• ҰЛАН
  • 29 Мамыр, 2023

Жылдар жасырған есімдер

Биыл Саясаттану пәнін оқыдық. Мектепте тарихты қанша жерден үздік оқыдым десек те, оқиғаны есте сақтаумен, айтып берумен шектеліп жүріппіз. Оқиғаның не себепті болғанына, адамдардың ықпалы мен мақсаты қандай болғанына қызықпаппыз. Саясаттану пәнінде елдің саяси құрылысына, партия жүйесіне баса назар аударылады. Оқытушымыздың «1991 жылы Қазақстан бәрін нөлден бастады ма?» деген сұрағына «иә» деп жауап бергеніміз бар. Сонда оқытушы британдық режиссер түсірген деректі фильмді көрсетті. Фильмде 1920 жылғы қазақ даласы. Көшпелі өмір салты, өндіріс атымен жоқ. «Демек, мемлекетте ақша да жоқ», – деді оқытушы. Ал ақша жоқ заманда білім беру, мектеп ашу мүмкін емес. Соған қарамастан, мұндай ұғым тіпті жоқ заманда қазақтан шыққан интеллигенция екі сыныптық білім беру жүйесін, әйел қаламаса әмеңгерліктің болмауын, қыздардың білім алуын, әркім өзі қалаған дінді ұстануға құқылы екенін жазып, оны Алаш партиясының жобасына айналдырды. Қазір XXI ғасыр. Бірақ әлі де күн тәртібінде Алаш басты назар аударған мәселелер тұр. Олардың бір ғасыр бұрын сондай демократияны орнатуды ойлауы шынында таңғаларлық. Ресейден жүйенің үлгісін алды дейтіндей, онда да жағдай мәз болмаған. Ол уақытта Ресейде патша отбасы құлағаннан кейін аласапыран болып, демократия сөзбен айтылып, іс жүзінде болған жоқ. 

Біз мақтанып айтатын, тарихымыздың таза болуына атсалысқан өткен ғасыр зиялыларының бәрі дерлік жаппай қуғын-сүргін құрбаны болды. Біз олар-дың өлеңін жаттап, алдымен ақын ретінде танимыз. Шын мәнінде, әрқайсы бірнеше саланың басы-қасында жүргендер. Қай-қайсы болса да, ашаршылықта да, оқу-ағарту ісінде де қарап отырмаған. Өмір жолын оқып отырып, «тыным таппаған екен, ұйықтамағандай тіпті» дейсің. Бірақ, сол зиялылардан білетініміз бір тоғыз ғана екені өтірік емес. Сондықтан бүгін есімі атала бермейтін, бірақ еңбегі мыңға татитын тұлғалар жайлы айтқалы отырмыз.

ТАРИХИ АТЫМЫЗДЫ ҚАЙТАРҒАН КІМ?

Тарих пәнінен ХІХ ғасырдың басында қазақтарды қырғыз деп атағанын білесіңдер. Тарихшылар мен зерттеушілердің еңбегінде бізді қырғыз атауының бірнеше себебі айтылып келеді, нақты тұжырым жоқ. Кейбір деректерде орыс құжаттарында қазақ және казак атаулары бірдей «казак» болып жазылғандықтан, қазақ атауын бұрмалап, ресми құжаттарға «киргиз», «киргиз-кайсак» деп жазғанын айтады. Не себеп болса да, қазақ даласында жүргізілетін жарлықтарға дейін «Сібір қырғыздарын басқару туралы» болып шықты. Кейінірек, 1920 жылы қазіргі Орта Азия елдерін автономияға бөлгенде, Қазақия-Қырғыз Автономиялық Социалистік Республикасы болып жарияланды. М.Дулатұлы (1913 жылы «Қазақ» газетінде), С.Сейфуллин («Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылы 15 ақпандағы санында) сияқты бірқатар қазақ зиялысы қазақты қырғыз деудің қате екенін бүркеншік есімдерімен жазып жүрді. Ұлт аты жойылуға шақ қалып тұрғаны бәрінің, әсіресе зиялы қауымның жанына батқаны анық. 1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Қызылордада (Ақмешітте) өткен Қырғыз АКСР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақтық съезінде бұл қауіпті түбегейлі жойған – Сұлтанбек Қожанов. Расында, сіз бұрын естімеген, еш жерден оқымаған, таңсық есім шығар. Өйткені мектеп бағдарламасының оқулықтарында тұлғаның еңбегі де, есімі де аталмаған. Съезде шешілуі керек 6 тақырып қатарында тарихи атымыздың мәселесі болмады. Соған қарамастан, С.Қожанов сөз алып, әркімді өз атымен атап, республиканы «Қазақстан» деп өзгерту керектігін ашық айтады. Съезге қатысушы делегаттар бірауыздан қолдап, С.Қожанов ұсынысына дауыс береді. 1925 жылғы 15 маусымда ұсыныс мақұлданып, өз атымыз құжат жүзінде қайтарылды. Бүгінде бұл тарихи оқиға елеусіз қалғанмен, ұлт тағдырында маңызы зор. Сұлтанбек Қожанов Алаш қозғалысының қайраткері деген де деректер бар. Оған дәлел – өзі белсенді қызмет атқарған Түркістандағы «Бірлік туы» газеті. Алашорданың Түркістандағы бөлімінің аты да «Бірлік туы». Әрі газетті шығарушылардың тұғырнамасы Алашорда тұғырнамасымен бірдей болған. Сұлтанбек Қожанов 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ЖОҚШЫСЫ БОЛҒАН ЖҮРГЕНОВ

Қазақ ұлттық өнер академиясының Темірбек Жүргенов есімімен аталуы бекер емес. Жүргенов – мәдениет саласына ғана емес, жеріміздің тұтастығының сақталуына да ерен еңбек сіңірген қайраткер. Т.Жүргенов 1924–1926 жылдары Орта Азия мен Қазақстан арасындағы ұлттық-мем-лекеттік шекараны белгілеу мәселесі тақырыбында диплом жұмысын жазады. Оның диплом жұмысына дейін партия элитасы Жетісу мен Сырдария жерлері Өзбекстанға өтуі керек деген пікірде болған. Ал Т. Жүргенов аталған жерлердің Қазақстанға тиесілі екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Жоғарыда айтып өткендей, ол ұлттық өнердің жоғалмай, әрі қарай өркендеуіне де үлес қосты. Байларды тәркілеу саясатының салдары Шара Жиенқұлова мен Құрманбек Жандарбековті де айналып өтпепті. Партиядан, театрдан шығып, амалы таусылған қос өнерпаз жаңа театр ашылған Қырғызстанға көшуге әрекеттенген тұста Темірбек Жүргенов тосқауыл болады. Жүргеновтің қолдауымен Шара Жиенқұлова Ташкентке барып, хореография негіздерін үйреніп келеді. Көп ұзамай, Темірбек Жүргеновтің басшылығымен 1934 жылы Алматыда опера театры ашылады. Театрдың ашылу салтанатында, 1934 жылдың 13 қаңтарында «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы сахналанды. Елдегі өзгерістерге, оқу ісінің алға жылжуына шын қуанған Темірбек Жүргенов революцияны қолдайды. Бірақ, революцияның салқыны қазаққа тиіп, ашаршылық, тәркілеу, ұжымдастыру зардабын тартқан халықты көргеннен кейін Совет үкіметіне қарсы шыққан-дарға да қолдау білдіреді. Темірбектей тұлғаның қуғын-сүргін құрбанына айналып, атылуына інілерінің Ақтөбедегі көтеріліске қатысуы себеп болыпты.

ШЕКАРАМЫЗДЫ ШЕГЕНДЕГЕН МАТЕМАТИК

Жаппай қуғын-сүргін жылдарында нақақтан-нақақ оққа ұшқан қазақтар саны – 25 000. Ал қазір айтқалы отырған тұлға репрессия жылдарында оққа ұшпаса да, әбден қуғындалып, еңбектері жойылып, жылдар бойы абақтыда азап шеккен. Қуғын-сүргін жылдарынан бұрын, 1920 жылы В.Лениннің төрағалығымен өткен халық комиссарлары жиналысында Әлімхан Ермеков Қазақстанның жағдайы туралы баяндама жасайды. Айтып өткеніміздей, жер мәселесі ушығып тұрған уақыт. Каспий теңізінің жағалауын Астрахан губерниясы меншігіне беру немесе Қазақстан аумағында қалдыру мәселесі көтерілген сол жиында Ә.Ермековке үлкен жауапкершілік жүктелді. Мұндай жиынға оны Алашорда төрағасы Ә.Бөкейханұлы жіберген еді. Сол жиында Әлімхан Каспий теңізінің сол жағалауында қазақтар орналасқанын, жергілікті балық шаруашылығымен олардан артық ешкімнің айналыса алмайтынын және орталықты балықпен қамтамасыз етіп отырған да жергілікті қазақтар екенін алға тартады. Астрахан губисполкомның төрағасы Брюханов қарсы аргумент таба алмай, Лениннің өзі де Әлімхан Ермековтің ұсынысына дауыс береді. 1921 жылдың сәуірінде Орталық Компартияның шешімімен Семей, Ақмола облыстары, Корастылев даласы, солтүстік Каспий жағалауы Қазақстанға қосылды.

Бүгінде өздерің оқып жүрген нүктелер, іргелес және сыбайлас бұрыштар, тең бүйірлі және төбелі бұрыштар, түзудің берілген кесіндісі, тең бүйірлі үшбұрыштар, үшбұрыштың қабырғалары мен бұрыштарының арасындағы тәуелділік, шеңбер қоюшы, түйіндесу ауданы, дөңгелек, түзулер сияқты математикадағы терминдерді қазақ тіліне аударған да осы Әлімхан Ермеков. Қазақтан шыққан тұңғыш математик математика бойынша ондаған оқулық, анықтама кітап жазды. Ғалымның «Ұлы математика курсы» еңбегі латын қарпінде 3500 данамен басылып шыққан. Ермеков дәл осы себептен, орыс тілін білмейтін қазақтарға арнап ғылыми оқулық жазғаны үшін тұтқындалды. Жапон тыңшысы, ғылыми терминологияға зиян келтіруші деген айыптармен үш рет сотталып, 18 жылын қуғын-сүргінде, абақтыдан абақтыға ауысып өткізген. Жазалау мерзімі біткен соң, Совет өкіметі Ермековті әдейі Қарағандыдағы 58-үй, 8-пәтерге тұрғызады. Біле жүр-гендерің жөн, Кеңес өкіметінің мұндай айласы барлық дерлік репрессия құрбандары мен олардың туыстарына қолданылған. Мәселен, Ә.Ермеков 58-баптың 8-тармағы бойынша сотталған. Мұндай баптардың санымен сәйкес келетін пәтер тұрғындарын еш жер жұмысқа алмаған, «халық жауы», «халық жауының туысы» деген таңбамен атаған. Жаппай қуғын-сүргін тағдырына балта шапқан Әлімхан Ермеков 1970 жылы белгісіз жағдайда 58-үй, 8-пәтерде дүниеден өтті.

Біз білмейтін, мектепте өлеңін жаттамаған, бірақ «ұлтым» деп өткен азаматтар аз емес. Неше түрлі айыппен оққа ұшқандар, өмірін қу қапаста өткізгендер қанша. Айта беретін болсақ, «Конституцияда жазылғандай өз жерімізді өзімізге бермесеңдер, халықаралық ұйымдарға жүгінеміз» деп Хрущевтің бетін қайтарып, Қазақстанның солтүстігіндегі облыстарды сақтап қалған Жұмабек Тәшеновтің де орын осы қатарда. Өзге де қуғын-сүргін құрбанына айналған Нәзір Төреқұлов, Құдайберген Жұбанов, Жақып Ақбаев, Мұстафа Көкебай, Уәлитхан Танаштар жайлы зерттеулер әлі де аз. Соған қара-мастан, олардың атын өшірмей, біліп, айтып жүру бүгінгі ұрпақтың ұлтқа деген махаббатының көрінісі болар еді. 

Жазира  БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №22
30 мамыр 2023 жыл

530 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор