• ІТ және инновация
  • 10 Шілде, 2023

Жасанды интеллект адамды алмастыра ала ма?

– Жасанды интеллект адамды алмастыра алмайды. Алайда, қолдана білетін адам жасанды интеллекті қолданбайтын адамды алмастырады. Тіпті далада қалдырады. Сол үшін бір күнде 5 000 000, 2 айда 100 000 000 қолданушыны, иә жүз миллион қолданушыны қамтыған, адам айтқысыз жетістікке жеткен ChatGPT  технологиясын қазақ ұландары осы кезден меңгеруі аса қажет, – дейді Тимур Бектұр. 

Тимурдың IT саласында жүргеніне он бес жыл. Қазір АҚШ-та Бостон университетінде білім алып жүр. Тимурдан ChatGPT туралы сұрадық. Ол неге маңызды? Кім құрды? Оқушыларға қолдануға бола ма? IT ағартушы, аналитик Тимур ағаларың осы сұрақтарымызға кеңінен жауап берді. Айтпақшы, ол Инстаграмда (@timurbektur) ChatGPT қолдану, IT-ға қатысты құнды ақпараттар айтады.

– ChatGPT – жасанды интеллект технологиясына негізделген табиғи тілді өңдеу құралы. Чатботпен адам сияқты сөйлесуге, диалог құруға, мәтін бойынша көмек сұрауға және тағы басқа әрекеттерге мүмкіндік береді. Бұл тіл моделі кез келген сұраққа жауап береді. Электрондық пошта, эссе және қарапайым код жазу сияқты тапсырмаларды орындауға көмектеседі.

ChatGPT технологиясын OpenAI атты жасанды интеллек-тіні зерттеу компаниясы құрды. 2022 жылдың 30 қарашасында іске қосты. Бүкіл әлем сол кезде шулай бастады. Өйткені, аз уақытта миллиондаған қолданушыға жетті.

Өте мықты сенсация жасады. Неліктен сенсация? Өйткені, осы күнге дейін ЖИ туралы көп айтылды. Бірақ жұрт түсінетін мысал келтіру сәл қиындау болатын. Қазір көзіқарақты қолданушы ЖИ туралы көбірек естіп, өмірде жан-жақты қолдана бастады. Нәтижесінде, Google Red Code атты ChatGPT-ге қарсы дабыл қағуға мәжбүр болды. Ақша табуға, кәсіби білікті арттыруға, өзіңе мықты ментор жасауға, тіл үйренуге, программа жасауды үйренуге болады. Курс жасауға, сабақ өтуге, тапсырма ойлап табуға, шығарма жазуға және академиялық мәтіннің сығындысын (саммари) алуға болады. 

– ChatGPT-ға қалай кіреміз?

– Сhat.openai.com сайтын ашып, gmail сияқты поштамен тіркеліп, тегін қолдана бересіз. ChatGPT дегеніміз OpenAI жасаған тіл моделінің архитектурасында жұмыс істейді. Ол generative pre-trained transformer (GPT) деп аталады.

– ChatGPT мен Google секілді іздеу жүйесінің айырмашылығы не?

– Google секілді іздеу жүйесі пайдаланушыға сұралған ақпаратты тауып беру үшін интернеттегі уэб-беттерді индекстейді. Ал ChatGPT интернеттен ақпарат іздеуге мүмкіндігі жоқ. Ол өзінің жадындағы (750GB) оқытылған, яғни жадында сақталған деректен алынған ақпаратты пайдаланады. Google сұраған тақырып бойынша басқа бір сайттағы жауапты шығарып береді. Ол ChatGPT сияқты өзінің жадынан шығарып, құрастырмайды. 

Google сайттың сілтемесін көрсетеді. Ал әр сілтеменің ар жағындағы ақпараттың дұрысын өзіміз іздейміз. Өзімізге пай-далы, құнды ақпарат барын әр сілтемеге өтіп отырып өзіміз таңдаймыз. Қорыта айтсақ, ол сайт арқылы нәтиже шығарады. ЖИ сілтеме шығармайды, тек сұраққа бірден мәтін күйінде дайын жауап береді. Бір ақылды адамды қасыңызға отырғызып, сұрақ қойсаңыз, ол бәріне жауап беріп отырғаны сияқты. 

Адамдар жасанды интеллект адамды алмастырады деп алаңдайды. Мысалы, чатбот бірнеше секунд ішінде кез келген тақырыпқа мақала жазады. Бұл адам жазушының қажеттілігін азайтуы ықтимал. Чатбот, сонымен қатар, бірнеше секунд ішінде толық эссе жаза алады. Тек сұраққа жауап беріп қана қоймайды. Ол сіз қалаған бағытты ойдан шығарады. Тағы бір мәселе – жалған ақпарат жазуы және таратуы.

ChatGPT-дің қазір екі нұсқасы бар. Бірі мәңгілік тегін, екіншісіне ай сайын ақы  (20 АҚШ доллары) төлейсің. Қарапайым күнделікті қол-данушыға тегін түрі жарайды. Интернет қолданушылар тегін деген сөзді құрметтемейді. Тегін болса, бір жері кем сияқты түсінеді. Жоқ, олай емес. Бір жыл бұрын әлемнің ақшасы көп адамдары, атақты зерттеуші ғалымдары осындай техникаға қол жеткізу үшін барын беретін еді. Енді қарапайым интернет пайдаланушы тегін, бір тиын төлемейтін алапат қуатты иемденіп отыр. Сондықтан тегін деп мұрын шүйіруге болмайды. Бұл – бұрын-соңды адамзат тарихында болмаған құрал. Оны пайдалану қажет. 

Ғалымдар ертеңнен бастап оқушылар ЖИ-мен бірге өмір сүретінін айтады. Оны қолдану жастардың негізгі қабілетіне айналады. Неғұрлым ертерек қолданса, соғұрлым жақсы. Жұмыс істеп үйрену керек. Олай болмаса, әлемнің басқа бұрышында ЖИ қолданатын адамнан қалыс қалады. 

Оқушыларға барлық жағдайда қолдану пайдалы. Өзіндік жұмыс жазуға таптырмас көмекші. Иә, үй тапсырма-сын көшіріп алуға болады. Бірақ бұл дұрыс емес. Бұл академиялық арамдыққа жатады. Тапсырманың түсін-беген жерін сұрауға болады. Үйге шығарма жазу берілсе, идея сұрасаң болады. Қосымша есеп шығарып, әртүрлі шығарма-шылық жұмыспен айналысу үшін керемет. Программалау тілін үйренгісі келсе, тіпті жақсы. 

– Қандай сұраққа жауап жоқ?

– Дұрыс емес қойылған сұраққа жауап жоқ. Әрине, барлық сұраққа жауап бар. Тек сұрақ қою мәдениетін үйрену керек. Мысалы, «ҰБТ-дан қалай 140 балл алуға болады?» – деп сұрауға болмайды. Кез келген сұрақты жіліктеп жазу керек. Төрт түліктің етін түгел жемейміз ғой. Жылқының етінен қазы жасаймыз, жілікке бөлеміз. Сол секілді кез келген сұрақты түсінікті етіп жазу. Сол кезде оңай. ҰБТ қанша пәннен тұрады? Әр тақырыптың сұрақтары қандай? Одан нені білу керек? Соны сұрауға болады. 

– Адамдардың тікелей қарсы шығып жатқаны рас па?

– Голливудтегі киносценаристер қауымдастығы көшеге шығып, қарсылық білдіріпті деп естідім. Өздерінің жұмысын ЖИ-ге беруге қарсы. Еңбек нарығына әсер етіп жатқаны рас. Бірақ адамдар жұмыссыз қалды деп технология кері кетпейді. Мәселен, Google аударма пайда болды. Аудармашылар жұмыссыз қалса да, аударма тоқтап қалмайды. Телефон арқылы сөйлесіп отырмыз. Осыдан алпыс, жетпіс жыл бұрын екі адамның әңгімесін бір-біріне жалғайтын коммутатор болған. Бір бөлмеде отырып, бір телефонның нөмірін екіншісіне жалғайтын. Біз қазір ешкімнің көмегінсіз сөйлесіп отырмыз. «Адамдар жұмыссыз қалды» деп кері қайтпаймыз. Сол үшін техника дами береді. Жұмыссыз қалса, басқа жұмыс тапсын. Бұл өмірдің заңы. Барлық нәрсеге дайын, бейім болу керек. ЖИ қауіпті әрі пайдалы. Мен үшін пайдалы. Мәселен, компьютер, интернет, әлеумет-тік желі сізге пайдалы ма? Өзім зиянын көрмедім. Ал біреулер үшін зиянды жағы бар. Дегенмен, нан кесетін пышақтың зияны да, пайдалы жағы да бар, сол сияқты жасанды интеллектің де тек адамзат үшін пайдалы болғанын қалаймын. 

– ЖИ көмегімен ақша табу оңай ма?

– Ақша табу қандай да бір құралға байланысты емес. Ақша таба алатын оқушы, студенттің миы, ойлау жүйесі басқаша жұмыс істейді. Олар кез келген дүниеден ақша жасаудың жолын көреді. Қанша жұмыс тәжірибем, білімім, жасаған жобаларым болса да, көп дүниені көрмей қаламын. «Мына жерден жақсы бизнес ашуға болады» деп ойлап тұрады. ЖИ арқылы да ақша табады. Ынтасы жоқ болса, үлде мен бүлдеге орасаң да істемейді. Десе де, дүниенің кілтін салыстырып, «ол болмаса аш қаламыз» деген ой болмауы керек. Сату, ақша табу басқа әлем. ЖИ бір адамның қолынан келетін істі еселейді. Телефон екі адамның қарым-қатынасын жақсартып немесе кері әсер етпейді. Тек бір-біріне қосады. ЖИ де тура осындай. Бар бол-ғаны адам өзіне не қалайтынын білуі керек. Ар жағында бұйрық беріп, жұмсайтын – адамның өзі. Қолданушы қандай болса, ЖИ де солай жұмыс істейді. 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №28
11 шілде 2023 жыл

5283 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор