- ІТ және инновация
- 01 Тамыз, 2023
Алдияр жасаған қосымша

Алдияр Оразалин – Хейлибери мектебінің оқушысы. Оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенді. Халықаралық олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп, мектебітінің атын шығарып жүрген жеткіншек. ІТ мен инновация саласының білгірі мектептегі робототехника командасының капитаны. Зерттеу жүргізіп, ғылыми жұмыспен айналысуда да қатарының алды.
Алдияр жасаған Voicio платформасы – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үлкен мүмкіндік әрі көмекші. Ақпараттық технология саласындағы инновациялық жоба мүмкіндігі шектеулі жандарға ым-ишара мен белгілерді тануға көмектеседі. Дәлірек айтқанда, қосымша ым-ишара тілін дауыстық хабарламаға айналдырады. Бұл – есту қабілеті бұзылған, дауыс немесе моторика жағынан қиындығы бар жандарға үлкен көмек.
Voicio платформасының миссиясы – мүмкіндігі шектеулі жандардың қарым-қатынас жасауына жол ашып, осы бағытта төңкеріс жасау. Сол арқылы мұндай жандарға еркіндік беру, олардың өзін тәуелсіз сезінуіне жол ашу, кедергілерді жою. Платформа есту, сөйлеу қабілетінде қиындығы бар жандардың да ой-пікірін еркін білдіруіне, қоғамға өз үнін жеткізуіне мүмкіндік береді.
«Технологияның қуаты мүмкіндігі шектеулі жандардың жолында кездесетін кедергілерді жойып, оларға өзін қоғамның толыққанды мүшесі сезінуге жол ашады деп санаймын», – дейді Алдияр. Бұл жоба көптеген жанның өмірін жеңілдетіп, өзін кем сезінбеуіне мүмкіндік береді.

7938 рет
көрсетілді0
пікір