• Күншуақ
  • 19 Маусым, 2023

«IteachMe» ерекше жастарға мол мүмкіндік береді

«IteachMe» компетенцияларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры – сапалы білім беретін тату команда. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға, халықтың әлеуметтік осал топтарына және жастарға көмектеседі. 17 жасқа толған өмірге құштар жеткіншекке жігер береді. Хит мамандықтарды оқытып, жұмыс табуға көмектеседі. Қор директоры Захира Оңғарбайқызы – мүмкіндігі шектеулі жанның бірі. Қоғамдық қор 2020 жылдың наурыз айында құрылған екен. Апай әңгімесін: «Барлығына бірдей көмек бере алмасаң да, біреуге көмектесу қолыңнан келеді», – деп бастады.

– Бұл жобаның өмірге келуі, құрылуы, қызметтік жолымның бастапқы бағыттары ерекше. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық ортадағы құқығын көп қозғап, наразылық хаттарын жолдайтынбыз. Бір күні ұлым: «Анашым, бар күшіңізді салып, қоғамды жақсы жаққа өзгерткіңіз келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Керісінше, мүгедек жандарға заман ағымына сай, сұранысқа ие мамандықтарды оқытып, жұмысқа орналасуына неге ықпал етпеске?!» – деді. Сол сәттен бастап ойландым. «IteachMe» осылай дүниеге келді. Біздің басты мақсат – мүгедек жастарды digital саласында мамандықтарға оқыту арқылы қолдау. Белгілі IT компанияларда тағылымдамадан өтуге және одан әрі жұмысқа орналасуға жәрдемдесу.

– Сіз де ерекше жанның бірісіз. Осы күнге қалай жеттіңіз?

– Әрине, көптеген қиындық болды. Бірақ оған мойымау керек. Керісінше, сол сұраққа ізденіп, шаршамай жауабын табу қажет.  Өзім бірнеше мамандықтың иесімін. Жасым үлкен болса да, Алматы менеджмент университетінің түлегі болдым. Ректорлық грантты ұтып, өте жақсы көрсеткішпен оқуды аяқтадым.

– «TeachMe» қандай жоба?

– Мүмкіндігі шектеулі жастармен қарапайым жастарды біріктіріп, digital мамандықтарға оқыту. Өздерінің ең жақсы нұсқасы болуға шабыттандыру. Әр жастың қабілетін танып, жұмысқа орналасуға көмектесу. Фриланста мансап жолдарының бастамасына ықпал ету.

– Бірнеше бағыт бойынша мамандық меңгереді екен. Ол қандай мамандықтар?

– Бес бағыт: Motion Design, графикалық дизайн, SММ, мобилография, UI-UX. Қосымша компьютерлік сауат және техникалық ағылшын тілі деген екі бағыт бар. Motion design: анимациялық роликтерді жасауды, жарнама бейнероликтеріне графикалық элементтерді қосуды үйретеміз. Графикалық дизайн сабағында фотосуреттерді дұрыс әрлеу, логотиптер жасау, әрбір қаріпке түстерді дұрыс сәйкестендіруді үйретеміз. SММ деген – әлеуметтік желілерде парақшаны сауатты жүргізу, яғни аудиторияны сараптау, контент жоспар жазу, посттар жариялау. Мобилография телефон арқылы керемет видео түсіріп, ақша табуды үйретеді. Алдымен кураторлар бәрін үйретеді. Камераны дұрыс ұстаудан бастайды. UI-UX дизайнер: сайттарды, бағдарламалық қолданбалардың дизайнын тұтынушыға ұнайтын, ыңғайлы форматта жасауды үйренеді. Қосымша екі бағыт та маңызды. Себебі, өтінішті қабылдаған кезде, қатысушылардың компьютер, ноутбукты қандай дәрежеде қолданатынын білуіміз керек. Кейбір бағдарламалар ағылшын тілінде болғандықтан оқытамыз.

– Оқушының денсаулық жағдайы қандай болуы керек? Мектеп оқушылары оқи ала ма? 

– Біздің мақсатты аудиториямыз – мүгедектігі бар жастар (17–39 жас). Мектеп бітіруші түлектердің көбі өзін қай мамандықта көргісі келетінін білмейді. Үлкендердің ықпалымен өзі қаламайтын оқуға түскен жастар бақ сынап көрсе болады. Қатысушылардың көпшілігі қорқыныш, ыңғайсыздық ғана емес, өз қабілеттеріне деген сенімділікті арттырғысы келеді. Ол үшін офлайн форматта екі күндік лагерь ұйымдастырамыз. Тәжірибелі психологтар, жаттықтырушылар барлық блокты пысықтайды. Содан кейін кәсіби курстарды оқуды бастаймыз. Soft Skills лагері арқылы әр қатысушының мүмкіндігін білеміз. 

Лагерьге неше түрлі жастар келеді. Олардың барлығы келе салып, араласып кетпейді. Алдымен тұйықтау болады. Уақыт өте келе ерекше жастар мен қарапайым жастар араласып, бір-бірінің қажеттілігін түсінеді. Бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ екенін біледі. Сабақ оқып болған соң, бос уақытта серуендейді. Берілген тапсырмаларды қызыға орындайды. 

– Курс бағдарламасы қалай жүреді? Сабақ қай тілде өтеді?

– Кәсіби курстар онлайн режимде, арнайы платформада өтеді. Оқытушылардың жетекшілігімен сабақтарды қарап, үй тапсырмасын орындайды. Нақты кейстерді пысықтап, курс жұмыстарын әзірлеп, қазылар алқасының алдында қорғайды. Бәрі өте кәсіби. Ешқандай жеңілдік жоқ, сылтау қабылданбайды. Ауруға қарамастан, мақсатына жету үшін көп жұмыс істейтін күшті адамдар екенін дәлелдейміз. Есту қабілеті бұзылған жастарға видеосабақтар арнайы ым-ишара тілімен жүргізіледі. Қатысушылардың ыңғайлы оқуы үшін барлық жағдай жасалған. 

– Осы уақытқа дейін қанша адам білім алды? Олар қай жерде жұмыс істеп жүр?

– Бес жүзден астам студент оқып шықты. Олардың тоқсан пайызы жұмыс істейді. Кейбір студенттер фриланста онлайн форматта. Банк Центр Кредит, «Атамұра» сияқты компанияларда қызметте.

– Сәттілік тілеймін!

ӨЗІМ ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕЙМІН

«IteachMe» жобасы аясында жұмыс істеп жүрген жастармен де сөйлескен едік.

Дана: Жасым 21-де. Қалыпты бала болып дүниеге келдім. Бір  жасымда ототоксикалық препаратпен ине салғаннан кейін есту қабілетімді жоғалттым. 2006 жылы Израильде бір құлағыма имплант қойды. Операциядан кейін сөйлеп, анамның дауысын естідім. 2012 жылы Алматыда сол жақ құлағыма имплант қойды. Басқалар сияқты әлемнің тәтті үнін екі құлағыммен естігім келді. 

Күн сайын ерте оянамын. Есту аппаратын тағып, отбасым, тіршіліктің дыбысын естуге асығамын. «IteachMe» жобасы жайлы анамның құрбысынан естідім. Мобилография курсын Сабинадан оқыдым. Оған дейін тәрбиешінің көмекшісі болғанмын. Қазір Ақтөбеде өзім үшін жұмыс істеймін. Ең жақсы көретін ісім – саяхатқа шығу. 

Қадыр: «IteachMe» 6.0 түле-гімін. Темір жол саласында қызмет атқарамын. Жобаны әлеуметтік желіден көріп келдім. ІТ блогерлердің жарнама нұсқаулығы десем де болады. Осыған дейін өзімді қай бағытта дамытсам екен деген ой болды. Заманға сай мамандар дайындауда «IteachMe» қоғамдық қоры септігін тигізді. Өзімді тізімнен көргенде қатты қуандым. Қазақ тілінде UI/UX дизайнер курсын оқыдым. Куратор – дизайн саласының үздік маманы Ажар Дәулет. Курс аяқталса да, байланысымыз ажыраған емес, өзінің ақылын айтып отырады. Курста жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Сертификатпен қатар коммерциялық тапсырыс алдым. Темір жол саласында ІТ маманымын. Техникалық қолдаумен байланысты жұмыс істеймін. Қосымша табыс көзі ретінде UI/UX дизайнер болып фриланста қызмет атқарамын. Жаңа мүмкін-діктер сыйлаған «IteachMe» ұжы-мына алғысым шексіз.  

Болашақта өзімді тәжірибелі UI/UX дизайнер ретінде көргім келеді. Осы бағытта өзімді дамытудамын. Курс барысында коммуникациялық қабілетімді де арттырдым. Мысалы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ұсынған «100 жас есім» жобасына қатысып, қатарға қосылдым. Өзіме артылған міндеттерді жауапкершілікпен атқарамын.

Айым: Мен 19 жастамын. Балқаш қаласында тұрамын. Колледжді педагогикалық маман-дығы бойынша бітіремін. Бұл жоба туралы «Eco business lab» жобасында оқыған досымнан естідім. Осындай жобаның біздің елімізде бар екеніне сенбедім. Instagram аккаунтын көріп, digital саласында жаңа даму жолымның мүмкіндігі екенін түсіндім. Белсенді және ынталы жастардың аудиториясы ерекше еді. Өтініш бергенде «мені қабылдамайтын шығар» деп ойладым. Соңғы сәтте сұқбат сәтті өтті. 

Жобаның басында өзіме аздап күмәндандым. Soft Skills лагері қарым-қатынас дағдыларын дамытуға, көп нәрсені үйренуге көмектесті. Өмірге көзқарасым ұқсас жаңа адамдармен танысуға жақсы мүмкіндік берді. SMM және копирайтинг саласын оқыдым. Ментор – Диана Шарбекова. Өз ісінің тәжірибелі маманы, тамаша мотиватор. Сондай-ақ бүкіл команда үш айлық жаттығу кезінде үздіксіз әрі тоқтаусыз жүруге ынталандырды.

Оқуыма байланысты тек жазғы демалыста жұмыс істеудің реті болатын. Даяшы немесе ас үйдегі көмекші болатынмын. Бірақ жұмыс кестеге сәйкес емес және физикалық белсенділікпен салыстырғанда айлығы аз. Айлық – елдегі жастардың көп қиындығының бірі. Мен үшін Digital саласы алыс, қол жетпестей көрінетін. Оқу бастал-ғанда қиындықты өзім ойлап табатынымды түсіндім. 

Алтыншы маусымның жеңім-пазы ретінде ең жақсы нәтиже көрсеттім. «ITeachMe Agency»-де SMM менеджері лауазымына өту үшін коммерциялық тапсырыс алдым. Қазір жұмысымды жақсы көремін. Клиенттерге мазмұнды жарнамалауда нәтиже бергенді ұнатамын. Дәл осы мүмкіндіктің арқасында өзімнің қаржылық тәуелсіздігімді қамтамасыз еттім. Білімімді дамытып, одан әрі оқуға күш алдым. 

Сүйікті жұмысымның үлкен көкжиегі ашылғанын түсінемін. Қосымша көп нәрсені үйреніп, digital саласындағы тез өзгеретін трендтердің толқынындамын. Осы салада одан әрі дамығым келеді. Өйткені курс тек негізгі базаны береді. Содан кейін тұрақты түрде өзіңді дамыту – жұмысыңдағы ең жақсы нәтиже. 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №25
20 маусым 2023 жыл

5621 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор