• Күншуақ
  • 02 Қазан, 2023

Ерекше балаларға домбыра үйретеді

Ақтөбелік Дана мен Димаш домбыра тартқанды жақсы көреді. Өкініштісі, балалардың денсаулығында кінәрат бар. Дананың есту қабілеті нашар болса, Димаш аутизммен күресіп жүр.

Музыка пәнінің мұғалімі Гүлсана Мағзымбетова ерекше балаларға домбыра үйрететінін естігенде, Дананың анасы Мариям қатты қуаныпты. «Қызым Гүлсана апайымен тез тіл табысты. Сабақтан қалмай, бірнеше ән-күй үйренді. Қазір бос уақытында суретке түсіріп, мобилогра-фиямен айналысады. Жан-жақты, өнерлі боп өсіп келе жатқанына қуанамын», – дейді.

Димаштың анасы Салтанат баласының уақыты бос өтпегенін қалайды. «Үйірме ашыл-ғанда алғашқылардың бірі болдық. Әттең, өзі жауап бере алмайды. Домбырада күмбірлетіп күй шертпесе де, қағыстарын біледі. Отбасылық жағдайға байланысты үйірмеге келу қиындау болып тұр. Уақытша үзіліс алдық», – дейді.

Гүлсана туралы жазбаларда қай қалада екенін сұрағандар көп екен. Өнерлі ұстазбен сөйлесіп, біз де сұрағымызды қойған едік.

«Мектепке есту қабілеті нашар балаларды ғана емес, аутизм, ДЦП, Даун синдромы, эпилепсия диагнозы бар, мүл-дем естімейтін, ақыл-ойы дұрыс дамымаған балаларды да қабылдаймыз. Денсаулығы дұрыс балаларды – ақылы, ерекше жеткіншектерді тегін оқытамыз. Аяғын сылтып басатын, қолының кемістігі бар балалар домбыра тартқан соң денсаулығы жақсарды. Көзі нашар көретін, -6, -4 болған балалардың көруі -1-ге түсті. Ой-санасының дамуында кедергі бар балалар да жақсы нәтиже көрсетті. Ерекше жеткіншектер жалпы балаларға арналған өнер байқау-ларына қатыса береді. Тек ерекше балаларға арналған бір ғана өнер байқауы бар. 

Ол – «Жұлдызай», жылына бір рет қана өтеді.  Мектебіме көңілім толады, отызға жуық бала келеді. Ересек адамдар, мектеп жасына дейінгі балалар да бар. Өкінішке қарай, өзім ғана жұмыс істеймін. Кезінде екі-үш орталық ашып, оқушыларды көбірек қабылдағым келген. Көп ұзамай бәрін жабуға тура келді. Өйткені, балалармен жұмыс істейтін мұғалім жоқ. Мектептің бөлмесін жалға аламын. Мемлекет осы жағынан көмек берсе деймін. Ерекше балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер жетіспейді. 

Қазір Ақтөбедегі №39 және №4 мектепте бір жылдық апробация жүріп жатыр. Жұмыстың нәтижесі салалық министрлікке жіберіледі. Егер нәтиже дұрыс болса, орта білім беретін мектеп пен ерекше балаларға білім беретін орталық менің ұсынған бағдарламам бойынша жұмыс істейді. Ерекше балаларды терең түсіну үшін магистратурада Дефектология бөлімінде оқып жүрмін», – дейді Гүлсана.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №40
03 қазан 2023 жыл

3717 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор