- ҰЛАН
- 18 Қыркүйек, 2023
Зияткерлік мектепке қалай түсемін?
Бұл – білім жолына ұмтылған әрбір оқушыны, ата-ананы ойландыратын сауал. Бүгін осы сұраққа жауап іздеп көрсек. Назарбаев зияткерлік мектептері еліміздің әр аймағында 2009 жылдан бастап ашыла бастады. Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебіне оқушылар 7–9-сыныптарға қабылданады. Конкурс екі кезеңнен тұрады. Кейіпкеріміз Мира Сержанова 2009 жылы Ақтөбе қаласында туған. Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы. Ол зияткерлік мектеп туралы сауалдарымызға егжей-тегжейлі жауап берді.
– Назарбаев зияткерлік мектебіне қалай түсуге болады?
– Өзімнің тәжірибем туралы айтар болсам, Ақтөбе қаласындағы «Достық» білім беру орталығында дайындалдым. Мекемедегі ұстаздардың арқасында НЗМ-ге жоғары балмен түсіп, «Өркен» грантын иеленіп қана қоймай, Ақтөбе қаласындағы қыз балаларға арналған Білім-инновация лицейіне жолдама алдым. Алайда, НЗМ-ге түсу үшін қандай да бір орталыққа жазылу маңызды емес. Өз бетінше дайындалып, мектепке түскен оқушыларды да білемін. Әр жылы «Өркен» грантын иеленетін оқушылар саны әртүрлі. Сондықтан НЗМ-ге түсу үшін ең маңыздысы – рейтингтегі алғашқы орындардың бірін иелену. Сынақта 6 пән (математика, сандық сипаттамалар, қазақ, орыс, ағылшын тілдері мен жаратылыстану) бойынша ЖББОМ жүргізілетін бағдарлама бойынша құрастырылған тапсырмалар болады. Сондықтан НЗМ-ге түсудің жолы – жоғарыда айтылған пәндер бойынша дайындалып, емтиханда жоғары балл алу.
– Жалпы орта мектептен зияткерлік мектепке ауысқанда қорқыныш болды ма?
– Облыс бойынша емтиханға қатысқан оқушылардың тізімінде мен 11-орында тұрдым. Бұған дейін оқуға қатысты мәселе болған емес. Сондай-ақ, бір мектептен екінші мектепке бірінші рет ауысқан оқушы емеспін. Сондықтан қорқыныш болған жоқ.
– Назарбаев зияткерлік мектебі саған не үйретті?
– Біздің мектепте академиялық адалдыққа ерекше назар аударады, яғни жиынтық бағалауда, емтиханда, олимпиада кезінде көшіруге, көмек сұрауға қатаң тыйым салынған. Қандай да бір ғылыми зерттеу жобалары жазылған кезде ақпараттың қайдан, қай мағлұмат көзінен алынғанын түсіндіріп, сілтеме қалдыру аса маңызды. Осы ереже мені және басқа оқушыларды адамның ұзақ уақыт бойы атқарылған еңбегін құрметтеуге үйретті. Сондықтан НЗМ-нің маған берген ең үлкен құндылығының бірі – құрмет.
– Жалпы білім беретін мектептермен салыстырғанда, зияткерлік мектептің оқыту мазмұны мен сапасында қандай айырмашылық бар?
– Біріншіден, жеке пәндерді оқыту тіліне қарамастан екі (қазақ/орыс) және үш тілде (ағылшын) оқыту: Қазақстан тарихы (Қазіргі әлемдегі Қазақстан), география, құқық негіздері қазақ тілінде; Дүниежүзі тарихы, информатика пәндері орысша; жоғары мектепте жаратылыстану ғылымдары мен жаһандық перспективалар және жоба жұмысы пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Екіншіден, халықаралық аккредитация көмегімен зияткерлік мектептің 12-сыныбын аяқтау туралы сертификатты халықаралық ұйымдар мен білім туралы сертификаттарды тану жүйелері және бакалавриат бағдарламаларына тікелей қабылдау үшін жетекші шетелдік университеттер (Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Германия, Гонконг, Жапония, Австралия, Жаңа Зеландия және басқа мемлекеттердегі жоғары оқу орындары) мойындайды. Ал еліміздегі жоғары оқу орнына түскенде, НЗМ түлектері оқуды бірден 2-курста бастайды. Үшіншіден, НЗМ-де жоғары баға алу үшін оқушылар бірбірімен және мұғалімдермен белсенді қарым-қатынас жасауы қажет. Өйткені, әдеттегі сабақ пікірталас форматында өтеді. Мұнда әрбір қатысушы тақырыпқа үлес қосуы керек. Бүкіл ұжымның жақсы үйлестірілген жұмысынсыз жұмыс істей алмайтын жаратылыстану пәндері бойынша зертханалық жұмыстар мен мектептегі көптеген сабақ жұптық немесе топтық жұмыстарға сүйенеді. НЗМ-де қалыптастырушы бағалау (яғни, сабақ бойынша алынған баға) тоқсандық, жылдық бағалауға әсер етпейді.
– Мектептегі күн тәртібі қандай?
– Әр оқушының күн тәртібі ерекше. Әр сыныпта күніне болатын сабақтар саны әртүрлі және әр оқушының сабақтан тыс қатысатын үйірмелердің өту уақыты, ұзақтығы да солай. Сабақтан сағат 14.00-де босайтын және үйірмеден кешкі сағат 18.00-де ғана шығатын оқушылар бар. Күн тәртібі бойынша барлығына ортақ уақыт – таңғы, түскі ас кезі.
– НЗМ-де ағылшын тілін білу маңызды ма?
– Ағылшын тілі – мектепке түсу үшін тапсырылатын сынақтағы пәндердің бірі. НЗМ оқушылары үшін ғана емес, мектепке үміткерлер үшін де оның маңызы зор. Жоғары сыныптарда пәндердің көбі ағылшын тілінде оқытылатындықтан, емтихан да дәл осы тілде дайындалады. Тілді білу көбіне 11-12-сынып оқушылары үшін аса маңызды. Осыған қарамастан, оқушылар 7-сыныптан бастап ағылшынша сабақтарға дағдылана бастайды. Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі физика-математика бағытында оқытады, яғни физика мен математика пәндері бойынша сағат саны көп. Олимпиадаларға да дәл осы пәндерден дайындық аса дамыған. Еліміздің басқа қалаларында химия-биология бағытындағы мектептер де бар.
– Оқушылар мектепте күні бойына таңертеңгі 9-дан бастап, кешкі 17.00-ге дейін болады. Оларға үй тапсырмасы беріле ме?
– Кез келген білім беру мекемесіндегідей, мектепте үй тапсырмасы міндетті түрде беріледі. Алайда, берілетін тапсырма өте көп деуге болмайды, кейбір пәннен үй тапсырмасы ретінде сыныпта аяқталмаған есептер беріледі.
– Сыныптан тыс мүмкіндіктер туралы айтып өтсең...
– Біріншіден, олимпиадаларға дайындалып, қатысу мүмкіндігі. Кейбір мұғалімдер дарынды оқушыларға тек мектеп бағдарламасын ғана емес, олимпиадалық есептерді шығару стратегиясын да түсіндіруге дайын. Олимпиадаларға дайындық сабақтан тыс уақытта өтеді және Ақтөбедегі НЗМ оқушылары мен түлектері желілік, республикалық, халықаралық олимпиада қатысушылары мен жеңімпазы атанды. Екіншіден, полиглот атану мүмкіндігі. Мектепте қазақ, орыс, ағылшын тілдерін белсенді оқыту өтіп жатыр. Сабақтан тыс уақытта, корей, неміс, қытай, француз тілдерін үйренуге мүмкіндік бар. Үшіншіден, НЗМ-де домбыра, би, сурет, мүсін, актерлік өнер, робототехника, тіпті, мультфильмдерді қазақ тіліне аудару (QMovie ұжымы) бағыттарында дамуға болады.
– НЗМ-ге қалай дайындалған дұрыс?
– Ең бастысы, өткен тақырыптарды қайталау және жүйелілік. Емтиханда математика, сандық сипаттамалар, үш тіл мен жаратылыстану пәндері бойынша сұрақтар келеді. 5-6-сыныптан бастап, дәл осы пәндерге ерекше назар аударуға кеңес беремін. Бос уақытыңызда ғаламторға жүктелген видео түсіндірмелер қарап, дәл осы пәндер бойынша қосымша әдебиет оқу арқылы біліміңізді арттыра аласыз. Тек қана білім жеткіліксіз, оны практикада қолданып үйрену қажет. Ол үшін алдыңғы жылдары болған емтихандардағы тапсырмаларды (оларды EduCon басылымының кітаптарынан немесе ғаламтордан табуға болады) орындауды ұсынамын.
Диана ӘДІЛХАН,
11-сынып оқушысы
Ақтөбе қаласы
«Ұлан» газеті, №38
19 қыркүйек 2023 жыл
370 рет
көрсетілді0
пікір