• Жырақтан білім іздесең
  • 28 Шілде, 2023

Көрдім. Білдім. Көкейге тоқыдым

Жақында «The Ulytau Educational Foundation» білім қоры мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС ұйымдастырумен өткен тіл олимпидасының жеңімпаздары Ұлыбританияның белді колледжінде екі апталық тағылымдамадан өтті. Солардың ішінде ерекше көзге түскендерді бірі – Жанар Ермек. Ол Балқаш қаласы, Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы. Кейіпкерімізбен Англиядағы оқуы жайында әңгімелескен едік.

– Жанар, Англияға оқуға қалай жолдама алғаныңды тағы да бір баяндап өтші...

– Жоғарыда аталған ұйым-дастырушылар республика бойынша ағылшын тілін жақсы меңгерген оқушыларды анықтау үшін конкурс өткізген болатын. Байқау екі кезеңнен тұрды. Тіл олимпиадасы Ұлытау облысы мен Балқаш қаласының оқушылары арасында өтті. Қатысушылар жас ерекшелікте-ріне қарай үш топқа бөлінді. Кіші топ ағылшын тілінен жазу, оқу және тыңдау дағдылары бойынша тест тапсырса, ал үлкен топ әлемдегі ең таны-мал оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінің оқытушыларынан сұқбат алды. Нәтижесінде жеңімпаздар Ұлыбританияға екі аптаға созылған «Kings Bournemouth» колледжіне жолдама ұтып алды. Солардың қатарында мен де бармын. Мектеп Борнмуттың тыныш аймағында, соған қоса қала орталығына жақын жерде орналасқан. Ғимарат жасыл бақшасы бар саябақпен қор-шалған. Кешен жергілікті сәулет ескерткіштерінің біріне жатады. 

– Оқу барысы қалай өтті? 

– Бізді арнайы жергілікті отбасыларға (host family) орналастырды. Дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 8:45-тен 12:00-ге дейін «Kings college» атты мекемеде (колледжде) сабақтар өтті. Жалпы, күн сайын үш сабақтан өтетінбіз. Олар бітісімен колледждің асханасында тамақтанып, кейін арнайы берілген күнделікті іс-шаралар кестесіне сәйкес біз әртүрлі қала мен мекендердегі экскурсияларға аттанатынбыз. Қала ішін аралап, мұхит жағалауында, саябақтарда түрлі ойын ойнап, спортпен шұғылдандық. Сенбі күні басқа қалада экскурсия болатын. Мәселен, Лондонға барып келдік. Ал жексенбі демалыс күні болғандықтан, өзімнің Қазақстаннан келген тобыммен бірге уақыт өткіздім. 

– Ағылшын тілін қай жастан бастап меңгере бастадың? Қазір деңгейің қандай? 

– Ағылшын тілін белсенді түрде 11 жасымнан бастап меңгере бастадым. Төрт жылдың ішінде деңгейімді А1-ден (beginner) С1-ге (advanced) дейін көтердім. 

– Оқу барысында нені үйрендің? 

– Сабақтардың барлығы тілді меңгеруге қатысты болды. Бір-бірімізден сұқбат алып, ағылшын грамматикасын үйрендік. Жоба да қорғадық. Оқу барысында британдық акцентте сөйлейтін адамдармен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан жаңа сөздерді меңгеріп, олардың сөйлеу мәнеріне икемделдім. Сәйкесінше, британдықтарды жақсырақ түсіне бастадым. Сонымен қатар, басқа елдерден келген балалармен таныстым, солармен бірге мәміле құрып, туған жері, өмір салты жайлы білдім.

– Жанар, Қазақстан мен Англия арасындағы қандай айырмашылық байқадың? 

– Қазақстанға қарағанда Англияда ұстаздар оқушылар-мен достық қарым-қатынас орнатуға тырысады. Содан болар, сабақтар жеңіл түрде өтеді. Қазақстан сияқты Англияның да артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Елге оралғанда біз жақтың ауасы қатты ластанғанын әуежайдан шыққанда тыныс алғанымда байқадым. Еліміздің экологиялық жағдайы нашар екенін сездім. Алайда біздің жақтың тағамдары дәмдірек. Олардың барлық сатылатын өнімінде «100% қайта өңдеуге жарамды» деген жазу бар. Пластикті мүлде қолданбайды десем болады, не мүмкіндігінше шектейді. Екі елдің де жастары бірдей, ашық, достасуға құштар. 

– Оқу барысында қандай қызықты оқиғалар болды?

– Біз елімізден әкелген шоколад пен құртты итальян, француз, чех достарымыз бен колледж мұғалімдеріне дәм татуға бердік. «Баян сұлу» шоколадын бәрі ұнатты. Алайда құртты жеп көргенде көбінің беті қызарып, бәрі бұл тағамның тұздылығын ескертті. Бұл көріністі сырттан көру өте қызық болды. 

– Елге оралғаннан кейінгі сезімің қандай болды? Не түйдің?

– Үйге келген соң мен адамдардың әртүрлі болатынын, өмірде күтпеген жағдайлар көп болатынын түсіндім. Тек солардың бәріне сабырмен қарау керек. Сосын Еуропаның бізден өмірдің кейбір аспектілерінде озғанын және бізге соларға қарап ілесуіміз қажеттілігін түсіндім. Шетелде болғанда мен өзімнің қорқыныштарымды, миымдағы шектеулерді жеңдім. Енді өзгелерден қысылмай жүре алатын болдым. 

– Болашақта мамандығыңды қандай саламен байланыстырғың келеді? 

– Болашақ мамандығымды ақпараттық технологиялар (Data science) мен маркетинг саласымен байланыстырғым келеді. 

– Жанар, саған көп рақмет! Алар асуың көп болсын! 

Сұқбаттасқан 
Олжас ПАВЛИК 

819 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор