• ҰЛАН
  • 29 Мамыр, 2023

Балалар лагерьге барады

Газеттің өткен сандарының бірінде «ДЦП life» орталығының жетекшісі Зәуре апайларыңды жазған болатынбыз. Эстафетада бақ сынаған балалардың дені осы орталыққа барады екен.

– Ерекше баланың анасымын. Қызым Іңкәрға сал ауруы диагнозы қойылған. Егіздің сыңары еді, – деді Зәуре апай. – Жағдай осылай болды. Қытайға барып емделіп жүрдік. Карантин кезінде жол жабылып қалды. Сол кезде осындай орталықты өзіміз ашсақ деген ойға келдік. Емге барған сайын «емделесің, жақсы боласың» деп айтамыз ғой. Ешқандай өзгеріс болмағанын көрген соң, қызым бірде жылап қалды. Өтпелі кезеңнің әсері деп түйдік. Десе де, қызыма емделуге күш-қуатты қалай беремін деген ой маза бермеді.

Кездейсоқ дәрігерлердің жиналысына қатыстым. Дәрігер ДЦП диагнозы қойылған корей жігіттің тағдырын айтып берді. Әлгі жігіттің жағдайы менің қызыма ұқсас екен. Емделуге зауқы жоқ, өмірден түңіліп, өзіне қол жұмсауға дейін барады. Дәрігерлер бочча деген спорт түрімен айналысуды ұсынады. Боччаға қызыққаны сонша, өмірге деген көзқарасы қайта оянады. Үйленіп, отбасылы болады. Паралимпиада чемпионы атанады. «Бізге де осы ойын керек» деген мақсат қойдық. Белсенді ата-аналар топтасып, боччаны білетін адамдарды іздей бастадық. Біз туралы естісе керек, Астанадағы «Тең мүмкіндіктер» орталығынан хабарласып, «Боччаны Алматыда жүргізсеңіздер» деген ұсыныс айтты.  Орталықта футбол, бассейн, каратэні қолға алдық.

«ДЦП life» орталығын ашып, жұмыс істедік. Бірде бір ана қызын жазда ешқайда апара алмағанын айтып, мұңын шақты. Осы балаларға қалай көмек беруге болатынын ойластырдық. Қор атынан демеушілерден қаражат жинап, оншақты ата-анаға автобус жалдап, Боралдайдағы ыстық суға демалуға апардық. Он күнге тамағын, бәрін ұйымдастырдық. Осылай демалысқа шыға бастадық. Жақында арбада отыратын жиырма баланы Шымбұлаққа шығардық. Басқа диагнозы бар балалардың тауға шығуға мүмкіндігі бар. Ал арбада отырған жеткіншекке қиын. Тауды мүлдем көрмеген балалар да бар екен. Оларға қатты ұнады. Арбаны жоғарыға шығару оңай емес. Бізге ауыр болды. Кейбір еріктілер келмей қалды. Балалардың алғысы, қуанғаны бізге керек болған соң, бәріне көнеміз.

Демалысқа балаларды шығарып жүргенде лагерьді ойладық. Жиырма балаға ата-анасымен бірге бочча, тетербол бар спорт лагерін ұйымдастырдық. Халықтың, жақын туыстардың көмегімен тиісті қаражатты жинадық. Елу адамға екі күндік лагерь ұйымдастырдық. Балаларға ұнағанын көріп, тағы төрт рет ұйымдастырдық. Лагерьдің аясын кеңейткіміз келді. Жоспарын сызып, «Samruk-Kazyna Trust» қорына өткіздік. Қор қолдау білдіріп, лагерь ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Даун синдромы, аутизм белгісі бар балалар да баруға болады. Бірақ спортпен айналысып жүргені маңызды. Балаларды спортқа бейімдеу – негізгі мақсатымыз.

Лагерьдің тағы бір мақсаты – ата-анамен жұмыс істеу. Баланы он жасқа дейін біраз жерге емдетуге апарады. Нәтиже көрмеген соң шаршайды. Соны ескере отырып, психолог, коуч мамандар ата-аналармен жұмыс істеді. 19 маусымда алғашқы топ шығады. Лагерь тамыз, қараша айына дейін жалғасады. Қаржы мәселесі кеш шешілді. Бұл кезде арбамен жүруге ыңғайлы демалыс орындары бос емес екен. Бес күнге жатын орын, ас-ауқат тегін. Жобаның тағы бір маңызды мақсаты – мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамға бейімдеу. Балаларға елу ерікті көмектеседі. Лагерьге жаз айларына орын жоқ. Қараша айына бос орындар бар. Болашақта лагерьді жиі ұйымдастырамыз деген мақсат бар.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №22
30 мамыр 2023 жыл

227 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор