• ҰЛАН
  • 11 Қыркүйек, 2023

Кемел Тоқаев балалар газетін қалай басқарды?

Жазушы Кемел Тоқаев – «Ұлан» газетіне тікелей қатысы бар тұлға. 1953–55 жылдары «Ұлан» (сол кездегі «Қазақстан пионері») газетінің редакторы қызметін атқарған. Ендеше, биыл 100 жылдығы аталып жатқан жазушы, қазақ детективінің негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың «Ұланда» өткен күндеріне назар аударып көрейік. Жазушы балалар басылымына қалай келді, нендей істер атқарды – сол туралы зерттеп көрмекпіз.

Редакциядағы алғашқы күн

Жазушы Жақау Дәуренбеков құрастырған «Кемел Тоқаев кеңістігі» атты естеліктер кітабы бар. Сондағы Әбілфайыз Ыдырысовтың «Темірқазық жұлдызым» деп аталатын мақаласы «Қазақстан пионері» газетіне Кемел Тоқаевтың редактор боп келгені мен сол кезеңдегі тіршілігін баяндайды. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің жауапты хатшы қызметінен балалар газетінің редакторлығына ауысып келген Кемел Тоқаев әріптестерімен алғашқы жиында былай деп сөз сөйлепті:

– «Былай, бауырлар! Менің білуімде, бастық, әсіресе, газет редакторы үшін ұжым санының аз-көп болуы мәнді емес. Оймақтай болса да, алдымен ол ұжымның бірлігі мәнді. Сол ұжым мүшелерінің бірін-бірі сыйлауы мәнді. Редактордың – ұжымды, ұжымның – редакторды сыйлауы мәнді. Ұжымына өзі үлгі-өнеге көрсетпеген, оны сыйламаған, ұжымын бірлікшіл етпеген, оны солай етіп ұйымдастыра білмеген редактор – редактор емес! Мен сіздерге өнеге көрсететін, жақсының жақсысын танитын, іскерлікті қолдайтын, алауыздыққа жол бермейтін, әділ қазы редактор болсам деп келдім. Мен де аспаннан түскен адам емеспін. Көптен жақсыны үйренсем, көпке жақсыны үйретсем деп келдім. Кәне, осы сәттен бірлікшіл болайық! Бір-бірімізді дұрыс ұғынайық. Бір-бірімізге көмекші болайық. Мен редактормын деп кеуде көтермеймін. Сіздер бағыныштымыз деп бұғынбаңыздар. Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып қызмет етейік. Бәріміз тас-түйін бір ұжым болайық, Сіздер мені, мен сіздерді тыңдайтын болайық. Қазақ балаларына адам ететіндей көмегі бар газет шығарайық. Ол үшін газетіміздің мазмұнын, мәнін сол балалардың жанына нәр беретіндей етіп шығаруымыз керек. Бұл көп әңгіме ғой. Оны күнбе-күнгі қызмет бабында да нақтылап талай айта жатармыз. Бұл – бір. Сонсын, бауырлар! Жалпақшешей болмайтынымды да жасырмаймын. Жұмысты талап етем. Жақсы істейсің бе, сыйлаймын. Жаман істейсің бе, онда өкпелеме. Жөніңді тап. Әділ боламын. Бірақ, талабым осы болады. Алдарыңа келгенде, бауырлар, бірінші айтпағым, міне, осылар. Тілегім де осы. Жүректегі шын сөзім де осы!..» – деген сөздері бірден жүрегімізді жаулап алды. Жанымызды жібітті. Бәрінен, оның «Бауырлар!» деген жүрекжарды сөзі бәрімізді тебірентті. Оны ол риясыз, шын пейілмен, шын көңілмен айтты. Бұл сөз жүрегінің үні де, аузынан тастамас мәтелі де боп естілді, – дейді сонан соң Әбілфайыз Ыдырысов.

Естелікте әрмен қарай редакциядағы редактор мен тілші арасындағы есте қалған екеуара әңгімелер баяндалады. Жоғарыдағы Кемел Тоқаевтың сөзінен оның балалар басылымына қандай мақсатпен келгенін, болашаққа қандай жоспар құрғанын, тіпті, қандай адам екенін де шамалап қалғандаймыз.

Жаңа редактор жаңалығы

Енді шаң басқан архивке үңілейік. Алдымызда – 1950 жылдардағы «Қазақстан пионері» газетінің тігінділері. Кемел Тоқаев есімі бұл газетте 1951 жылдан бастап кездеседі. Нақтырақ – сол жылдың 1 наурызынан бастап қатарынан үш нөмірде оның «Ұшқын» әңгімесі жарияланыпты. 1953 жылдың 21 ақпанынан бастап газет анықтамалығында «Редактордың міндетін атқарушы К.Тоқаев» деп жазылған.

Ал жаңа редактор газетке қандай өзгерістер әкелді, қандай жаңа айдарлар ашты – соған назар аударайық. Жаңа редактор келгеннен бастап (бұған дейін ара-тұра көрініп жүрген) Сәкен Жүнісов, Нығмен Ғабдуллин, Машқар Гумеров, Сәуірбек Бақбергенов, Бердібек Соқпақбаев, Сафуан Шаймерденовтің балаларға арналған әңгімелері мен аудармалары жиі беріліпті. Әсіресе, Бердібек Соқпақбаевтың күн құрғатпай жазғанын байқауға болады. Бердібектің «Бекен» деген лақап атпен жариялаған әңгімесі де көп.

Сол кезеңдегі бір қызық үрдіс – редактор есімінің жиі ауысуы. Мысалы, редактор бағанында жазушы Сансызбай Сарғасқаев есімі Кемел Тоқаев есімімен жиі алмасқан. Редактор іссапарда болса, газетке жауапты адамның есімі редактор орнына жазылатын болған. Тағы бір ерекше жағдай – осы тұста Сталин өліп, газеттің бірнеше нөмірі соны ұлықтауға арналған. Ерекше жағдай дейтін себебіміз, газет бұдан кейін басқаша сипат ала бастаған. Сталин өлген соң газет шығармашылық тұрғыда біршама дамығанын байқауға болады. «Балалар творчествосы» айдарына көбірек орын беріліп, балалардың хаттары жиі жарияланған. «Мына кітаптарды оқы» деген айдар ашылып, жазғы демалыста оқуға болатын көркем әдебиеттер тізімі тұтас бір бетке берілген. Оның ішінде қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетінің шығармалары бар.

Сол жылдың 2 маусымынан бастап шыға бастаған «Ғалымдар кеңесі» айдары да жаңа редактордың бастамасы екенін аңғаруға болады. Осы айдарға қатысты «Туған өлкені зерттеп, жақсы біліңдер» деген атаумен мақалалар топтамасы жарияланған. Ол мақаланы Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов, Мәлік Ғабдуллиндер жазған. Әрқайсы өз саласына қатысты тақырыпты қозғап, жазғы демалысты қызықты өткізуді ұсынып, тапсырмалар беріпті. Мысалы, Мәлік Ғабдуллин ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаңдар десе, Әлкей Марғұлан тарихи мұраларды зерттеуді тапсырыпты. Осы үрдіс келесі нөмірлерде де байқалады. Геология-минералогия, биология, медицина саласының мамандарының мақаласы көптеп берілген. Ал мұндай тақырыптар алдыңғы жылдың нөмірлерінде кездеспейді.

Бұрын онша кездесе бермейтін, сол кез үшін таңсық тақырыптың бірі – кино әлемі. Жаңа редактор бұл тақырыпты балаларға мейлінше қызық болады деп есептеген сыңайлы. Шәкен Аймановтың «Жамбыл» фильмі туралы қызықты мақаласынан кейін кезекті нөмірлерде кино тақырыбына жиі орын берілген. Оның көбін Ә.Дербісалин жазған. Жаңа айдарлар нөмір сайын толыса түскен. «Жас автомодельшілерге кеңес» айдарында ұшақ, тікұшақ, автомашина жасау технологиясына қатысты қызықты мақалалар көп беріліпті. «Техника жаңалығы», «Әуестенушілер мүйісі» секілді айдарлар да балаларды ғылым жаңалықтарынан хабардар еткен. Жаңа айдарлардан байқағанымыз – жаңа редактор балаларды ғылымға баулуға көбірек көңіл бөлген екен.

Редактор қызметтен кеткенде

1955 жылы «Қазақстан пионерінің» шыққанына 25 жыл болды. Арнаулы мерекеге орай редактор Кемел Тоқаевтың «Социалистік Қазақстан» газетіне (қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті) «Пионерлер мен мектеп оқушыларының газеті» атты мақаласы жарық көреді. Редактор бұл мақалада газеттің өткен 25 жыл тарихы мен сол кездегі жұмысы туралы баяндапты. Кемел Тоқаевтың бұл кезде балалар әлемімен біршама таныс боп қалғанын байқаймыз.

– Қанша күрделі іс жасаса да, баланың аты – бала. Оның жасаған ісінің өзі үшін де, көпшілік үшін де пайдасын айтып, мақсатын айқындап отырмаса да, бастаған игі істі аяқтамай тастап кетуі мүмкін, – дейді редактор. – Бала кейде алғашқы бір сәтсіздікке кездессе болды, екінші қайтып оны қолға алуға беттемейді. Сондықтан жасөспірімдерді шыдамдылыққа, табандылыққа тәрбиелеу, кездескен кедергіні мойымай жеңе білуді үйрету пионер газеті материалдарының негізгі бір өзегі боп табылады, – депті сол мақалада.

Баса айту керек, ол кезде заман басқа, заң басқа. Ленин мен Сталиннің суретінсіз бірде-бір газет-журнал жарық көрмейді. Бірақ редактор алғашқы күні айтқан сөзінен ауытқымай, газет арқылы балаларды өнер-білімге, ғылым мен спортқа баулып бағады. Ол заманда газеттің оқырманы көп. Редакцияға хат жазушылар да көп. Ол туралы редактор сол мақалада былай дейді:

– Соңғы үш айдың ішінде пионер газетінің редакциясы өзінің жас тілшілерінен мыңнан астам хат алды. Хаттар тасқыны ішінде оқушылардың ата-аналарының тілектерін, жазған мақалаларын, сұрақтарын да көптеп кездестіруге болады. Олар семья мен мектептегі тәрбие мәселесі, балаларының мінезі мен тәртібі жөнінде айтып, оны түзетуге кеңес сұрайды. Оқушылардың атааналарының тілегін қанағаттандыру, сұрақтарына мұқият жауап беру үшін редакция ғалымдармен, тәжірибелі мұғалімдермен, ауыл шаруашылығының мамандарымен және комсомол активімен тығыз байланыс жасайды, – деген қызық дерек келтіреді. Мақалада өз газетін тек мақтауға ғана құрмай, кемшіліктерін айтып береді.

– Әдетте юбилярды сөкпейді, әрдайым мадақтау сөз айтып, құттықтап жатады. Бірақ біз 25 жасқа толғанымызды бетке ұстап, өз кемшілігімізді жұртшылықтан жасырғымыз келмейді, – деп газет редакциясы атқара алмай отырған бірнеше істі жіпке тізеді. Басты кемшілік деп тың және тыңайған жерлердегі жаңадан ашылған мектеп өмірін көрсету жеткіліксіз дейді. Одан кейінгі атаған кемшін тұсы қазіргі тәуелсіз заманда да өзекті секілді. Редактор ол кемшіліктерді былай атайды:

– Газетте кейбір оқушылардың жат мінезін көрсететін және оны түзетуге көмектесетін сатира мен юмор аз; қала мен село пионерлерінің арасындағы достық үстірт жазылып жүр. Осы мақалада оқушылардың тілегін қанағаттандыра алмай отырған жазушы, драматург, композиторлармен ортақ кемшілігімізді айтқым келеді. Соңғы жылдары мектеп сахнасына лайықты пьесалар, балалар жаттап алып айтатын көңілді әндер жоқ. Шынын айту керек, поляк достар қазақ балаларының сүйіп оқитын қазақ авторларының жазған әңгімелері мен әндерін сұратқанда, біз қатты ұятты болдық, – дейді.

– Амал не, басқа туысқан республикаларда балалар газетіне жасалып отырған техникалық жағдай біздің республикамызда әлі ойластырылған жоқ, – деп сол кездегі Мәдениет министрлігіне қарасты комитетті сынға алады Кемел Тоқаев. – «Қазақстан пионері» ширек ғасырдан бері бір-ақ түсті бояумен шығып келеді. Қазақстан балаларының газетін әр түсті бояумен көрікті шығару аңсай күтіп отырған игілікті ісіміз, бұл – жас буын алдында өтелуге тиіс борыш, – депті мақала соңында.

Бұдан кейін көп ұзамай Кемел Тоқаев «Қазақстан пионеріндегі» қызметімен қош айтысады. Үлкен газеттің тізгінін ұстайды. Алайда балалар басылымы – оның өміріндегі үлкен мектеп деп айтуға болады. Әдебиет әлеміне де балалар тақырыбына жазу арқылы келгенін естеліктерінде жиі айтады. «Жұлдызды жорық» атты алғашқы кітабы да балаларға арналған. Бұдан кейін қазақ оқырмандарын тұңғыш рет қазақ тіліндегі шытырман оқиғалы шығармаларымен баурап әкетті. Ол өз алдына бөлек тақырып. Кемел Тоқаевтың балалар басылымындағы өмірі осылай болған еді.

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №37
12 қыркүйек 2023 жыл

509 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор