- ҰЛАН
- 07 Қараша, 2023
Балалар әдебиетінің бас ақыны
Мұзафар Әлімбаев туралы көп дүние жазуға болады. Себебі ғасырға жуық өмір сүрген оның күллі өмірі еңбекпен өтті. Соғысты да көрді. Өз қатарластарынан майданда ұзағырақ болған да Мұзағаң. 1948 жылы ғана елге оралған. Енді аяққа тұра бастаған қазақ әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі болды десек қателеспейміз. Біз Мұзағаңның бүгінге жеткен мұрасының бір ширегіне саяхат жасап көрмекпіз.
Ағалардың алақанында
Әдебиет әлеміне енді бойлай кірсе де, алдыңғы буын ағалардың аялы алақанына жылынғанның бірі – Мұзафар Әлімбаев. Мұхтар Әуезовтен бастап, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаевтардың жанында жүрді. Бәріне де туғанындай еркеледі. «Көзін көрдік жақсы менен жайсаңның» естелік кітабында ағалары мен замандастары жөнінде құнды естеліктер бар. «Өз өмірімнің самала-сәулелі беттері деп ұлы Мұхтар Әуезовпен танысып, араласып, жақындасқан жылдарымды, ұлы құшақтың ыстығына жылынып, өнегесінен үйренген кезеңімді, «Досым» деген мейірін естіген мезеттерімді айтар едім», – дейді Мұхаң туралы естелігінде. Әйгілі жазушы да оны шет қақпайды. Өзімен бірге жолсапарларға ала кетеді. Бірде Мұхтар Әуезовтің жазып берген мақаласы газетке сыймайтын боп, Мұзағаң оны әр сөйлемнен бір-бір сөзден алуына тура келеді. Синоним сөздерді біртіндеп, жымын білдірмей алуға тырысады. Ертесі газет шыққанда ұлы Мұхаң Мұзағаңа қоңырау шалыпты. Артық-ауыс сөзге бармай, келесіде өзіме ескерт депті. Міне, Мұзағаң ағаларына осылай да еркелей білген.
Сол естелік кітаптан басқа да ағаларына, замандастарына мейлінше сыйлы болғанын байқаймыз. Оның үстіне, қазақ әдебиеті даму жолына енді түскен заманда жас қаламгерлерді сыртқа тебу де әбес болар. Мұзағаңның жас кезінде қатарластары арасында газет беттерінде ағалардың алқымына жармасқаны аз емес. Мұхтар Әуезовтің ширегіне де келмейтін, кеше ғана қолына қалам алғандардың үлкен жазушыдан болмашы ілік іздегені сол замандағы газет бетінде сайрап жатыр. Ал Мұзағаң өйтпеді. Алдыңғы буыннан ол тек тәрбие алды. Кейінгі буынға да сол тәрбиені берді.
Балдырғанның тілін тапқан
Сөз жоқ, Мұзағаңның әлемі – балалар әлемі. Поэзияда қолтаңбасы бола тұра, қалың оқырман оны әуелі «балалар әдебиетінің бағбаны» деп таниды. Оған «Балдырған» журналының алғашқы редакторы болғаны да әсер етсе керек. «Балдырғанды» отыз жылға жуық басқарды. Осыдан бастап ол балаларға арнап көп жазды. Жазуы ширай түсті. «Қазақ балалар әдебиетінің өкілі» деген сөз оның алдында болмады дей аламыз. О заманда балаларға тек ертегі айтылатын. Жұмбақ, жаңылтпаштар қағазға түспеген. О замандағы балалар әдебиеті – ауыз әдебиеті. Алаштық қаламгерлерден бірдіекілі өлең қалды. Алайда, балалар әдебиетінің ішінде де түрлі жанр бар екенін ескерсек, Мұзағаң оның бүкіл қара жұмысын атқарды деуге болады. Мұзағаң ғасырға жуық ғұмырында 70-ке жуық кітап шығарыпты. Әлбетте, көбі – балаларға арналған кітаптар. Жазған сайын ширай түсті дегеніміздің дәлелі – бала санасына демде жатталатын, көркемдігі де келіскен өлеңдер мен тақпақтар күн санап көбейе берді. Мысалы: Жалғыз саусақ тіпті де,
Ұстай алмас жіпті де.
Екі саусақ бірікті,
Ине қолға ілікті.
Міне, қандай шеберлік!
Тағы екі шумағы бар. Дегенмен бала санасында тез-ақ жатталып қалады. Ел білетін тағы бір тақпақты айталық.
Біз кішкентай балдырған,
Сескенбейміз жаңбырдан.
Төбемізде қолшатыр,
Алдымызда жол жатыр.
Міне, осы тақпақтарды тілі шыққан баланың бәріне жаттата беруге әбден болады. Әрі тілі жаттығады, әрі тақпақ жаттайды. Қазір балабақша қызметкерлері балаға жаттататын тақпақ таппай әуреге түсіп жатады. Жасыратыны жоқ, көбі әлеуметтік желілерден шалажансар тақпақтарды ала салады. Қиын сөздерден құралған, ұйқасы келіспеген тақпақты жаттай алмаған бала келесіде оған жолай ма?! Ал Мұзағаң – дайын энциклопедия. Оның мұрасы өткен заманмен бірге кетпек емес.
Ақша қарға тап кеше,
Кетті торғай хат жазып.
«Балалар дән сеппесе,
Қайдан табам тәтті азық?»
Мұндай тәтті тақпақтар Мұзағаң мұрасында молынан кездеседі.
Мұзағаңнан қалған сөз
Мұзағаңның ден қойғаны әдебиет болса, одан әрі сөзге аса сақтықпен қарады. Әкесі мұғалім, анасы ауыл ақыны болған Мұзағаң кішкентайынан дұрыс сөйлеуді, көркем сөйлеуді меңгеріпті. Өзі туған Маралды топырағында сөзге шешен, ділмар адамдар көп болыпты. Бірде он бес жасында педучилищеде оқып жүргенде жанындағы досы ауырып қалады. Оны ауруханаға апарғанда, дәрігер диагнозын дұрыс қоймай, өлтіріп ала жаздапты. Сонда Мұзағаң:
– Ебі жоқ дәрігердің емі де жоқ, – деп айтып салыпты. «Өз жанымнан шешен сөзді шығаруымның алғашқысы осы еді», – дейді естелігінде. Кейін Мұзағаң осындай сөздерге ден қояды. Жүрген жерінде бұрын естімеген сөздері болса, қойындәптеріне түртіп жүріпті. Ғабит Мүсіреповтің өзі Мұзағаңнан бұрын естімеген сөздерді естіп, өз дәптеріне жазып алыпты. Осындай сөз мәселесіне келгенде бәрі Мұзағаңнан пікір сұрап тұратын болған екен. Кейін мұндай сөздердің көбі халық даналығына айналып кетті. Мысалы, «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегенді бәрі біледі. Халық сөзі деп жүрміз. Бірақ мұның авторы – Мұзағаң. Осындай әйгілі сөздерін жіпке тізіп көрелік: «Апыл-ғұпыл ішкен ас, Асқазанға түскен тас». «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді». «Жағың сынса да, сағың сынбасын».
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз де Мұзағаңдікі дейді көзін көргендер. Кейін бұл сөздердің бәрін біріктіріп, «Нақылнама» атты кітап шығарды. Іші толған мұра. Құдды халық мұрасын көшіріп салған секілді. Алайда бұл Мұзағаңның жылдар бойы жазған еңбегінің жемісі. «Жеті атасын білмеген – жетесіздік» деген сөзді де осы кітаптан кездестірдік. Көзін көргендер Мұзағаңды өте еңбекқор болды дейді. Жазуына аса сақтықпен қараған. Нәтижесінде қаншама сөзі халық сөзіне айналып, қаншама өлеңі ел жадында қалды. Одан бөлек, «Ақмаңдайлым», «Маралдым» секілді әндерді білмейтін қазақ жоқ. Осы секілді көптеген әннің өлеңі – Мұзағаңдікі.
Классиктерді даярлады
Мұзафар Әлімбаев 1958 жылы жаңадан ашылған, биыл 65 жылдығы аталып өтіп жатқан «Балдырған» журналына редактор болып тағайындалды. Бұрын балаларға арналған журналдың үлгісі де болмаған. Әлбетте, өзінің «Пионер» журналында талай жыл қызмет еткені бар. Бірақ бұл басқа гәп. Бүлдіршіндерге ашылып отырған журнал. Мұнда бәрі басқаша. Балаға оқуды, жазуды, жаттауды үйрету керек. Не істемек керек? Редакция алқасын Мұзағаң өзі даярлайды. Поэзия бөліміне университетті енді бітірген жас ақын Қадыр Мырза Әлиді бекітеді. Проза бөліміне Бердібек Соқпақбаевты, жауапты хатшы етіп Әнуарбек Дүйсенбиевті тағайындайды. Сөйтеді де, жұмысты бастап кеп жібереді. Міне, Мұзағаңның байқампаздығын қараңыз. Редакторлық қасиетін ол ә дегеннен-ақ көрсетеді.
Осындай талантты жастардан құрылған ұжым демде тамаша журнал шығарады. Іші мәнді де мазмұнды журналдың таралымы да тез өседі. Мұзағаң бекіткен осы жастар кейін қандай дәрежеге жетті. Бердібек Соқпақбаев «Менің атым Қожасымен»-ақ балалар прозасының шыңына шықты. Әнуарбек Дүйсенбиев қандай тамаша өлеңдер жазды. «Апаң сенің базардан, алма сатып әкелді» деген әйгілі тақпақтың авторын бүгінгі балалар біле ме? Немесе «Ұзын құлақ, сұр қоян...». Міне, осы тақпақтардың авторы – Әнуарбек Дүйсенбиев. Ал Қадыр Мырза Әлидің кейінгі даңқы күллі қазаққа мәлім. Міне, осылардың бәрінің ұстаханасы – «Балдырған» журналы мен Мұзафар Әлімбаев.
Құрмет
Міне, осындай ерен еңбектердің авторы Мұзафар Әлімбаевты биыл 100 жылдығына орай қайыра еске алып отырмыз. Өңір-өңірде іс-шаралар өтіп-ақ жатыр. Ал басқа уақыттарда қалай дәріптеп жатырмыз? Осындай көл-көсір мұрасын қаншалықты зерттепзерделеп, атын ардақтай алып жатырмыз?! Алматы қаласында орталықтандырылған 28 кітапхана бар. Көп кітапхананың атауы жоқ. Барының өзі – Кеңес өкіметінде қойылғаннан бері өзгермей келеді. Мысалы, Крылов атындағы, Чехов атындағы кітапханалар бар. Қалған кітапханаларда атау жоқ, тек нөмірмен белгіленген. Ал қазақ әдебиетінде есімін кітапханаға қоярлық қаламгер аз ба? Соның бірін Мұзағаңның атына беруге не кедергі? Бізде өмірден өткен соң бес жылдан кейін ғана адам атына көше беріліп, қандай да бір ұсыныстар жасалады деген ереже бар. Мұзағаң өмірден өткелі алты жыл. Енді не кедергі? Оның үстіне, балалар әдебиеті бойынша Мемлекеттік сыйлықтың жалғыз иегері де Мұзағаң. «Ұлан» бастаған балалар басылымдары да Алматыдағы балалар кітапханасының бірін Мұзафар Әлімбаев атымен атауды қуана қолдайды. Мұзағаң «Нақылнамасында» «Ақынның өзі – сәби, сөзі – нәби» деп жазыпты. Оның мұрасын ақтарып отырып, өзі де осы сөзге лайық боп өткенін аңғарасың.
Асылан ТІЛЕГЕН
«Ұлан» газеті, №45
7 қараша 2023 жыл
1462 рет
көрсетілді1
пікір