• Күншуақ
  • 11 Қыркүйек, 2023

Алматыдағы 100 автобус оқушыларды мектепке тегін тасиды

– Менің есімім – Мүсілім. №183 мектептің 3-сыныбында оқимын. Сары автобуспен мектепке келіп жүргеніме үш күн болды. Мектепке апаратын кезде анам жұмысынан ерте келетін. Қазір жақсы болды, анам мен әкемнің уақытын алмаймын. Автобустың аялдамасы үйге жақын. Ағам шығарып салады. Апай күтіп алып, сабақтан шыққасын отырғызып жібереді. Мектепке кешікпей, ерте келіп аламын. Сыныптан төрт бала бірге отырамыз.

КИНОДАҒЫ САРЫ АВТОБУС

Жақында Алматы қаласының жалпы білім беретін мектептеріне баспасөз туры өтті. Бір топ журналист мектеп автобустарын көріп, ата-ана мен оқушының пікірін тыңдаған едік. Біз Мүсіліммен сол кезде таныстық. Сыныптасы Айзере пысық екен:

– «Үйде жалғыз қалғанда» деген америкалық фильмде балалар мектепке сары автобуспен баратын. Көріп, қызығатын едім. Автобустың іші өте әдемі. Бізге әрдайым орын болады. Үйден таңғы 7:00-де шығамын. Бұрын автобус көп аялдамаға соғып, сабаққа кешігіп қалатынмын. Қазір жақсы болды. Егер бірінші рейске үлгермесек, екіншісіне отырамыз.

Оқушылар ойын айтқысы кеп, шулап кетті:

– Анам тосын сый болсын деп айтпапты. Сабаққа баратын уақытта білдік. Бастауыш сыныптың оқушыларымен бірге отырамыз. Оларға қамқор болуға тырысамын. Екі бауырым бар, бәріміз таңертең оқимыз.

– Наурызбай ауданына келетін №22 автобус болатын. Оны алып тастады. Біздің мектепке жетуіміз қиындап кетті. Тегін әрі тез жүретін автобусты естігенде, қатты қуандық. Бәрі жап-жаңа. Сағыз жабыстырып, қоқыс тастамаңдар деп айтып отырамын. Жүргізуші ата мейірімді. Қазақша өлең қосып қояды. Басқа мектептерде де осындай автобус болса деймін.

Осындай ақылды балаларды тыңдап, марқайып қалдық. Автобус оқушы санына қарай жүреді екен. Егер бала көп болса, көлік те көп бөлінеді. Кесте балалардың тұратын үйіне қарай жасалыпты.

Ләззат Жылқыбаева, Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы:

Ерекше балаларға арналған пандус бар

– Алматыдағы отыз мектепте жүз жаңа автобус жүріп жатыр. Автобустар жиырма бір және қырық орындық. Күніне сегіз мыңнан астам оқушыны тасымалдайды. «Мектеп автобусы» жобасы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен іске асты. Мектептен шалғай тұратын 1–11-сынып оқушыларына арналған. Мысалы, №210 мектеп-лицейге – 222, «Байбесік» және «Ұлжан-2» ықшамауданынан – 148, №200 мектеп-гимназияға Абай саяжайынан 241 оқушыны жеткізеді. №162 мектепгимназияға 175 баланы «Жас қанат» ықшамауданынан алып келеді.

Жобаны жаз айында бастадық. Қаладағы 215 мектепке сараптама жасадық. Қай жерде бастауыш сыныптар көп және мектепке дейінгі жол алыс екеніне назар аудардық. Алғашқы жоба болғасын ата-аналар арасында сенімсіздік болды. Содан болар, жеті мыңға жуық бала өтініш берді. Сабақ басталғанда бала саны сегіз мыңнан асып кетті. «Мектеп автобусы» жобасының екінші кезеңі бойынша келесі жылы 50 автобус сатып алу жоспарда бар.

Мектеп автобустары халықаралық қауіпсіздік стандарттары мен техникалық талаптарға сәйкес келеді. Апаттық жағдайда шығу, қауіпсіздік белдіктері, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған пандус, өрт қауіпсіздігі жүйесі, бәрі ескерілген. Мектеп бойынша маршрут парақтары әзірленген. Мектепке баратын балалардың тізімі жазылған. Балаларды көлікке отырғызу және түсіру үшін арнайы аялдамалар бар. Сол бағыт бойынша оқушылармен бірге мектептің мұғалімдері еріп жүреді. Жобаны одан әрі кеңейтсе, 12 500 балаға көмек болар еді.

Оқушылардың қауіпсіздігі басты назарда. Автобус жүргізушісін де қатаң талаппен таңдап алыпты. Мысалы, №210 мектеп-лицейдің автобус жүргізушісі үлкен кісі екен. Қоғамдық көлік айдауда жиырма алты жылдық тәжірибесі бар. «Балаларға қатты сөйлеуге болмайды. Кейде ата ретінде бата беріп, «сабақты жақсы оқыңдар» деп айтып қоятыным бар», – дейді жүргізуші.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №37
12 қыркүйек 2023 жыл

4272 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор