• ҰЛАН
  • 29 Мамыр, 2023

Хәрри Поттердегі таңғажайып хайуандар

Хәрри Поттерді оқысаңыз, оның әр бөліміндегі бұрын естімеген таңғажайып хайуандардың есімімен таныс боласыз. Хогуартс кітапханасының қорында Ж.К.Роулиң шығарған Ньют Скамандердің «Таңғажайып хайуандар мен оларды мекендейтін аймақтар» кітабы бар. Редактордың ескертуінше, бұл – ойдан шығарылған оқиға. Сондықтан бір сәт сиқыр әлеміне саяхат жасауға рұқсат. Кітапты қазақ тіліне аударған Steppe&World баспасына алғыс! Ендеше, Хогуартс аумағындағы таңғажайып хайуандармен таныс болыңыз.

Хипогриф – Хәрридің досы Хәгридтің оқытушы болып, Хогуартста сабақ бергенде таныс болған жануары. Басы алы бүркіттікі, ал денесі жылқынікі. Хипогрифке жақындағанда көзіне тура қарау керек. Жақсы ниетпен келгеніңізді көрсетіп, тәжім ету де артық етпес. Егер хипогриф те сізге иілсе, одан бетер жақындауға рұқсат етеді. Хипогрифке дөрекі болсаңыз, онда ол сізді аямайды. Драко Малфой Хәгридтің алғашқы сабағында хипогрифті мазақтап, соңында өзі жарақаттанады.

Феникс – профессор Дамблдордың үй жануары. Оның иесіне адал болғаны сондай, Дамблдор қайтыс болғаннан кейін Хогуартстқа мүлдем ізін салмайды. Феникс – аққуға ұқсайтын ғажайып құс. Ұзын құйрығы, тұмсығы мен тырнағы алтын жалат-қандай. Феникс жасара алатын қасиетінің арқасында шексіз өмір сүре алады. Қартайып, ағзасы тоза бастағанда отқа оранып, күл болады. Кейін жаңа балапан күйінде қайта жаралады. Ешқашан тірі жанды өлтірмейтін және тек шөптен қоректенетін өте мейірімді құс.

Сфинкс – басы адам, ал денесі арыстан түріндегі хайуан. Мыңдаған жыл бойы сиқыршылар құнды қазыналар мен жасырын жолдарды қорғау үшін осы хайуанды пайдаланып келеді. Ақыл-парасаты мол сфинкс жұмбақтар мен құпияларды шешкенді жақсы көреді. «Үш сиқыршы» турнирінің үшінші турында Хәрри Поттердің сфинкстің жұмбағын қалай шешкенін білу үшін «Хәрри Поттер мен от сауыт» бөлімін оқыңыз.

Саламандр – «Хәрри Поттер мен Азкабан тұтқыны» және «Хәрри Поттер мен от сауыт» бөлімінде кездесетін хайуандар. От ішінде тіршілік етіп, жалынды қорек қылатын ұсақ денелі кесіртке. Жарқыраған ақ түсті болғанымен, от жалыны қаншалықты қызғанына қарай терісі көк не қызыл түске боялуы мүмкін. Саламандр оттан алшақ тіршілік ете алмайды. Ащы бұрыш жегізсе ғана отсыз ортада алты сағат шамасында шыдай алады. «Хәрри Поттер мен Азкабан тұтқыны» бөлі-мінде саламандр Глациус қарғысының арқасында қимыл-дай алмай, Риктусемпра қарғысынан жойылады. Ал Хәрридің саламандрды қандай төрт әдіспен жеңгенін «Хәрри Поттер мен от сауыт» бөлімінен оқыңыз.

Кентавр – басы, кеудесі және қолы адамдікі, белінен төмен денесі түгел жылқы боп кеткен мақұлық түрі. Кентаврлар орман алқабында тіршілік етеді. Олардың әдеттері құпияға толы. Әдетте үйір болып жүреді. Кентаврларды біз «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» бөлімінен кездестіреміз. Хәгрид және жазаланған оқушылар тыйым салынған орманнан Ронан және Бэйн кентаврларын кездестіріп қалады. Ал «Хәрри Поттер мен Феникс алқасы» бөлімінде Хәгрид Хәрри мен Хәрмионаны дәу Гроххпен таныстырып, қамалға келе жатқанда тағы да кентаврларды кездестіріп қалады. Тіпті «Хәрри Поттер мен Шалақан ханзада» бөлімінде профессор Дамблдор қайтыс болып, оны жерлеу рәсімінде тыйым салынған орманнан кентаврлар шығады, бірақ көзге түспеуге тырысады.

Су періcі дүниежүзіне кең тараған. Адамдар секілді олар-дың да сырт келбеті әртүрлі. Кентаврлар сияқты су перісінің де мінез-құлқы әлі толық зерттелмей, құпия болып келеді. «Үш сиқыршы» турнирінің кезекті тапсырмасында Хәрри Виктор Крамның тұтқыны болған құрбысы Хәрмионаны құтқарып алмақшы болады. Ал су перілері Хәрриге барынша тосқауыл болады. Бұл тапсырманы құрастырған су перілерінің тілін білетін профессор Дамблдор болуы бек мүмкін.

Жалды норвег айдаһары көбіне Мүйізқұйрыққа ұқсайды. Тек құйрығының мүйізі мен тікендерінің орнына жотасында қап-қара түсті, тікені шығыңқы жалы бар. Норвег айдаһары құрлықты мекендейтін ірі сүтқоректілердің көбін жемтік көреді. Өзге айдаһарлардан ерекшелігі – суда мекендейтін мақұлықтарды да қорек қылады. Жалды айдаһардың жұмыртқасының түсі қара болады. Өзге айдаһар түрлеріне қарағанда от шашу қабілеті ерте, шамамен бір, үш айлық кезінде жетіледі. Ал Хәгрид «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» бөлімінде Норберт норвег айдаһарының баласын бірнеше ай үй жануары ретінде ұстап, тіпті туған анасындай күтім жасайды. Норберт күн санап емес, сағат сайын өсіп, оны жасыру мүмкін болмағандықтан, Хәгрид қимай-қимай қоштасады.

P.S. Хәрри Поттердегі таңғажайып хайуандардың әрекеті туралы білу үшін әр бөлімін мұқият оқыған жөн. Ал хайуандар туралы білгіңіз келсе, «Таңғажайып хайуандар мен оларды мекендейтін аймақтар» кітабымен дос болыңыз. Роулиңнің кітаптарын сатып алу арқылы сіз автордың бастамасымен құрылған Lumos қайырымдылық қорының қаражатына үлесіңізді қосасыз. Lumos – Хәрри Поттер кітабындағы қараңғы жерге жарық нұрын шашып, қараңғыны сейілтер сиқыр атауы. Сіз де қараңғыны сейілтер әлемдегі жарық адам болыңыз! Балалар үйінің тәрбиеленушілері де жарқын болашаққа лайық. Ж.К.Роулиң мен Lumos қоры бастаған жаһандық қозғалысқа атсалысып, мүше болғыңыз келсе, @wearelumos.org сайтынан қажет ақпаратты таба аласыз. Осындай сиқырлы кітапты қазақ тілінде оқуға себепкер болған Steppe&World баспасының шығармашылық ұжымына мың алғыс!

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №22
30 мамыр 2023 жыл

492 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор