- Сенің замандасың
- 02 Қазан, 2023
Трансплантация жасаған адамдарға арналған қосымша

Еліміздегі өзекті мәселенің бірі – органдарды трансплантациялау. Мыңдаған адам өмірін құтқаратын операцияны күтіп жүр. Өкінішке қарай, жүздеген адам арманына жетпей, өмірден өтіп кетті. Кейінгі жылы 3971 адам күту тізіміне енген. Олардың 120-сы – кішкентай сәби мен кәмелет жасына толмаған бала. Күту тізіміндегі 300-ге жуық адам қайтыс болды. Біздің елде донор атану оңай, бар болғаны сізге электронды қолтаңба кілті ғана қажет. Бұл туралы бізге Revita жобасын жасаған Диас Баймұханов, Мадияр Молдабаев және Дінмұхаммед Нұран баяндап берді.
Мадияр донорлық туралы кездесетін мифтерге талдау жасады. Ол медицина қызметкерлеріне сенбей, денсаулығын құртатын адамдардың ісі қате екенін жеткізді. «Әкем жүрек талмасына ұшырап, ал анам белгісіз аурумен қиналғанда мақсатымды түсіндім. Ол мақсат – жоғары технологияларды қолдану арқылы денсаулық саласын жаңғырту, нақты өзгерістер әкелу», – дейді ол.
Диастың айтуынша, олардың даму векторы – отандық өнімді құрылғы түрінде жасау. Жүректің соғу жиілігі, қанның қанықтығы, артериялық қан айналымы, ЭКГ, педометр және ұйқы сапасын бағалау сияқты медициналық көрсеткіштердің мониторингі. Бұларды үш құрылғы арқылы жүзеге асырмақ: смарт сағат, смарт тонометр және Zikir сияқты ақылды сақиналар.
Ал үшінші спикер Дінмұхаммед осы жобаның функционалдық қызметіне талдау жасады. Науқастардың органына трансплантация жасалғаннан кейін олардың денсаулығын бақылау керек. Бұл қосымша дәрілерді үзбей, уақытында ішу, дәрігермен байланыста болу сынды қызметтерді ұсынады. Өте өзекті мәселені қозғап, денсаулық сақтау саласына айтарлықтай жаңалықтар енгізген үш жігіттің спичі көрерменге қызық болды. Жобалары іске асып, тек оң нәтиже көрсететініне сенеміз.
Мерей АУҒАЛИ,
«Ұланның» жас тілшісі, Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ-дың 3-курс студенті
«Ұлан» газеті, №40
03 қазан 2023 жыл

1680 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *