- ҰЛАН
- 29 Мамыр, 2023
БалқашЛАГ: азап пен үміт мекені
Өткен жылы «Ұланда» «Шайқалған шаңырақ» (№44, 1 қараша 2022 жыл) атты мақалам жарияланды. Жаз айында Қарағандыдағы ҚарЛАГ лагерін аралап, білгенімді ортаға салдым. «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» екенін тек осы күні еске түсіретініміз жасырын емес. Осы сәтті пайдаланып, ҚарЛАГ-тың бір бөлімшесі болған, туған қаламның іргесін салып, азап шеккен БалқашЛАГ тұтқындары туралы баяндамақпын. Балқаш қаласының тікелей іргесін салып, бірнеше мәдени орынның кірпішін қалап, қазір де мыс өндіріп тұрған үлкен зауытты салған, тіпті теректеріне дейін отырғызған – БалқашЛАГ тұтқындары. Бұл – тегін еңбек күшін пайдалану. БалқашЛАГ-қа тоқталмас бұрын ГУЛАГ деген не екенін түсініп, тарихқа көз жүгіртейік.
КСРО бойынша еңбекпен түзеу лагерьлерін құру өткен ғасырдың отызыншы жылдары басталды. Тарихта бұл лагерьлер жүйесін «ГУЛАГ» деп атайды. Ең алғаш 1930 жылы КСРО Халық комиссарлар кеңесі «Қазақстанда еңбекпен түзету лагерін құру туралы» қаулы қабылдады. Елімізде болған лагерьлердің барлығы ГУЛАГ-қа қарады. Бұл – еңбекпен түзеу орындары Кеңес Одағының барлық жерінде болды деген сөз. Қазақстанда сондай лагерьлердің орталығы болып ҚарЛАГ, СтепЛАГ, АЛЖИР құрылды. Бұлардың әрқайсының Орталық Қазақстанда қаншама бөлімшесі болды. ҚарЛАГ-тың бір бөлімшесі осы БалқашЛАГ еді. 1934–1956 жылдары ГУЛАГ-тың қарамағына 53 лагерь кірді. Мұндай қасірет мекенін тұрғызу тікелей Сталиннің бұйрығымен жүзеге асып, уақыт ұзамай бұл лагерьлер алып азап империясына айналды. Кеңестің солшыл саясатының басты мақсаты – КСРО территориясындағы адамдарға айып тағу арқылы өндіруші күшті тегін пайдалану, яғни адамдарды түрлі жұмыстарға жегу еді. Сол арқылы елдің экономикасын тіктеуді көздеді. Мәселен, неге ҚарЛАГ-тың бөлімшесі Балқашта болды деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі, Балқаш маңында үлкен мыс қоры табылды. Сол мысты өндіру үшін тегін адам күші керек болды. Адамдарды Сарыарқаның аязына апарып (климаты ауыр, шөлейт жер), кеніштер мен зауыт салғызды. Қаланың әлі күнге дейін сәнін беріп тұрған үйлердің қасірет жылдарында салынғанын халықтың көбі білмейді.
Қазақстанда еңбекпен түзеу лагерьлерінің ірісі КарЛАГ-тың бір бөлімшесі БалқашЛАГ болғанын айттық. Ал ҚарЛАГ-ты ашудың басты себебі – сталиндік бесжылдықтың алғашқы жобасы аясында елдің үшінші көмір қоймасы Қарағанды көмір бассейнін ашу еді. Қарағанды еңбекпен түзеу лагері 1931 жылы 19 желтоқсанда құрылды. Бүгінде ҚарЛАГ-тың әкімшілік орталығының ғимараты мұражайға айналған. Ол Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка селосында орналасқан. Ал БалқашЛАГ қазір жермен-жексен болып, орнында қабырға үйінділері ғана қалған.
ҚарЛАГ концлагерінің аумағы солтүстіктен оңтүс-тікке дейінгі 300 шақырым, шығыстан батысқа дейінгі 200 шақырым жерді алып жатты. Оған қоса осы аумақтан сыртқары лагерьден 350 шақырым жерде Ақмола және 650 шақырым жерде Балқаш бөлімшелері құрылды. ГУЛАГ жүйесі бойынша ҚарЛАГ-та 32 мың тұтқын болуы керек еді. Бірақ шын мәнінде бұл жерде 75 мыңдай адамға дейін ұстады. Еңбекпен түзеу лагерьлерінде болған тұтқындардың басты жұмысы – Қарағанды көмір алабын игеру, Жезқазған және Балқаш металлургия комбинаттарының құрылысымен тығыз байланысты болды. Ал тұтқындардың негізгі бөлігі ауыл шаруашы-лығы жұмыстарына тартылды.
ҚарЛАГ әкімшілік жағы-нан 1931 жылы 14 бөлімше, 64 учаскеге бөлінсе, 1941 жылы – 22 бөлімше, 159 участок болды, ал 1953 жылы 26 бөлімше мен 192 лагерь нүктелері белгіленді. Бөлімшелер Қарағанды, Теміртау, Саран, Балқаш қалаларында болды. Одан басқа Қарағандыдан 360 шақырым жерде Ақмола облысына кіретін Жолымбет кентіндегі бір бөлімше қарады. Қалғаны Қарағанды қаласының ішінде болды. Оларға кірпіш зауыты, Майқұдық, Пришахтинск, Үлкен Михайловка станциясы кіреді. ҚарЛАГ жүйесінде мал шаруашылығынан басқа кірпіш зауыттары, тас көмір шахталары, әк өндіру карьерлері болды. Тұтқын-дар Балқаш мыс қорыту зауытының құрылысында, МАЭС-те, темір жол желілерінде еңбек етті.
БалқашЛАГ 1934 жылы құрылды. Ол ҚарЛАГ-тың №37 бөлімшесі болып саналды. Концлагерьді 1955 жылы жапты. Жиырма жылдың ішінде бұл жерден шамамен 10 мың адам қудаланып, ауыр жазаға кесілді. Олар жеке өзі, не тұтас отбасымен жер аударылып, бөлімшелерге жөнелтілді. Тұтқындардың ішінде қазақ, орыс, еврей, неміс, шешен, өзбек, жапон, украин, поляк, қытай, неміс, венгер халықтары, литвалықтар мен эстондықтар болды. БалқашЛАГ-та болған 17 тұтқынға түрлі айып тағылып, олар 58-бап бойынша ату жазасына кесілді. Жазықсыз атылған-дардың ішінде Балқаш мыс зауытының құрылысына қатысып, оның іргесін салған құрылысшылар болған. Мәселен, 1930 жылы Балқаш қаласының құрылысына қатысып, түсті металлургия комбинатының бой түзеуіне үлкен үлес қосқан Василий Иванов 1938 жылы ату жазасына кесілді.
Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері Мағрипа Қазбекова 1938–1947 жылдары БалқашЛАГ-та ауруханада меңгеруші болып қызмет етті. Ол қазақ қыздарының ішінде алғашқылардың бірі болып Орта Азия университетінің медицина факультетін бітірді. Еңбек жолын Ташкент тері-венерология институтынан бастады. М.Қазбекованың жұбайы Ысмағұл Қазбеков 1937 жылы ғылыми симпо-зиумға қатысып, Ташкентте ғылыми зерттеулермен айналысқаны үшін оны «халық жауы» деп тұтқындады. 1938 жылы 21 шілдеде НКВД жанындағы Ерекше Кеңестің шешімімен Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде Мағрипа Қазбекованы 5 жылға бас бостандығынан айырды. Шымкентте қамауға алынады. Кейін оны Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмоладағы «Алжирге» жіберді. Сол жерде бес жыл жазасын өтеп (1943 жылдың 2 наурызында босатты), Балқашқа келіп дәрігер болды. Балқаш қаласының біріккен қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесін басқарды. Белгілі журналист, репрессия құрбандары мен ҚарЛАГ-ты зерттеп, сол жайында бірнеше еңбек жазған Е.Б.Кузнецованың «Карлаг: по обе стороны «колючки» атты еңбегі бар. Сол кітапта 1940 жылы ҚарЛАГ-қа кейін Балқаш лагеріне тұтқынға түскен Георгий Иванович Левиннің естеліктері берілген. Г.Ивановичтің жазбасында М.Қазбекованың есімі ерекше аталады: «Сол жылдары өлім өте көп болды. Оған ауыр климат, шамадан тыс жұмыс, дұрыс тамақтанбау, ең бастысы – жарамсыз және нашар тазартылған су себеп. Лагерьде шағын аурухана мен амбулаторияда дәрігерлер аз болды. Әсіресе, 1940 жылдары сотталған әйелдер жоқтың қасы. Мен сол кезде бізге көмектескен адамдардың атын ерекше атағым келеді. Әсіресе дәрігер-лердің. Өкінішке қарай, уақыт өте келе көптеген есім ұмыт болды. Бірақ Қазбекованың тегі әлі есімде (қазір оның есімі Балқашта көшеге берілген). Ол дәрігер. Сірә, ұлты өзбекке ұқсайды. Босатылғаннан кейін Балқашта ұзақ уақыт жұмыс істеген». Сол кезде М.Қазбекованың тұтқында болғандарды емдеп, жәрдем бергені осы жолдардан-ақ айқын.
М.Қазбекова дәрігерлік қызмет жолымен бірге қалалық және облыстық Кеңестің депутаты болып сайланады. Мағрипаны тұтқындағаннан кейін, немересі Зәуре Оспанованың айтуынша, балалары бір-бірінен бөлініп кеткен. Ұлын Магнитогордегі мектеп-интернатқа, ал қызын Шымкент қаласындағы балалар үйіне жіберген. Мағрипа Қазбекова 1955 жылы ақталды. Өмірінің соңына дейін дәрігер болып қызмет атқарды. 1958 жылы М.Қазбекова медицина саласындағы жемісті және ерен еңбегі үшін «КСРО денсаулық сақтау үздігі» белгісімен, екі жыл өткен соң Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталды. 1966 жылы оған «Қазақ КСР Еңбек сіңірген дәрігері» деген атақ берілді. Мағрипа Мырзағұлқызы 1982 жылы қайтыс болды. 1995 жылы 12 қыркүйекте Балқаш қаласының Фрунзе көшесіне М.Қазбекованың есімі берілді.
Г.Иванович естеліктерін-де Балқаш туралы: «Енді менің көз алдымда шалғын дала емес, жартылай шөл тұр. Көкжиекте үлкен зауыт пен бірнеше биік кірпіш құбырдың сұлбасы. Бұл БМЗ – Балқаш мыс балқыту зауыты. Оған үнемі Қоңыраттан мыс кені тиелген вагондар келеді... Қыс қатал болды, қатты жел, боран болатын. Бірақ солтүстіктегідей ұзақ емес. Наурыз айының басында қар еріді. Көктем мен күз мезгілі білінбеді. Қыс – жаз, жаз – қыс сияқты өтіп жатты. Жаздың құрғақ ауа райы аса білінбеді. Бірақ құмды дауыл мен жел ұнамады», – деп баяндайды. Г.Иванович анасының артынан 1937 жылы сотталып, ҚарЛАГ-тың темір қапасында он жылын өткізеді. Анасы бес жылға ГУЛАГ-тың тағы бір бөлімшесі – ПечорЛАГ-қа айдалады. Г.Иванович босатылғаннан кейін Қарағандыда ұзақ уақыт өмір сүріп, жұмыс істейді. Осында жүріп зейнетке шығады. Кейін Тула қаласында тұрып, Мәскеуде қайтыс болады. Қарағандыда жүргенде ол ҚарЛАГ және осы лагерьде болғаны туралы естелік жазады: «ҚарЛАГ-қа мен 1940 жылдың қыркүйек айының соңында ашық, шуақты күндердің бірінде келдім. Менің жасым отызға таяп қалды. Артымда Архангельск лагері – КаргопольЛАГ қалды. Енді ҚарЛАГ...». КаргопольЛАГ-та жүргенінде оған арнайы бұйрық келеді.
Таныстарынан Орталық Азияға баратынын біледі. Әрине, ол басында ҚарЛАГ-тың қайда орналасқанын, қандай жер екенін білмейді. Оған арнайы киімдер ұсынғанда пиманы не үшін бергенін түсінбейді. Жанындағылар: «Жүзім өсетін жерге бара жатырсыңдар ғой. Сендерге не үшін пима берген?» – деп әзілдейді. Кейін есте-ліктерінде ҚарЛАГ-та жүзімнің орнына қарлы боран мен аяз болғанын жазады. Олар Қазақстанға келерде бірнеше лагерьден өтеді. Ақырында Қарабасқа келіп тоқтайды. Қарағанды облысындағы Қарабас елдімекені КарЛАГ-тың азап қақпасы болған. Себебі еңбекпен түзету лагерьлеріне вагон-вагон болып келген тұтқындар осы жерден түсіп, бөлімшелерге бөлінген. Кейін топтарға бөлінгендер барақтарға жаяу барған. Қыстың суығында Сарыарқаның ызғары талай тұтқынның өмірін жалмады.
Г.Иванович естеліктерінде соғыс жылдарындағы БалқашЛАГ-тың тұрмыс-тіршілігін сипаттап жазады. Бастапқыда лагерьде тұтқындар тұратын үйлер жерден қазылды. Экскаватор жерді қазып, пайда болған шұңқырдың шатырына ағаш қойылып, топырақпен бекітілді. Осындай жер үйлерде олар бес жыл (1940–1945 жж.) тұрды. Мұндай суық жерасты үйлерінде неше түрлі жәндік толып жүретін. Көктем айында жер үйге кіріп кеткен өрмекшілер мен жыландарды аулап, өмір сүрді. «Бөлімшенің бас бухгалтері – Михаил Степанович Тимофеев есте қалыпты. Ол балдақпен жүретін. Мүгедек. Амурдың бас есепшісі болған. Оны Қиыр Шығыста қамауға алып, он бес жылға бас бостандығынан айырған. Құрылыс жұмысының тікелей басшыларының бірі болған Корней Степанович Кулик «Тарас Бульба» фильміне сценарий жазуды арман-даған. Тіпті бастаған да секілді. Қатарымызда Ленинградтан келген суретші де болды. Ол есепші болып жұмыс істеді. Аты-жөні – Николай Иванович Низковский. Арамыздағы ең кішісі – Владимир Евгеньевич Успенский экономист болып жұмыс істеген. Минскіде қуғынға ұшыраған профессордың ұлы. Ол босатылғаннан кейін ұзақ уақыт Қарағандыда өмір сүрді», – деген естеліктерден тұтқындардың түрлі сала маманы екенін аңғаруға болады. Мұндай түрлі саладағы адамдардың болуы тегін емес. Кеңес Одағы лагерьлерде есеп-қисаптың болатынын білді. Сондықтан да білікті мамандарды әдейі торға қамап, жұмысқа жекті. Ал суретшілер не істеп жүр? Олар ГУЛАГ-тың картасын сызу үшін қажет болды. Г.Ивановичтің өзі картограф болған. Ол тұтқындалған кезде өзі жайлы: «Геодезиялық білімім бар (техникум), тіпті Архангельск картография фабрикасында екі жыл жұмыс істедім», – деп жазады. Ақырында, автордың жазуы бойынша, 1940 жылдары ГУЛАГ жүйесі ауыл шаруашылығы саласына қатысы бар агрономдарды жинағаны анықталды. Бірақ Г.Ивановичті құрылысқа жіберді. Алайда 1945 жылы оны орталық әкімшілік – ҚарЛАГ-қа жіберіп, бірнеше картографпен бірлесе отырып ГУЛАГ-тың картасын сызады.
БалқашЛАГ-та отырған зиялы қауым өкілдері бір-біріне қолдау білдірді. Ауыр жұмысқа жарамсыздардың орнына әлді, күш-қуаты мол адамдар алмасып, жұмыс істеді. БалқашЛАГ-тың бастығы болған Зубарев соғыс басталғаннан кейін ҚарЛАГ-тың басқа бөлімшесіне ауысып кетеді. Оның орнына қызметі жоғары адамды жіберді. Ол лагерь маңын көгалдандыруды қолға алды. Г.Иванович естеліктерінде: «Балқашта ағаштар тек бір жағдайда өседі. Ол үшін отырғызатын жерді үлкендеу етіп қазып, теректі алып келген жеріндегі жұмсақ топырағымен бірге егу қажет. Лагерь маңына ондаған шұңқыр қазылып, өсімдік топырағына ағаштар мен бұталар отырғызылды. Көбі қарағаштар мен жиде ағашы», – деп жазады. Расымен де, Балқаш шөлейт жерде орналасқандықтан, бұл жерде ағаш отырғызу қиын. Қазір қаланың сәнін беріп тұрған ірі көшелердің бойындағы ағаштарды кезінде концлагерь тұтқын-дары еккенін кім білген?
Соғыс кезінде БалқашЛАГ-та арнайы балық аулау учаскесі ұйымдастырылды. Тұтқын-дар жинаған балық орта-лыққа, яғни Долинкаға жөнелтілді. Тұтқындар арасында өмірге деген құлшынысын жоғалтпаған, өнерді түсінген адамдарға жерасты клубтарында түнгі киносеанстар болды. Ондайда қақаған аязға да қарамайтын. Балқаш қаласынан кинотеатрлар келіп, тұтқындар соғысқа дейін әйгілі «Большой вальс» фильмін, ал соғыс жылдары «Тётушка Чарли» атты ағылшын фильмін тамашалады. Тұтқындар клубта көңіл-күйді көтеру үшін түрлі қойылым қойды. Олардың арасында кәсіби актерлер де болды.
1942 жылы Сталинград түбіндегі шайқастан кейін БалқашЛАГ тұтқындарын майданға жібере бастаған. Бірақ майдан шебіне барғысы келмегендер қашудың амалын тапты. 1944 жылы Балқаш бөлімшесіне Украинадан Отанына опасыздық жасаған әйелдердің тобы келе бастады. Соғыс аяқталар уақытта бөлімше қызметкерлері тұтқындарға: «Бұл да аяқталады. Сәл шыдаңдар. Соғыс бітсін», – деп сенім ұялатты. Бірақ соғыс аяқталғаннан кейін тұтқындар саны арта түсті. Жезқазған облысында арнайы Байқоңыр лагері пайда болды. 1945 жылғы амнистия тек қылмыскерлерге жарияланды. Жеңіс күні қарсаңында клубтан музыка ойнап, тұтқындардың тамағы екі есе көбейді. Билеуге рұқсат берілді.
1945 жылдың күзінде БалқашЛАГ жапон әскери тұтқындарын орналастыруға берілді. Ал осыған дейінгі тұтқындарды ҚарЛАГ-тың басқа бөлімшелеріне ауыстырды. Күн сайын барақтар босай бастады. Кейіннен бұл лагерьге жапон әскери тұтқындары орналасты. ҚарЛАГ-тың бөлімшелері кейін кеңшар болып құрылды. Балқаш қаласындағы Металлургтер мәдениет сарайын 1946 жылы жапон соғысының тұтқындары бастап, оны 1952 жылы аяқтайды. Мәдениет сарайындағы қабырға суреттерін де осы тұтқындар салған.
Елімізде 1997 жылдан бастап, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып ресми бекітілді. Алайда жастардың арасында бұл күнді білмейтін, маңызын түсінбейтіндер жетерлік. Оқырман, достарыңа жанашыр бол! Олар да тарихты білсін. Осы уақытқа дейін көптеген архив ашылып, саяси қуғын-cүргін құрбандары туралы кітаптар жарыққа шықты. Бірақ қоғамда осы дүниелерді зерттеп, оқитын жастар болса екен. 1930–1960 жылдары болған қудалаудың әлі біз білмейтін талай ашылмаған сыры жатыр.
Осы мақаламды жазарда мен түрлі ақпарат оқып, тақырып бойынша біраз іздендім. Келеңсіз жайттар да болды. Балқаш қала-лық тарихи-өлкетану музейіне БалқашЛАГ туралы дерек іздеп барғанымда, мұражай қызметкерлері ақпаратты бергісі келмеді. Балқаш қаласының тарихы туралы қордың әлі күнге жоқ екенін де қоса кеткенді жөн көрдім. Архив суреттері мен ақпаратты тірнектей жинадым. Архивтерге барсаң, оларға рұқсат қағаз беруің керек. Қарап тұрсаң жыры көп дүние... Еліміздің мұражайлары мен архивтері осындай жабық болса, біз өскелең ұрпақтың санасын ешқашан оята алмаймыз. Керісінше, жастарға барын беріп, «міне, міне, осындай болған» деп білгенін бөлісетін мәдениет қызметкерлері болса ғой... Жастардың бетін қақпаса екен деген үлкен арман көкейде қалды. Ал оқырман тек бір орында тоқтамай, елінің тарихын білсе екен, ұмтылса екен деймін.
Олжас ПАВЛИК
«Ұлан» газеті, №22
30 мамыр 2023 жыл
702 рет
көрсетілді0
пікір