- ІТ және инновация
- 22 Мамыр, 2023
«RoboZerde» жыл сайын мамыр айында өтеді
Жақында Астанада Әлихан Мақсұт атындағы «RoboZerde-2023» I қалалық робототехника фестивалі өтті. Оқушылар робототехниканың «РобоСпорт» бағытының биатлон және шығармашылық жоба деген екі санаты бойынша сынға түсті. Шараның мақсаты – өмірден ерте озған дарынды оқушы Әлихан Серікзатұлы Мақсұттың ғибратты ғұмырын өнеге ету.
Әлихан физика, робототехника бойынша республикалық, халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалардың бірнеше дүркін жеңімпазы болған. Оған қоса өлең де жазатын. Марқұмның әкесі – елге белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы. Ол ұлының робототехникаға қатты қызыққанын айтады. «Шет мемлекетте білім алып, жас ұрпақты ғылым мен технологияның тіліне баулып жүрген азамат көп. Өкініштісі, оларды дәріптеу жағы кенжелеп тұр. Дамыған елдердің қатарынан көрінгіміз келсе, ғылым мен білімге, оның ішінде робот құрастыру сынды жастардың құштарлығын арттыратын бастамаға басымдық берген дұрыс.
Әлихан баламның арманы да сол еді. Сол үшін жастардың озық идеясын қолдап, іске асуына атсалысайық», – дейді әкесі. Енді «RoboZerde» жыл сайын мамыр айында дәстүрлі түрде өтеді. Дарынды оқушылардың ғылымға деген ынтасын ояту үшін жарысты республикалық, халықаралық деңгейде өткізу жоспарда бар. Топжарған оқушыларға қаржылай сыйлық пен алғыс хат берілді. Роботтар бәйгесінде оза шыққан озаттармен әңгімелескен едік.
Жадыра ТҮСІПБЕКОВА, №9 Зерде мамандандырылған мектебінің 10-сынып оқушысы:
ЭНЕРГИЯНЫ ӨНДІРУ ЖҮЙЕСІН ЖАСАДЫҚ
Робототехника үйірмесіне 7-сыныпта жазылдым. 2019 жылы American Corner ұйымдастырған шарада жайылымдағы малды қадағалайтын ақылды қора жасадым. Ол жоба Arduino платформасында жасалды. Ең алғаш қатысқан жарысым – 2020 жылдың ақпан айында өткен RoboZerde. Жарыста 2-орын иелендік. Одан кейін қалалық ғылыми жобалар сайыстарына қатысып, екі рет жүлделі 2-орын алдық. Cонымен қатар Әлемді өзгерткен идеялар жарысында да 2-орын бұйырды. KazRoboProject-2021 сайы-сында «Ең үздік видео-жазба», KazRoboProject-2022-де «Ең үздік инженерлік журнал» номинациясында жеңімпаз болып, XII Халықаралық «Roboland» фестивалінде 1-орын алдық. Республикалық STEM олимпиадасында (2021 жыл), Халықаралық STEM олимпиадасында (2022 жыл), Edlight Alisa хакатонында 1-орын алдық. «Robozerde-2023» фестиваліне екі ай дайындалдық. Бір ай уақытымызды жоба идеясының дамуына және зерттеу жұмысына жұмсадық. Нәтижесінде кемелерде айналмалы моторлы генератор арқылы жаңартылатын энергияны өндіру жүйесін жасадық. Бұл шешім Magnus Effect негізінде энергияны өндіреді. 27 мамыр күні өтетін кезекті роботтар сайысына сақадай-сай дайынбыз.
Әли Жанақымет, №32 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы:
ӘР ЖАРЫСТА ЖАҢА ИДЕЯ ТУАДЫ
Әлихан Мақсұт атындағы «Robozerde-2023» фестивалінде «Лабиринт» бойынша 14–17 жас санатында қатысып, 2-орын алдым. Роботпен жұмыс істеуге бастауыш сыныпта оқитын кезден қызығатынмын. Бұл расында өте қызықты. Оларды құрастыру және программалау арқылы инженерлеу, логикалық дағды сияқты қасиеттер қалыптасады. Жетекшім Ақерке Ділдабек Информатика пәнінен сабақ береді. Апайымның шақыруымен робототехникаға 8-сыныптан бері қатысып келе жатырмын. Роботтарды құрастыру креатив идеяларды, provlem-solving қажет етеді. Өйткені әр роботқа қойылатын талап пен ереже бар. Соған байланысты роботтардың көлемі, атқару керек міндеттері де алуан түрлі. Алғаш рет Сумо робот, сызық бойымен жүретін роботтарды жасадым. Роботтарды құрастыру маған еш қиын емес. Бірақ алғашқы уақыттарда программа жазуға қиналатынмын. Интернеттен, кітаптардан қарап, түзетулер енгізіп, қиындық болса, жетек-шіммен бірге бағдарлама жазатын болдым. Осылайша әр түрлі категориядағы роботтарды жасап, оларды программалай бастадым.
Жетекшіммен бірге командалық және жеке әртүрлі жарысқа қатыстым. Солардың алғашқысы – «Roboarena-2023». 12 сәуір – ғылым күніне орай Алматы ауданы бойынша мектептер арасында өткен Робототехника жарысында бақ сынадым. Әр жарыс мен үшін жаңа идеяларға, толықтыруға толы болды. Қарсылас командалардың жұмыстарына қарап, оларды бір-бірімен салыстыра отырып, алдағы уақытта жасайтын роботтарыма жаңашыл ой қосамын.
Лабиринт санатында жарыстың негізгі шарты: автоматтандырылған, ережеге сай роботтарды құрастыру және оны бағдарламалау. Бұл жарысқа қатысу үшін бір ай көлемінде дайындалдық. Қарсыластарымыз – әртүрлі мектептен келген дарынды балалар. Жүлделі орын алуға сенімсіздеу болдым. Себебі жарысқа мамандандырылған арнайы мектептерден келген қатысушылар да болды. Бір ай дайындалған сенім ақталды. Республикалық және халықаралық жарыстарға қатысу жоспарда бар. Мықты дайындықты талап етеді. Енді келесі оқу жылында болатын «Robotek Grand Tournament-2023» қалалық чемпионатында топ жарсам деген мақсатым бар.
«ТӘЖІРИБЕМІЗ БАР, БІЗГЕ ҚИЫН БОЛҒАН ЖОҚ»
«Milestone» жекеменшік мектебінің 6-сынып оқушылары Назар Агадуллин мен Ниязбек Жұмабек 1-орын алды. Олардың командасының аты – «Milestone_avangard».
Ниязбек: Робототехникаға 6-сыныптан қатысып келе жатырмын. Бірінші қатысқан жарысым – биатлон. Kazrobotics жарысына биатлон роботын құрастырдық. Оның мақсаты – шаңғы тепкен сияқты арнайы жолмен сырғанап, көздеген жерге ату керек. Біз биатлон және FLL жары-сына қатыстық. Олардың арасында ең қиыны – FLL. Жай роботты қосып жүргізу емес, қосымша тапсырма орындадық. Осы жарыста робот арнайы жолмен жүріп, резеңкемен нысананы ату керек. Екі апта дайындалдық. Біздің тәжірибеміз бар, сол үшін қиын болған жоқ. Екінші немесе үшінші орын аламыз деп ойладық. Себебі қарсыластар мықты болды. Алда WRO жарысына қатысып, жеңсек, Панамаға барамыз.
Назар: Мен программалауды 4-сыныпта, ал робот құрастыруды 6-сыныптан бастадым. Қысқа уақыт ішінде тәлімгерім Елжас Айтжанның арқасында робототехника, роботтар құрастыру және машиналарды программалауды үйрендім. Қызықты бағытты одан әрі дамытып, жалғастырғым келеді. Бірінші рет роботтың аяғын жасадым. Жұмыс көп уақыт пен еңбекқорлықты қажет етті, бірақ қызықты болды. Әзірге тек екі турнирге қатыстым. Алматыда өткен Халықаралық Kazakhstan Smart Space турнирінде командамен «желі бойынша жарыс» номинациясында 1-орынды иелендік. «Robozerde-2023» сайысында биатлоннан 1-орын алдық.
Турнирді ұйымдастырғаны үшін ағайларымызға, апайларымызға алғыс айтамын. Өте қызықты өтті. Ереже қатаң. Мақсат – барлық нысанға жету және айналымды 2 минут немесе одан аз уақыт ішінде жүргізу. Біз турнирге үш апта дайындалдық. Қарсыластарымыз тәжірибелі және мықты болды. Бірақ біз оларды жеңдік. Жеңіске жетеміз деген нық сенім болған жоқ. Бірақ, сәттілік біздің жағымызда болды. Келесі робототехника турнирім – WRO-2023 халықаралық олимпиадасына іріктеу. Елжас ағайымның басшылығымен осындай маңызды турнирдің финалына өтіп, жеңіске жете аламын деп үміттенемін.
Зауре ТІЛЕУБАЕВА, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның информатика пәні мұғалімі:
БІРНЕШЕ ПӘННІҢ ҮЙЛЕСІМ ТАБУЫ
– Оқушыларым Джаһангир Шакенов мен Жансұлтан Аманбаев 5-сыныптан бастап роботехника үйірмесіне қатысып келеді. Үйірменің басты мақсаты – оқушылардың ғылыми-техника-лық шығармашылығын дамыту. Робототехника – бірнеше пәннің үйлесім табуы. Роботты жасаған кезде алдымен бағдарламасын жазады. Бағдарлама жасау барысында міндетті түрде математика, информатика, физика, геометрия пәндерінің элементтерін пайдаланады. Роботты құрастыру оңай болғанымен, бағдарламасын жазуға келгенде қиындықтар болады.
Бір роботты құрастыру мен бағдарлама жазып шығуға кететін уақыт оның күрделілігіне қарай әртүрлі. Робот құрастырғанда бөлшек-терінің мығымдығы мен берік-тігі оның шыдамдылығын арттырады. Күрделі бағдарлама роботты күшейтеді. Мәселен, олар математика пәнінен бір формула үйреніп келетін болса, үйірмеде сол формуланы пайдалана отырып, тәжірибе жүзінде шыңдайды. Физикадағы есеп арқылы роботты, оның қимылын жасайды. Робот жасау арқылы балалардың ойлау қабілеті дамиды, бағдарлама жасап үйренеді.
Оқушылар үйірме жұмысы барысында әртүрлі есептерді шығару үшін роботтардың үлгілерін әзірлейді. Оларды жасау техникасын программалайды және роботтар құрас-тырады. Үйірме жұмысы техникалық өнім-моделін өз бетінше әзірлеу бойынша логикалық ойлаудың дамуына, білік пен дағдыларының дамуына ықпал етеді. Машина, мотоцикл, әртүрлі модель сияқты роботтар жасап көрдік. Оны жасауға 45-90 минут кетеді.
Биыл көптеген жарысқа қатыстық. №8 мектеп-лицейде өткен «Сызық бойымен қозғалыс» сайысында жеңімпаз атандық. Алдымен мектепке ережесі келеді. Сол ережеге сүйене отырып жасадық. «Кегельринг-квадро» сайысын-
да да оқушылар жақсы өнер көрсетті. «ROBOARENA-2023» жарысында 3-орын иелендік. «Robozerde-2023» фестивалінің мақсаты – мектеп оқушыларының роботехника саласына қызығуын ояту, ғылыми-техникалық шығар-машылық қабілеттерін арттыру, техникамен жұмыс істеуге ынтасын арттыру.
РОБОТТАР АРҚАН ТАРТЫСАДЫ
№85 мектеп-лицейдің 5-сынып оқушысы Мусаби Абжаппар мен Азамат Сәкеннің мектепішілік робототехника үйірмесіне қатысқанына бір жылдай болыпты. Жетекшісі – Абылай Қуанышбайұлы.
Мусаби: Алғаш рет робототехника сабағына келгенде өте қарапайым роботтарды, шынжырлы немесе дөңгелекті көліктерді құрастырып үйренуден бастадық. Мектепішілік жарыстарға қатысып жүрдік. «Robozerde-2023» – қалалық деңгейдегі бірінші жарысымыз. Біз «Шығармашылық санат» бойынша сайысқа қатыстық. Оның басты шарты – кез келген робототехника жиынтығы арқылы робот ойлап тауып, оны жоба ретінде көрмеде қазылардың алдында қорғау.
Осы жобамен екі-үш ай жұмыс істедік. Ол уақытта роботтың дизайнын, программасын, техникалық қажетті бөлшектерінің қандай болатынын зерттедік. Cleaner-1, Cleaner-2 деген атаумен екі робот құрастырдық. Біріншісі – үйде, жабық ғимарат ішінде, робототехника алаңдарындағы ұсақ қоқыстарды жинауға арналған автоматтандырылған робот. Ал екіншісі дымқыл тазалық жасауға арналған робот болды. Антисептикалық сұйықтық көмегімен алаңдарды, едендерді сүртіп, жууға арналған.
Азамат: «Шығармашылық санат» бойынша қала мектептерінен 20 команда қатысты. Әрқайсы өзінің жаңашыл заманауи роботтарын таныстырды. Басқа командаларды бәсекелес ретінде көрмедік. Себебі өзімізге қажетті идея, тәжірибе алуға келдік. Ең басты мақсатымыз – өз роботымызды жақсылап таныстыру, жобамызды сәтті қорғау болды.
Жүлде алатынымызға сеніммен келдік. Бірақ соңғы марапаттау сәтінде қатты қобалжыдық. Осы сайысқа қатысу үшін көп тер төктік. Drive командамызды мақтау қағазымен марапаттады және 35 000 теңгелік сертификат сыйға тартты. Жасаған жұмысымызға қазылар оң бағасын берді. 27 мамыр күні роботтардың арқан тартыс сайысына қатысамыз. Енді сол жарысқа дайындықты күшейтіп, ол жерден де жүлделі орын алғымыз келеді.
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
«Ұлан» газеті, №21
23 мамыр 2023 жыл
5413 рет
көрсетілді0
пікір