• ҰЛАН
  • 18 Қыркүйек, 2023

Жаңа медиадағы этика мен мүмкіндік

Алматыда алғаш рет Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Медиа дамыту қорының ұйымдастыруымен Жаңа медиа форум (New Media Forum) өтті. Форумның спикерлері мен хедлайнерлері заманауи сын-қатерлерді анықтау және олардың қазақстандық қоғамға әсерін бағалау мақсатында «Қазақстан» қонақүйінде бас қосты.

Форум бағдарламасында «Жаңа цифрлық әлем тәртібі», «Медиа нарығының эволюциясы», «Цифрлық кеңістіктегі жаңа медиа этикасы», «Медиа және технологиялар: ақпарат кеңістігінің трансформациясы», «Креатив индустрия және жаңа медиа» тақырыптары бойынша панельдік сессиялар өтті. Жаңа медиа қазіргі қоғамды қалыптастыру проце-сінде ерекше рөл атқарады. Олар жаңа орта, жаңа әлеуметтік құндылықтар, жаңа өмір салтын және қоғамды басқарудың жаңа принциптерін жасайды. Сол себепті де қазіргі медиа саласының дұрыс бағытта дамуы өте маңызды болып отыр. Форум жаңа медианың осындай өзекті мәселелерін талқылады. Мақсаты – форум қатысушыларының жаңа медианы пайдалану үшін қажетті құралдар мен білім беру, идеялармен алмасуға мүмкіндік жасау.

– Жаңа медиа дәстүрлі БАҚ-пен бір деңгейде дамып келе жатыр. Қазір ақпараттың таралуы жаңа медиаға байланысты. Жаңа медианы БАҚ өкілдері, контент авторлары, инфлюенсерлер мен блогерлер жасайды. Олардың деңгейі қандай? Форумда осы сұрақты талқыламақпыз. Іс-шараға жиырмадан астам отандық, шетелдік спикерлер келді. Біз мықты мамандарды жинай отырып, медиаға қызыққан жандарға осы саланың құралдарын үйретпекшіміз. Қазіргі жаңа медианың даму қарқыны айтарлықтай артты. 10 қыркүйек күні «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама» туралы заңының күшіне енуінің өзі жаңа медианың жаңа белеске көтерілуінің бір дәлелі. Мақсатымыз дәстүрлі БАҚпен жаңа медиа арасында байланыс орнату, – деді ұйымдастыру комитетінің мүшесі Бибігүл Құламан.

Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Евгений Кочетов алғы сөзбен бастады. Ол жаңадан күшіне енген «Онлайн платформалар және онлайн жарнама» туралы заңның маңызы мен артықшылығына тоқталды. Айтуынша, «Қазақстан блогерлердің заңды түрде тіркелуін міндеттейді» деген пікір теріс. Алайда онлайн кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті. Алғашқы «Жаңа цифрлық әлем тәртібі» атты сессияда Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Үндістаннан келген медиа сала өкілдері қатысты. Олар жаңа медиадағы қазіргі адам құндылықтарының маңызын сақтау қажет екенін баса айтты. Одан өзге медиадағы блогерлердің ақпарат таратудағы жауапкершілігі жайында даулы пікірталас қозғалды. Бірінші тарап жарнама жасауда ақшаның монетизациясы маңызды десе, екінші тарап қазіргі заманда манипуляцияға жол бермеу керектігін баса айтты.

– Цифрлық ақпарат айдынында әркім өзінің ойын айтуға мімкіндік алды. Жаңа цифрлық әлемнің тәртібі рухани тұрғыдан қаралуы керек. Әлеуметтік желілердегі жылтыраған дүниелерге еріп кетуге болмайды, – деді «Eki bala» және «Asia Mix» жобаларының авторы Эльдияр Кененсаров.

Фейк ақпарат тарату мәселесі

«Медиа нарығының эволюциясы» сессиясында телевизия аудиториясы мен интернет қолданушыларының нақты саны жөнінде International Media Service басқарушы директоры Дильмурад Рахимов тоқталды. Оның айтуынша, жеті жыл ішінде телевизияда әрбір үшінші телекөрермен интернетке ауысты. Көрсеткіш 36 пайызға азайған. 2015 жылы интернет қолданушылары 6 пайыз болса, қазір 41-ге дейін өсті. Бұл өз кезегінде қаржының да көбеюіне алып келді. Эфир уақыты 2022 жылы 1 миллиард болса, ал биылғы көрсеткіш 1,3 миллиардқа артты. Одан бөлек, блогерлердің фейк ақпарат тарату кезіндегі жауапкершілігі туралы мәселе қозғалды. Біріккен Араб Әмірліктерінен келген медиа сарапшы Юлия Сычева Сауд Арабиясында жалған ақпарат таратқан блогерлер өлім жазасына кесілетінін айтты. Ал вице-министр Евгений Қазақстанда фейк таратқандар тек айыппұл төлейтінін жеткізді. Бірақ, жауапкершілік әркімнің мойнында екені хақ.

Креатив өнім шығару мәселесі

Форумның қызықты әрі белсенді талқыланған бөлімі «Креатив индустрия және жаңа медиа» мен «Цифрлық кеңістіктегі жаңа медиа этикасы» болды. Екі сессиядағы медиа мамандардың ойы бір жерден шығып жатса, кейде келіспеушілік те болды. Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі креатив индустрия – Қазақстанның жаңа табыс көзі. Осы тұрғыда еліміздегі жаңа медиадағы жобалардың жүзеге асуы жайында салмақты ойлар айтылды. Әнші, хореограф, продюсер Ерболат Беделхан: «Елімізде креатив индустрияны дамытатын жастарға көп басымдық берілуі керек. Оңтүстік Кореяның мәдениет басқармасындағы жұмыстарды жекеменшік интертеймент компаниялар жасайды. Осылайша, оларда медиада бәсекелестік бар. Тағы бір мәселе, еліміздің медиа саласында жеке кеңістік жоқ. Қарапайым авторлық құқық кейде сақталмай жатады. Сол себепті мемлекет медиада өз өнімдерімізді шығару үшін үлкен жұмыс істеуі керек», – деді. Ал сценарист, жүргізуші Марат Оралғазин: «Адам – мемлекеттің басты капиталы. Медианы дамытуды мемлекет тарапынан өзге жеке қорлар да жұмыс істеуі керек. Дегенмен де, мемлекеттің де қолдауы маңызды. Біздің байлығымыз – жердің астында емес, жердің үстіндегі біз. Еліміздегі креатив жастардың арқасында қазір жастар қазақша әндер тыңдап, отандық сериалдар мен фильмдерді көре бастады. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Медиа саласында жобалардың авторлары жұмысын тоқтатпай, дамыта беруі керек. Қазақстандық трендтер мен өнімдер енді-енді ұлғайып келеді. Шығармашылық адамдардың еңбегі еленбей қалмаса екен», – деді.

«SayahatTime» Ютуб арнасының авторлары Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы отандастарымыз танымдық контентке мұқтаж екенін айтты. Олардың Ютуб арнасындағы жобалары күн сайын танымал болып келеді. Ендігі кезекте шығармашыл жандардың мақсаты – еліміздің көрікті жерлерін өз күшімен аралап, медиаға жаңа өнім ұсыну.

Медиадағы этика мәселесі

Қазіргі медиада этика мәселесін айналып өте алмаймыз. Форумда Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы, телехикая продюсері, журналист Перизат Мырзахмет, Manshuq интернет баспасының бас редакторы Гүлмира Құсайынова адамдардың басты жауапкершілігі этикаға негізделуі қажет екенін жеткізді. Одан өзге ақпарат кеңістігінің трансформациясы жайында медиа мамандар Абай Сейфулла, Шынар Сапар, Александр Мелентьев сөз қозғады.

Бір күндік форум тек медиа мамандарды ғана емес, журналистика факультетінің студенттерін тоғыстырды. Болашақта осы салада дамимын деген жастар үшін бұл керемет мүмкіндік болды.

– Журналистика факультетінің студенті ретінде New Media Forum сынды шаралар еліміздің журналистикасын, жалпы медиасын дамыту үшін керек деп есептеймін. Мұндай форумдар медиада жыл сайын өтіп тұратын жиындар санатына қосылса екен. Бұл бізге ақпарат кеңістігінің жағдайын объективті бағалауға және оны жақсарту үшін қандай жұмыс істеуді көрсетуге көмектеседі, – деді форум қатысушысы Алтынай Телібаева.

Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №38
19 қыркүйек 2023 жыл

405 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор