• ҰЛАН
  • 11 Қыркүйек, 2023

Тұрсынғазы Рахимовтың немересі қандай бала?

Семей – руханияттың бастауы. Өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы. Семейде А.Құнанбайұлы, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердіұлы сияқты ұлт зиялылары мен Алаш қайраткерлері тұрғаны, еңбек еткені, өшпес із қалдырғаны мәлім. Қаланың дамуына үлес қосқан, өнер жолында көп жетістікке жеткен, Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткерлері көп-ақ. Десе де, тыңдарман жүрегінен ерекше орын ала білген Тұрсынғазы Рахимов атамыз жайлы айтпасқа болмайды.

Елебековтің үніне еліткен Тұрсынғазы

Тұрсынғазы Рахимов – семейлік әнші, сазгер. М.Мақатаев сыйлығының лауреаты, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Талантты актер, білікті ұстаз. 1951 жылы 15 қазанда Аягөз ауданының Малтыкөл ауылында дүниеге келген. Көпшілікке «Сәби болғым келеді» әнімен танылған. Тұрсынғазы бала кезінен ақын Мұқағали Мақатаевтың жырларына аса ынтық болып өседі. Мұқағалиды алғаш Тарбағатайда кездестіреді. Ағасы ақынжазушы, журналист Ерғазы Рахимовтың үйінде көріп, өлең-жырын өз аузынан естиді. Тұрсынғазы Мұқағали Мақатаевтың 30 шақты өлеңіне ән жазған. Оның «Дариға, домбырамды берші маған», «Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Аягөз ару», «Нені аңсаймын», «Қазағым-ай», «Санаулы күн» сияқты әндері жүректі тебірентпей қоймайды. Қазіргі заманда Мұқағалидың өлеңдеріне Тұрсынғазыдай үңіліп, әрбір сөзді ой жетегінен өткізіп, саралап ән жазған адам әлі кездеспеді. Мұқағали Мақатаевтың бойындағы барлық талант құдды бір Тұрсынғазы атамызға берілгендей…

Тұрсынғазы Рахимов үнемі «Үш ұстазы» жайлы айтып отырыпты. Бірінші ұстазы – Жүсіпбек Елебеков. Ол кісі: «Сен сазгерлікпен айналысасың. Сені асырайтын қара домбыраң», – деп айтып кеткен екен. Жүсіпбек атамыздың айтқаны тура келді. Тұрсынғазы Рахимов сазгерлікпен де айналысып, өмірінің соңына дейін қасиетті қара домбырасын қасынан тастаған емес. Осы тұста Жүсіпбектің бала Тұрсынғазының ауылында концерт өткізгені жайлы айтып бергім келіп отыр. Тұрсынғазы алыс ауылдардың бірінде тұрғандықтан, әншілер ол жаққа концерт өткізуге жиі келе бермепті. Бірақ Жүсіпбек Елебеков ауылдың алыста болғанына қарамастан, концерт өткізген екен. Осы концертке бала Тұрсынғазы көрермен ретінде қатысып, ерекше әсерге бөленген. Әйгілі әншінің дауысы қатты әсер еткені соншалық, ол ешкімнің көмегінсіз домбыра тартып, ән айтуды үйреніп алған. Дәл осы күннен бастап Тұрсынғазының өнерге деген шабыты ашылып, үнемі радиодан түрлі ән тыңдап, жаттап алып, үйіне келген қонақтарға айтып беріп жүрген. Екінші ұстазы – Есмұхан Обаев. Ол кісі сахна әдебін, сахна тілін үйретіп, сахнаға әбден баулыған. Обаевтың берген сапалы білімінің арқасында Тұрсынғазы Рахимов Семей қаласында Абай атындағы музыка-драма театрында 11 жыл актер болып, түрлі рөлді сомдаған. Үшінші ұстазы – Теміржан Базарбаев. 1979 жылы «Сәби болғым келеді» әнін жазып шығарғанда бірінші болып ақ батасын беріп, оған ағалық ақылкеңесін айтып, қолдаған осы кісі екен.

Тұрсынғазы Рахимов тірі кезінде халықтың жылы ықыласына бөленген, көп жетістікке жеткен, бірақ үлкен экран бетінен көп көріне бермеген және өзі лайықты марапаттарға өмірден өткеннен кейін ғана қол жеткізген. Қазір Тұрсынғазы атамызға Семей қаласынан көше берілген, арнайы мұражай мен ескерткіш орнатылған, кітап жазылған. Шіркін, осының барлығы оның тірі кезінде жүзеге асқанда ғой…

Әнші, жазушы Жәнібек Кәрменов ағамыз:

«Қадірі болмас адамның,

Ортаңда тірі жүргенде.

Орны қалар ойсырап,

Бір күні көрге кіргенде», – деп бекер айтпаса керек.

Білесіздер ме, қазір Тұрсынғазы Рахимов атамыздың өзі ортамызда болмаса да, оның жолын жалғастырып жүрген тұңғыш немересі Досхан бар.

«Менің нәзік үмітімнің шырағы,

Ғасырлардан сен боп жанып тұрады.

Білген жанға немеренің тілінен,

Ағады екен мәңгі өмірдің бұлағы.

Ақ баталы аталарға теңеген,

Бәрінен де сен тәттісің немерем.

Сен де, балам, менің келер ғұмырым,

Махаббатқа мені бүгін бөлеген», – деп марқұм атасы Досханға арнап осындай мағыналы өлең жолдарын жазып қалдырған. Досхан «Ұлан» газетіне сұқбат беруге қуанақуана келісті.

– Менің аты-жөнім – Тұрсынғазы Досхан Сұңқарұлы. Жасым 17-де. Семей қаласында дүниеге келдім. Елімізге белгілі әнші Тұрсынғазы Рахимов атамыздың тұңғыш немересімін. Қазір М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің «Дәстүрлі ән» бөлімінің 3-курс студентімін, – деп ә дегеннен өзі жайлы қысқа-нұсқа айта кетті.

– Досхан, саған асылдың сынығы деп қараймыз. Осы уақытқа дейін өнерде жеткен жетістіктерің де баршылық екен...

– Республикалық «Мақатаев оқулары» конкурсына қатысып, бас жүлдені жеңіп алдым. Көкшетау қаласында өткен халық композиторы, ақын, әнші Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына орай «Ақаннан әуелеген әсем ән» республикалық дәстүрлі әншілер байқауында үздік өнер көрсеткенім үшін 3-орынды иелендім. Қазақтың дәстүрлі және халық әндерін насихаттап жүрген Ерлан Рысқали ағамыздың «Біржан сал» байқауында 3-орынды қанжығама байладым. 2019–2023 жылы толық домбыра курсын жоғары деңгейде аяқтадым. Оқу барысында арнаулы аспап, сольфеджио, музыка әдебиеті, қазақ музыка әдебиеті, ұжымдық саздандыру секілді пәндердің барлығынан үздік баға алып, оқуымды сәтті аяқтадым.

– Есіміңді кім қойды?

– Есімімді атам Досхан Жолжақсынов ағамыздың құрметіне қойған. «Досхан ағасы сияқты елге беделді, ұлтқа сыйлы, талантты болып өссін» деген екен. Қолымнан келгенше атамның қойған есіміне сай болуға тырысамын.

– Бос уақытыңда немен шұғылданасың?

– Дауысыммен жұмыс істеймін, домбырада күй тартып ойнаймын, кітап оқимын, жүзуге қатысамын, күн сайын спортпен шұғылданамын, фортепиано аспабында ойнағанды да ұнатамын.

– Сүйікті әншілерің кімдер?

– Қазақстандық әншілерден: Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Рамазан Стамғазиев, Мәдениет Ешекеев. Шетелдіктерден: Майкл Джексон, Фредди Меркьюри, Элвис Пресли, Эксл Роуз.

– Алға қойған қандай мақсатың бар?

– Атамның өнерін жалғастыру, Қазақстанға танымал әнші болу және әрқашан адам бойындағы бағалауға тұрарлық қасиеттерді жоғалтып алмау.

– Қазақтың дәстүрлі музыка өнерін қалай дамытуға болады деп ойлайсың?

– Дәстүрлі музыка өнерін дамытудың қандай да бір белгілі жолы жоқ. Дәстүрлі музыка өнері жоғары деңгейде дамуы үшін шынайы осы салаға қызығатын жастардың болуының өзі жеткілікті. Олар өздерінің Алла берген әсем үнімен халықты қаратып қана қоймай, өсіп келе жатқан ұрпақтың да қызығушылығын оята алады. Ең бастысы, дәстүрлі өнерге шынайы қызыға білу қажет. Шынайылық бар жерде ғана жетістік бар. Кейде БАҚ қызметкерлері тек эстрада әншілеріне көңіл бөліп, дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген әншілерімізге жеткілікті көңіл бөлмейтін сияқты көрінеді. Байқасаңыздар, дәстүрлі әншілерге қарағанда, эстрада әншілері тез танымал болады. БАҚ қызметкерлері қаласа, бір-ақ сәтте кез келген адам танымал бола алады. Барлығын бір жүйеге салып реттейтін уақыт жеткен сияқты…

Досханның ұстазы Қабышев Қайрат Арқашұлы:

Досхан өте талантты, білімді бала. Өзінің оқып жатқан мамандығын шынайы жақсы көреді. Емтихан кезінде көп бала бір ғана өлең жаттап, қашып-пысып жүретін болса, Досхан бірнеше өлең жаттап, тыңғылықты дайындалып, ұмтылып жүреді. Досханның Алла берген қоңыр дауысы бар, оны әлі де дамытсақ, елімізге әйгілі әнші болып шығатынына сенемін. Досхан түрлі байқауға қатысқанды ұнатады және мен де оны қолдап, әрқашан қасынан табылуға тырысамын. Досхандай баланың ұстазы болғаныма қуаныштымын.

– «Сәби болғым келеді» әні сенің әкеңе арнап жазылған екен.

– Тұрсынғазы атам «Сәби болғым келеді» әнін әкем Сұңқарға арнап жазған. Атам мен әжемнің алғашқы сәбиі шетінеп кеткен. Одан кейін дүниеге әкем Сұңқар келген.

«Құс та болғым келмейді, қанатым бар,

Қанатым бар күмістен жаратылған.

Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Бұл өмірден хабарсыз жаңа туған», – деген өлең жолдары бізді балалық шаққа жетелеп, тұла бойымызды шымырлатып, таңғажайып күйге бөлейді. Тұрсынғазы атамның Сұңқар және Шалқар деген екі ұлы бар. Атам тірі кезінде мейірімді, көңілі сәбидей пәк, кішіпейіл, жүрегі қазақтың даласындай кең еді ғой, жарықтық.

– Өнер жолындағы ұстаздарың кімдер?

– Құсайынова Мариям және Қабышев Қайрат Арқашұлы.

– Замандастарыңа не айтар едің?

– Фонограммамен ән айтуға аса әуес болмаңдар дегім келеді. Себебі, үнемі барлық жерде фонограммамен ән айту арқылы шынайы дауысты жоғалтып алу қаупі бар. Алланың берген дауысы болса, шынайы, еш қобалжымай ән айтқанға не жетсін. Өкінішке қарай, қазіргі заман жастары дайынға әбден үйреніп алған. Дауыс жазу орталығына барсаңыз, дауысы нашар адамдарды да кездестіресің. Дауыс жазушылар дауысты әдемілеп өзгерткенде шынайы дауысты ажырату қиын болып қалады. Дайынға әуес болмаңдар. Еңбек етіңдер. Жасандылықтың аты қашанда жасандылық екенін ұмытпаңдар! Өнермен кәсіби түрде шұғылданамын десеңдер, білікті ұстаздың қызметіне жүгінген абзал!

– Досхан, сұқбат үшін көп рақмет. Саған кәсіби шығармашылық табыстар мен жаңа жетістіктер тілеймін. Тек алға!

Диана АҒЗАМОВА,

11-сынып оқушысы

Семей қаласы

«Ұлан» газеті, №37
12 қыркүйек 2023 жыл

594 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор