• ҰЛАН
  • 18 Қыркүйек, 2023

Оқушылар мектепте қалай тамақтанып жүр?

Ақыл-ой мен физиологиялық даму бала кезде және жасөспірім шақта жүзеге асады. Ал бұл кезеңде бала қажетті энергияны, қуат көзін астан алады. Өсудің әр кезеңі жетілумен, ағзадағы өзгерістермен ерекшеленеді. Бала өскен сайын ағза қажет ететін тағам түрлері де өзгере береді. Сондықтан мектеп қабырғасындағы балалардың тамақтануына ата-ана да, мектеп те айтарлықтай көңіл бөлгені дұрыс. Мектеп демекші, оқу жылындағы оң өзгерістің бірі – әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларының тегін тамақтануы.

Бұған дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілген еді. Биыл бұл көрсеткіш 56,6%-дан 100%-ға жетті. Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңге, ең жоғары баға Алматы қаласында – 800 теңге. Тегін тамақ қарастырылмағанмен, жоғары сынып оқушылары да мектеп асханасынан тамақтанады. Олардың мектепте қалай және қанша теңгеге тамақтанатынын зерттеп көрдік.

АЙЫНА ЕҢ АЗЫ 12 МЫҢ ТЕҢГЕ КЕТЕДІ

Мектептердің сайтындағы ақпарат бойынша, асхана мәзірі облыс, аудан-дарда әркелкі. Алдымен Алматы қала-сындағы мектептердің асханасына шолу жасадық. Мектепте тамақтану шығынын есептемек болып №58 жалпы білім беретін мектеппен байланыстық. Тарих пәнінің мұғалімі Самал апай газетіміздің тұрақты оқырмандарымен кездесу ұйымдастырып берді. Әр сабақта «Ұланның» материалдарын пайдаланып жүрген достарымыз 10 «Ә» сынып оқушысы Ажар Зәуірбек және Бағлан Оңғармен әңгімелестік. Мектеп асханасында қуырылған тағамдар сатылмайды екен. Ұн өнімдері, пицца, бәліштің бірнеше түрі бар. Бағалары 200 теңгеден 300 теңгеге дейін. Түрлі жеміс дәмімен, газсыз сусындардың бағасы 250 теңгеден аспайды. Ыстық тағам – 700–800 теңге.

Ажар: Асхана мәзіріндегі тағамдар-дан жиі алатыным – тоқаштар мен пицца. Ал сусын міндетті түрде. Пиццаның бағасы – 250 теңге, сусын – 250 теңге, тоқаш та осы бағада. Шамамен мектепте тамақтануға 500–800 теңге жұмсайды екенмін. Тиімді болғандықтан ба, әлде күнде алып үйреніп кеткендіктен бе, бағасына мән бермеймін. Бірақ тойымды әрі сіңімді болуы маңызды. Өйткені, тоқ жүрмесек, бар зейінді сабаққа қою қиынға соғады.

Бағлан: Бір күнде екі-үш рет асханаға барамын. Бұл жерден күнделікті сатып алатыным самса мен шабдалы дәмі бар сусын. Сонда тамаққа кететін күндік сома 800 теңге айналасында. Меніңше, бұл оқушы үшін арзан баға емес. Біз бір отбасыдан екі бала жоғары сыныпта оқимыз. Күніне екі-үш рет асханаға барғандықтан, екеуміз 1500–2000 теңге шамасында ақша жұмсаймыз. Әңгіме үш-төрт баласы жоғары сыныпта оқитын отбасылар туралы болса, қалтаға ауырлық екені түсінікті. Бәріне ақша жету үшін олар екі-үш рет емес, бір рет тамақтанып жүрген де болар. Осыдан кейін қала сыртындағы мектеп асханасы мәзірінің бағасын есептеп көрдік.

Кәусар Алчинова – Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының Жамбыл ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектептің 7 «Ә» сынып оқушысы. Кәусардың айтуынша, мәзірдегі тағамдар жоғарыда айтып өткен №58 мектептегідей. Кәусардың да ұнататын, күнделікті тұтынатын тағамы – пицца, картоп салмасымен жасалған тоқаш. Бағасы – 250 теңге. Сусындар 170–200 теңге. Кәусар мектепте тамақтануға күніне 250–450 теңге жұмсайды.

Алматыдан өзге қалалардағы ахуалды білу мақсатында, басқа қаладағы достарымызбен де байланысқа шықтық. Әр аймақта әртүрлі. Мәселен, оралдық құрбым: «Біздің ауылдағы мектепте табысы көп отбасы балаларынан басқасының бәрі тегін тамақтанады. Бірнеше жылдан бері осы жүйе. Мүмкін демеуші бар ма, онысын білмейміз. Бастысы, оқушылар тоқ, атааналардың көңілі жай», – дейді.

Келесі оқушы – талдықорғандық Оралбек Дінмұхамед. №9 орта мектептің 8 «Б» сыныбында оқиды.

«Мектебіміздің асханасында салқын және ыстық тағамдар, сүт өнімдері мен түрлі сусындар сатылады. Таңғы ас тамақтары: ботқа, шәй немесе кофе, кейде сүт, май мен нан. Асханадан оқушылармен қатар, мектеп қызметкерлері, мұғалімдер тамақтанады. Аспаздар дәмді әзірлейді. Бірақ, біз сыныптас достарымызбен үйден тамақ әкелгенді жөн көреміз. Әкелуге мүмкіндік болмаған күндері мектеп асханасынан ыстық тамақ немесе картоп салмасы бар бәліш аламыз. Мысалы, бір күні ыстық тамақ пен сусын ішуім мүмкін. Ертесіне ыстық тамақтың орнына картоп бәлішін аламын. Картоп бәліші – 220 теңге, сусын – 350 теңге, тауық сорпасының бағасы – 700 теңге. Шамамен күніне бір ғана түскі асқа 570–1050 теңге жұмсаймын. Күнде емес, әрине, бірақ таңғы асты да мектептен ішетін кездер болады. Үйімде үш бала мектеп оқушысы болғандықтан, тағам бағасына назар аударамыз. Бірақ асханада баға тұрақты», – дейді ол.

Өңірлердің мектеп асханаларындағы тағам түрлері мен бағалары ұқсас. Орташа есеппен бір жоғары сынып оқушысы күніне 600 теңгеге сауда жасаса, бір айда (демалыс күндерін есептемегенде) 12 000 теңге жұмсайды екен.

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАМАҚ РАЦИОНЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

Бағадан бөлек, сапа да әрқашан маңызды. Мектеп асханасының мәзірінде дәрумендерге бай тағамдарды көбейту керектігі байқалады. 2020 жылы 30 қаңтарда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында жарияланған «Оқушылардың дұрыс тамақтануы – маңызды мәселе» деген мақалада балалар ас мәзірін жасаудағы негізгі қағидалар айтылған:

«4-5 реттік тамақтану ұсынылады. Тамақ ішу аралықтары 2,5–3 сағат. Ас мәзірі алуан түрлі болған сайын, қандай да бір нутриенттер (дәрумендер, минералдық заттектер, пайдалы май қышқылдары, биологиялық белсенді заттектер) тапшылығының қаупі төмен болады. Күнделікті баланың рационында 5 негізгі топ өнімдері болуы қажет:

– жармалар, нан (қоңыр ұннан болғаны дұрыс), кейде макарон өнімдері;

– көкөністер, жеміс-жидектер, балғын күйінде күніне кемінде 400 г тұтыну қажет;

– ет, құс еті, балық, бұршақ тұқым-дастар, жұмыртқа, жаңғақтар;

– сүт және ашытылған сүт өнімдері;

– майлар: өсімдік майының 1 ас қасығы (суық сығымдау арқылы алынған, өңделмеген), сары май (30 грамнан аспайды)».

Білімді болу үшін сабақтағы ақпаратты қағып алу керек, достар! Ал ол алғырлықты, зеректікті талап етеді. Ақыл-ой және физиологиялық тұрғыда қатар дамимын десеңдер, кейіпкерлеріміз сияқты тойымды әрі тиімді бағада тамақтанып жүріңдер!

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №38
19 қыркүйек 2023 жыл

397 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор