• Әуез
  • 23 Қыркүйек, 2023

«Өнерге әрқашан адал бол»

Ерлан Рысқали – қазақтың дәстүрлі және халық әндерін кеңінен насихаттап жүрген дарынды әнші. 1982 жылы 15 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында туған. Ақан сері, Біржан сал, Тәңірберді Молдабай сияқты талантты адамдардың жолын жалғастырып жүрген Ерлан аға «Ұлан» газетіне сұқбат беруге қуана-қуана келісті.

– Ерлан аға, сіздің өнер жолыңыз алғаш қай кезден бастау алды және өнер саласына бет бұруыңызға кім түрткі болды?

– Мен бес жасымнан бастап қолыма домбыра алып ән салдым. Өнер саласына бет бұруыма әкем ықпал етті. Ол кісі қыстың кезінде мені пештің қасына отырғызып, қолыма домбыра беріп, халық әні «Сұржекей» мен Біржан салдың «Жонып алды» әнін үйреткен болатын. Сол кезден басталған өнерге деген махаббатым қазірге дейін еш сарқылған емес. Әкем де, анам да өнерге жақын адамдар. Әкем дүниеден қайтты, анам тірі. Анам 11 құрсақ көтерген және олардың барлығы баян, домбыра, гитара аспаптарында ойнап, ән айтады. Бір сөзбен айтсам, әулетімізбен өнерге жақынбыз.

– Қалай ойлайсыз, қазіргі заманда дәстүрлі музыка өнері дамып жатыр ма?

– Бұл өте күрделі сұрақ. Бір қарасаң, дәстүрлі музыка өнері дамып жатқандай көрінеді. Мемлекет дәстүрлі әншілерімізге қолдау көрсетіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Бірақ қазір қазақ даласына, қазақ руханиятына әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі шабуыл жасалып жатыр. Шабуыл дегенім – атыс-шабыс емес, ақпараттық шабуылды меңзеп отырмын. Біз түрлі жалған ақпараттың жетегінде кетпей, оған қарсы тұруымыз керек. Әрбіріміз тарихымызды, салтдәстүрімізді, қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп, оған құрметпен қарауға міндеттіміз. Сонда ғана нағыз қазақтың дәстүрлі өнері мен құндылықтары ұштасып, көп жетістікке жетеді.

– Әрбір әншінің бойында міндетті түрде қандай қасиеттер болуы керек?

– Өнерге деген адалдық, ұқыптылық, еңбексүйгіштік, ізденіс керек.

– Дәстүрлі музыка өнерін қалай қарқынды дамытуға болады?

– Дәстүрлі музыка өнерін дамыту үшін бір ғана адамның күші жеткіліксіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтпаса керек. Барлығымыз бірігіп әрекет етсек қана бұл саланы қарқынды дамыта аламыз. Дәстүрлі музыка өнеріне ақпарат құралдарынан, мемлекеттен, халықтан қолдау қажет. Сонымен қатар, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында «дәстүрлі өнер» атты сабақ өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді.

– Домбыраны қалай тез үйреніп алуға болады?

– Домбыра тартуды тез үйрену үшін адамға қабілет, тұрақтылық керек және «слух» деп айтамыз ғой, ол Алладан берілетін дүние. Алладан берілген талантты дамытып, еңбек ету қажет. Домбыраны білікті ұстаздан үйренген абзал. Ұстаз сенің қатеңді жөндеп, жетістікке жетуіңе көмегін тигізеді. Домбыра тартуды үйреніп жүрген адамдарға сапалы домбыра қажет. Естай Беркімбайұлы атамыздың: «Әншінің домбырасы – қолғанат», – деген керемет сөзі бар. Домбыра әншіге шабыт сыйлайды. Егер домбыраның сапасы мықты болса, әнді шабыттанып айтасың. Ал енді тозығы жеткен домбыра болса, көңілдің қошы келмей, ән айтуға құлшыныс болмайды. Ән айтқанда домбыраның алар орны ерекше. Домбыраның жақсы болуы ағашына және домбыра жасаушы шебердің тәжірибелі болуына байланысты. Домбыраны таңдар кезде тәжірибелі маманның көмегіне жүгінген дұрыс. «Талғамға талас жоқ» демекші, әркім өзіне ұнаған домбыраны алады. Біреуге қоңыр, ашық үнді ұнаса, енді біріне жабық, қышқылдау үн ұнайды. Бірақ барлығына ортақ талап – домбыраның үнінің анық шығуы, пернелерінің дұрыс жұмыс істеуі, сапалы болуы.

– Өнер жолындағы ұстаздарыңыз кімдер?

– Ең алғашқы ұстазым – әкем. Одан кейін А.Жұбанов мектебінде мені күйге баулыған Айтжан Тоқтағанұлы және Гүлперизат Елеусізқызы. Ардақ Исатаева, Қайрат Байбосынов сынды ұстаздарым да бар. Өнерге үлес қосқан адамдардың барлығына құрметпен қараймын, барлығын ұстазым санаймын. Бірақ негізгі ұстазым әкем Рысқали және Жүсіпбек Елебековтің алғашқы шәкірттерінің бірі Санақ Әбеуов, одан кейін Бекболат Тілеухан ағамыз. Осы үш кісі менің толық әнші болып қалыптасуыма үлкен еңбек сіңірді.

– XXI ғасырдың музыка өнеріне көңіліңіз тола ма?

– Өкінішке қарай, қазіргі әндерге, музыкалық шығармаларға көңілім толмайды. Не басы, не аяғы жоқ мән-мағынасыз әндер көбейіп кетті. Осындай жағдай болмас үшін мағыналы, пайдалы дүниелердің санын көбейтіп, халыққа қазақтың нағыз мәдениетін таныстыруымыз қажет. Кейде мәдениетті күшпен орнатуға тура келетін кездер болады. Мемлекет қазақтың ұлттық өнерін, мәдениетін білуді міндеттеуі қажет. Әрбір қазақ өнерге құрметпен қарауға және оны насихаттауға міндетті. Техниканың дамып кеткені сонша, қазір барлығы шетінен әнші. Дауысы жоқ, өнерден хабарсыз адамдар компьютер арқылы дауысын өңдеп, танымал болып жатыр. Фонограмманың көмегімен халықты алдап жүрген әншісымақ көп. «Жанды дауыспен ән салшы» деп айтсаңыз, ат-тонын ала қашады. Техниканың аса дамығаны адамның талантының тозуына, жасандылыққа әкеліп соқтырып жатыр.

– Егер әнші болмасаңыз, кім болар едіңіз?

– Мен кез келген салаға тез бейімделіп кетемін және жұмысты жатырқамаймын. Мейлі қара жұмыс болсын, мейлі басқа жұмыс болсын, еңбек етуге дайынмын. Аллаға шүкір, барлық салаға тез үйренісіп кете аламын.

– Өнер саласына қызығатын жастарға айтар ағалық ақыл кеңесіңіз болса...

– Өнер саласына қызығатын жастардың барына қуанамын. Өнер – мәңгілік дүние. Жастарға айтарым, не болса соны көріп, тыңдай бермеңдер. Әннің сөзіне, тарихына мән беріңдер және күй, терме тыңдасаңдар, оның мазмұнына, құрылымына назар аударыңдар. Абай Құнанбайұлы атамыздың:

«Көбінесе ән басы келеді ащы,

«Кел тыңда!» деп өзгеге болар басшы.

Керім толғап, тауысар қаңғыр-күңгір

Сол жеріне ойыңмен араласшы», – деген керемет сөзі бар. Кез келген дүниені түсініп, ой елегінен өткізіп, саралап тыңдау қажет. Сонымен қатар, жүрген орталарыңа мән беріңдер. Күнделікті өзін дамытатын, жетістікке жетуге ұмтылатын, білімді ортада жүріңдер. Осындай ортада жүріп, өздерің де солар сияқты боласыңдар. Қашанда жақсылармен жүріңдер! «Бәйгеге тек кілең жүйріктер ғана ілінеді». Уақытты бағалап, өздеріңді дамытумен айналысыңдар және үнемі ізденісте болыңдар. Ең бастысы, өздеріңнен мықтылармен жүруге қорықпаңдар!

– Өмірлік ұстанымыңыз және бос уақытыңызда немен шұғылданғанды ұнатасыз?

– Жәнібек Кәрменов ағамыз: «Адам боп келдім өмірге, адам боп өту – тілегім, бәріне соны тіледім», – деп айтып кеткен. Жәнібек ағамның айтқан осы сөзі – өмірлік ұстанымым. Абай атамыз да: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», – дейді барлық адамға ұлтына, нәсіліне, дініне қарамай, жатырқамай мейірімді төгуге тырысамын. Бос уақытым аз. Егер бос уақытым бола қалса, оны отбасыма арнауға тырысамын. Себебі, менің көп уақытым іссапарда өтетіндіктен, отбасыма жеткілікті көңіл бөле алмай қалатын кездерім болады. Іссапарда жүргенде отбасымды сағынамын. Сондықтан отбасыммен қыдырғанды, олармен уақыт өткізгенді ұнатамын.

– Марқұм Тұрсынғазы Рахимов атамыз туралы сұрасақ...

– Тұрсынғазы Рахимов атамызды өте жақсы таныдым, араластым. Ол кісі адам баласын бөлмейтін, барлығына бірдей қарайтын, көңілі сәбидей пәк болатын. Тұрсынғазы атамның әндерін бұрын айттық, әлі де айтып жүрміз. Күні бүгінге дейін ол кісінің әндері қоржынымыздан түспеген, түспейді де. Тұрсынғазы атамыз өмірден өтерінде арнайы үш әншіні шақырып алып, әндерін аманат еткен болатын. Сол кезде Тұрсынғазы ата: «Мен осы үшеуіне сенемін, менің мына әндерім сендердің ауыздарыңнан елге тарағанын қалаймын», – деген еді. Сол үш әншінің бірі – мына мен едім. Тірі кезінде атамызбен жақсы сыйластық, араластық. Жатқан жері жайлы болсын, сондай жақсы адам еді...

– Ерлан аға, сұқбатыңызға көп рақмет!

Диана АҒЗАМОВА,

11-сынып оқушысы

Семей қаласы

«Ұлан» газеті, №39
26 қыркүйек 2023 жыл

373 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор