• ІТ және инновация
  • 25 Шілде, 2023

Басқару саласында төңкеріс жасаған қосымша

Адриано Мұрат Симончини – Тамос Едьюкейшн мектебінің 11-сынып оқушысы. Жан-жақты дамыған, сан түрлі қызығушылығы бар оқушы. Мұрат кейінгі екі жылда әртүрлі компанияларда тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинаған. Бұл болашақ мамандығы мен бағытын таңдауға жол ашыпты. Қазірдің өзінде ол iFirm электрондық қосымшасының негізін қалаушы және бас директоры.

iFirm – басқару саласында төңкеріс жасаған қосымша. Бұл платформа клиенттер, жеткізушілер, компания қызметкерлері мен салық органы сияқты негізгі мүдделі топтардың жұмысын оңтайландыруға және автоматтандыруға бағытталған. Озық технологияларды пайдалана отырып, iFirm үздіксіз байланысты қамтамасыз етеді, міндеттерді бақылауға және өнімділікті тексеруге мүмкіндік береді.

Мұрат нарықтағы стратегияларды зерттеумен айналысып, есеп-қисап жүргізген. Макроэкономикалық анализ жасап, көлік және байланыс саласын зерттеген. Ақпараттық технологиялар саласында дамумен қатар, кәсіби машық-дағдыларын да дамытқан. Тәуелсіз есепшілердің ірі әлемдік желісі саналатын, кәсіби қызмет көрсетумен айналысатын Грант Торнтон компаниясында тәжірибеден өткен.

Академиялық білім мен кәсіби білікке қоса, Мұрат әлеуметтік жобаларға да атсалысады. Жеке қайырымдылық қорында волонтерлікпен айналысады. UCAN Kazakhstan ұйымында онлайн волонтер ретінде қызмет етеді. Сонымен бірге, «АлмаАрасан» мәдени орталығының мүшесі.

Мектепте алдыңғы қатарлы оқушылардың бірі. Қоғамдық жұмыста белсенді. Өзінен кейінгі балаларға ІТ мен технологияның жетістіктерін үйрету мақсатында мектепте программалаумен айналысатын ІТ клуб құрған. Мұнда балалар компьютермен танысып, программалаудың негізгі ережесі мен алгоритмін үйренеді. Құрылымын біліп, деректерге анализ жасауға машықтанады.

«Ұлан» газеті, №30
25 шілде 2023 жыл

5337 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор