• ҰЛАН
  • 29 Мамыр, 2023

«Қайсар» иен «Достық» сынға түсті

Жақында «Алматы арена» көпсалалы спорт кешенінде ерекше балалармен бірге көңілді эстафета өтті. Онда «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржылай қолдау көрсететін қайырымдылық жобаларының жеткіншектері мен олардың ата-анасы бас қосты. Қор балалардың сенімді серігіне айналған. 2016-2023 жылдар аралығында Алматыда жиырмаға жуық әлеуметтік жобаға 2,3 миллиард теңге бөліпті. 2018 жылдан бастап «Саламатты болашақ» жобасы аясында жиырма бір қалада тегін инклюзив және бейімделген спорт үйірмесі желісі құрылыпты. Мыңнан астам бала спорттың он екі түрімен айналысады. 

«Балаларға өмір сыйла»: 
ҚР емделмейтін ауыр аурулары бар балаларға көмек көрсету. 
«Жетімсіз Қазақстан»: балаларды отбасына табыстау мен өгей балаларға құқықтық қолдау көрсету.
«Аутизмді жеңеміз»: Отбасында аутизмі бар балаға көмек көрсету. Жоба бойынша 840 отбасы, 100 баланы қамту. Осындай нақты жобамен жұмыс істейді екен.  

Алматы облысы бойынша сал ауруы және тірек-қимыл аппараты бұзылған 200 балаға спорт лагерін ұйымдастырып, төрт маусымда елу баладан демалысқа жібермек. Даун синдромы бар балаларға орталық ашып, оларды қоғамға бейімдеп, жұмыспен қамту да ұмыт қалмапты. Алматыдағы орталыққа шетелден білікті мамандар шақырады. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда облысында Даун синдромы бар жеткіншектердің қоғамға бейімделуіне көмектесуді мақсат етеді. 

Қор халыққа пайдалы жобаларды дамытуға әрдайым асық. Өтінім беру жолын sk-trust.kz сайттан оқуға болады. Сall-орталық та жұмыс істейді: +7 (7172) 57-68-98.

Қордың бас директоры Альфия Адиева: «Бүгін бірнеше жобада көмек берілген жеткіншектермен кездестік. Болашақта басқа өңірлерде осындай шараларды ұйымдастыру жоспарда бар», – деді. 

Қор денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бұқаралық спорт, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бағытында қызмет етеді. Эстафетаға балалармен бірге кеш қонағы ретінде біз де қатыстық. «Қайсар» және «Достық» деген екі топқа бөліндік. Алдымен бочча ойынынан бастадық. Балалардың мұқият дайындалғаны көрініп тұр. Тетербол деген ойынды алғаш рет естідім. Балаларды жылдам қимылдап, шешім қабылдауға үйретеді екен. Садақ атуда «Қайсар» командасының жігіттері мықты екен. Ал арқан тартыста «Достық» тобы алға шықты. Эстафета соңында балаларға сыйлық берілді. Балалар тәтті мақтаны сүйсіне жеді.

АҒАМА ҰҚСАҒЫМ КЕЛЕДІ

Дамирдың жасы 13-те. Қаладағы №2 мектеп-интернаттың 6-сынып оқушысы. Сол қолы мен аяғы істемейді. Өте сабырлы, ақкөңіл бала екен. Жанында анасы бар. 

– Футболға барамын, суда жүземін. Асық ойнаудан жеңім-паз болдым. Үйде медалім көп. Боччаға қатысқым келген. Бірақ  денсаулығың жақсы деп мені қабылдамады. Бүгін «Достық» тобында болдым. Садақты дәл тигізіп, 10 балл алдым. 
– Қандай арманың бар?
– Болашақта кім болатынымды әлі шешкен жоқпын. Кейде инженер болғым келеді. 
Отбасында ата-анам, ағам мен тәтем бар. Ағама ұқсағым келеді, оған қызығамын. Сабағын өте жақсы оқиды. «Всезнайка» деймін. Күнделігі «5»-ке толып тұр. Өзім спортқа жақынмын. Интернатта жатып оқимын, орыс сыныбындамын. Ағам сәрсенбі күні үйге алып кетеді. 
Интернатта мен секілді балалар оқиды. Кейбірінің денсаулығы тіпті нашар. Аяғы, қолы жоқ балалар да бар. Мектепке қала әкімі, депутаттар, демеуші аға-апайлар жиі келеді. Бізге тамақ беріп, жағдайымызды жасайды.

БАЙ БОЛСАМ ДЕЙМІН... 

Абылай орыс, ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Физика, математика пәндерін жақсы көреді. Жанында әжесі бар екен. «Тәтеңнің қойған сұрағына қысылмай жауап бер», – деп басынан сипап жатыр.

– Абылай, әжеңнің айтқан ертегісі есіңде ме?
– Иә, қазір жігіт болдым ғой. Бала кезімде жиі ертегі айтып беретін. «Сабағыңды жақсы оқы. Сөз қайтарма, қатты сөйлеме, жаман сөз айтпа» деп ақыл айтады. 
– Ақылын тыңдамайтын кезің бола ма?
– Иә, бұрын болған (күліп). 
– Өмірлік мақсатың қандай?
– Өте бай болғым келеді. 
– Таусылмайтын ақшаң бар делік. Қайда жұмсайсың?
– Адамдарға көмектесемін. Қайырымдылық қорына беремін. Сосын футболға қызығатын балаларды жинаймын. 
– Қай команданың жанкүйе-рісің?
– Португалиялықтар Роналдо бар кезде ұнайтын. Қазір қызық емес. Футболдан әлем чемпионатында командада Роналдо ғана ойнады. Мына жақта Мбаппе жалғыз өзі жүгіріп жүріп, үш гол салды. Ал Мессидің жолы болды. 
Абылайдың жанында кішкентай қарындасы бар екен. Қолындағы мақтасын қарындасына беріп әлек. «Киіміңді бүлдіресің! Әй, бірінші өзің жеші», – деп әжесі мейірлене қарайды.

МАРИЯМ 25 ШАҚЫРЫМҒА ДЕЙІН ЖҮЗЕДІ

Мариямның жанында әлеуметтік қызметкер болып істейтін Эльмира апайы бар екен. Апайының қамқор боп жүргеніне төрт жылдан асыпты. «Өзі нәзік болса да, айтқанынан қайтпайды. Кейде балалар еркелеп, қосымшаға бармайды ғой. Мариямда ондай мінез жоқ. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей қоймайды. Сабақты үйден оқыса да, зерек», – деді.

– Жасым 12-де. Алматыда тұрамын. Боччадан, жүзуден жарысқа қатысып, жеңімпаз атандым. Суда жүзсем, өзімді жеңіл сезінемін. 25 шақырымға дейін еркін жүземін.
– Алға қойған мақсатың қандай?
– Аяғымнан тұрғым келеді...
– Боччаны тез үйрендің бе? Қандай түсті шар сәттілік әкеледі?
– Жарысқа қатысқанда қызыл түсін таңдауға тырысамын. Қызыл доппен жақсы ойнаймын.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №22
30 мамыр 2023 жыл

249 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор