Атап айтсам, Астана, Алматы театрларының «Ревизор», «Құдалар», «Алтайдан ауған ел», «Құлагер», «Қаракөз» сынды, тағы басқа өте керемет қойылымдары бар. Барып көрсеңіз, ол қойылымдар да сізді театрға ғашық етеді.

Театрдағы рөлінен кейін танымал актерден көңіліңіз қала ма? Актердің қатысуымен болған бір ғана қойылымды көріп, ой қорыта алмайсың. Алайда, театр сахнасынан танымал актердің бірнеше рөлін көріп, көңілім қалған кездері бар. Кинода ойнай алғанмен, театрда ойнай алмайды екен. Театр деген – тірі ағза. Бірнеше дубль жоқ. Бір қойылымның өзі әр қойғанда әртүрлі шығады. Өйткені, ол тікелей актердің сол кездегі көңіл-күйіне байланысты. Мен, мысалы, бірнеше рет бір қойылымға барамын. Сан түрлі пікірмен шығамын. Бір кезде ұнайды, ал бір кезде көңілімнен шықпайды...

Театр билеттері арзан немесе қымбат деп пікір таластыратындар бар. Мемлекеттік театрлардың бәрінде билет қымбат емес. Әйтпесе, өте жоғары деңгейдегі қойылымдар бар. Билеті 20 мыңға сатылса да, алуға тұрарлық қойылымдар болады. Орташа баға – 1500–3000 теңге арасы. Халықты осындай бағаға үйретіп алғанбыз.

Еркебұлан Дайыров пен Асан Мәжит құрған «ШАМ» деген театр бар. Жеке болғандықтан, билет құны да мемлекеттік театрлардың бағасынан 3-4 есе қымбат. Соны қарапайым халық қабылдай алмай, бастапқыда жағымсыз пікір көп болды. Әйтсе де, соңында халықты сондай бағаға алуды үйретті. Театрдың билет құны өзге елдердегідей өте жоғары бағада болуы керек. Соған сай, театр мәдениетін сақтайтын көрермен келеді.

Актер көрерменді сахнада алдай ала ма?.. Бұл да көпшілікті ойға қалдыратын сұрақтар қатарында. Негізінде актер рөлге еніп кетсе ғана көрерменге ұнайды. Жеке өзіме ұнамайтын қойылымдар болса, әртіс мені сендіре алмады деп ойлаймын. Актер сахнада өмір сүрсе ғана қойылым жақсы шығады. Бір жағынан өте жоғары деңгейде болуы режиссердің білімі мен қиялының шексіздігіне байланысты. Ал жай ғана ойнай салса, тұрақты көрерменді алдай алмайды.

Аяулым ҚҰДАЙБЕРГЕН,

«Ұланның» жас тілшісі, ЕҰУ-дың 1-курс студенті

«Ұлан» газеті, №46
14 қараша 2023 жыл

1100 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор