- Сенің замандасың
- 02 Қазан, 2023
«Сынақтар бізді күшейтеді»

Конференция соңында Ninety one тобының мүшелері буллинг туралы сөз қозғады.
«Алғашқыда буллингке дайынбыз деп ойладым. Шаш бояп, сырға тағып шыққанға аса бір негатив болады деп күтпедім. Десе де, үлкен дау болып, әлеуметтік желілерде онлайн буллинг басталып кетті. Ол өсе келе шынайы өмірде де жалғасын таба ма деп сескендік. Бұл буллингтің бәрі мектептегі және басқа ортадағы буллингтерге мүлде келмейді...
Барлығымыз бірге осы нәрсеге төтеп бере алдық. Ал жалғыз болсақ, осы жағдайда қалай төтеп беретінімізді білмеймін. Осы кезде біз барынша өнерімізді шыңдап, халыққа өз стиліміздегі мағынасы бар әндерді сыйлай бастадық. Осы арқылы бізді ұнатпайтын адамдар мен ұнататын адамдардың саны теңесті. Жанкүйерлеріміз пайда болғаннан кейін бізді ешкім тоқтата алмайтынын ұғындық. Бізге жанкүйерлеріміз үлкен серпіліс пен күш берді. Осының нәтижесінде өзімізді мойындатып, Eaglez-ға да, жалпы халыққа да жоғары деңгейде бейнебаяндар мен әндер ұсына бастадық. Осылай жүріп, қалай қиындықты бастан өткізгенімізді байқамай қалдық», – дейді Азамат Ашымақын.
«Бізде тек хейтерлер ғана емес, EAGLEZ болды. Негізінде жеккөретін адам өзіне жетіспейтінді сенен көргісі келмейді. Сені өзі секілді әлсіз адам ретінде көргісі келеді. Ал шынайы жанашырың сені сол қасиеттерің үшін жақсы көреді. Сенен соны үйреніп, саған да бірдеңені үйретіп, бір-біріңнің ерекше, дара тұлға екеніңді біліп, бірге өсесіңдер. Менің осы жолда түсінгенім, әлем біржақты емес. Барлық жерде сені түсінбейтіндей болса да, міндетті түрде сені түсінетін адамдар да бар. Сынақтар тұлғаны сындыра да, күшейте де алады. Ол тұлғаның өз таңдауы. Сенде таңдау бар екенін ұмытпа. Сынақтар бізді күшейтеді», – деді Дулат Мұхаметқалиев.
Ninety one тобы балалардың құқығы туралы да пікір білдірді.
– Балалар туралы медиадағы жаңалықтың басым көпшілігі негатив болғаны – оқырманның сұранысы. Әр адам ақпараттық гигиенаны сақтап, тек қана негатив ақпаратқа қызықпаса, жақсы бағыттағы жаңалықтарды оқуды өзінен бастаған жағдайда ғана өзгереді. Кішкентай баланың барлық іс-әрекеті дұрыс болмауы мүмкін. Бірақ, айтарым, ата-ананың баламен бірге өткізетін уақыты мен сөйлесуі маңызды. Менің інім де, қарындасым да бар. Оларға барлығын жай ғана түсіндіруіміз қажет, – деді Данияр Құлымша.
– Негізі күнде балалар бір байқаудан жеңіске жетіп келеді немесе бір нәрсе ойлап табады. Бірақ олардың барлығын ақпараттық порталдар насихаттамайды. Ал балаға бір нәрсе болып қалса, жарыса жазады, – деп қынжылды Азамат Ашымақын.
– Ата-аналар, балаларыңызды мақтаңыздар. Баламен дос секілді сырласыңыздар. Жақында қарындасым бұрын ВК-да сөйлескен хаттарымызды жіберіп тұр. «Қарашы, бұрын қалай сөйлескенбіз. Барлық нәрсені ашық айтыппыз ғой. Сен менің жақын досым болғансың», – деді. Осы арқылы біз жақындай түстік. Қазір де қарындасым өмірінде не болып жатқанын айтып тұрады. Сол үшін де балаға қаталдық танытпай, мейірім мен қамқорлықты көрсетуіміз қажет, – деді Батырхан Мәліков.
Аяулым Құдайберген,
«Ұланның» жас тілшісі,
Еуразия Ұлттық университетінің 1-курс студенті
Суреттерді ЮНИСЕФ қоры ұсынды
«Ұлан» газеті, №40
03 қазан 2023 жыл

4161 рет
көрсетілді0
пікір