• Сенің замандасың
  • 29 Мамыр, 2023

«Абай жолы» – үстел ойыны

Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Томирис Бақыт «Абай жолы» романының сюжетін оқырманға жеңіл түсінуге көмектесетін үстел ойынын жасады. Бұл қандай ойын? Ол төрт томдық романды түсінуге қалай көмектеседі? Томирис бізге ойынның мақсаты мен оқырманға берер пайдасы туралы айтып берді:

«Менің есімім – Томирис. Қарағанды қаласының тумасымын. Әртүрлі жанрдағы кітаптарды үш тілде оқығанды жақсы көремін. «Абай жолы» романын оқыған кезде біраз қиналдым. Түрлі кейіпкер әрі шығарма тілі ауыр болған соң, көп бөлігін түсінбедім. Кейін өз бетімше көнерген сөздердің мағынасын жаттай бастадым. Кейін романды оқу барысын жеңілдететін әрі сөздік қорды көбейтуге көмектесетін үстел ойынын жасағым келді. Авторлық ойынның идеясы осылай пайда болды».

Ойын көпшілікке таныс «Монополия» ойынының негізінде жасалған. Томирис оған жаңа өзгерістер енгізген. Ол романды қарапайым тілмен түсіндіріп қана қоймай, сөздік қорды арттыруға көмектеседі.

«Ойын «Absolutely obsolete» деп аталады. Екі немесе алты адам ойнай алады. Мұнда көнер-ген сөздер, кейіпкер, ру атаулары мен түрлі сурет енгізілген жүз карта бар. Ойынға қатысушылар солардың бірін таңдап, картада бейнеленген нәрсе бойынша мағлұмат айтуы керек. Әрбір дұрыс жауап үшін ұпай беріледі. Мәреге дейінгі қадам саны арнайы куб арқылы анықталады. Қатысушылардың жауабын тексеріп, ұпай тарататын төреші сайланады. Кімнің ұпай саны көп болса, сол жеңіске жетеді. Ойын негізінен мектеп оқушыларына арналса да, оны «Абай жолын» оқыған кез келген адам ойнай алады. Романды оқымасаңыз да, үстел ойыны арқылы көнерген сөздер мен салт-дәстүрлерді меңгеріп аласыз. Бірақ мұндай жағдайда кейіпкерлер мен руларға байланысты сұрақтарда тосылып, балл жоғалтып алуыңыз мүмкін, – дейді Томирис. – Роман желісі бойынша жасаған ойынымның негізгі мақсаты – қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпы пен өмір салтын дәріптеп, мазмұнын қарапайым тәсілмен түсіндіру. Бұл оқушыларға әдеби шығармаларды тез түсініп, кейіпкерлерді оңай жаттап алуға көмектеседі. Сұраққа жауап беру барысында оқушының коммуникация құру қабілеті дамып, топта жұмыс істеуді үйренеді».

Томирис қазір Эрнест Хемингуейдің «Шал мен теңіз» повесін оқып жүр. Үстел ойынын Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясына да жасауға болады дейді. Бос уақытында фильм көріп, сурет салады, баскетбол үйірмесіне қатысады. Түрік тіліндегі шығармаларды оқып, тіл меңгеріп жүр екен. Жеткіншек алдағы уақытта «Абай жолы» бойынша құрастырған үстел ойынын толықтырып, дамытуды жоспарлап отыр. 

Аружан АБСАТАР,
«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №22
30 мамыр 2023 жыл

2475 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор