• Әуез
  • 22 Мамыр, 2023

Медина Күзембаева: Мақсат – жеңу емес, көптің көңілінен шығу

Медина Күзембаева – Ақтөбе өңірінің тумасы. Әнші, модель, биші, блогер, актриса. Бірнеше танымал тележобаға қатысқан. Республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы. «Қазақстан дауысы. Балалар» байқауының жартылай финалына  қатысқан. «Туған жер», «Жан әкем», «Мына заман», «Папатайым», «Ұлы елім» сынды авторлық әндері шырқалып жүр. Жас өренді сөзге тартып, оқырмандарымызбен жақынырақ таныстырғымыз келді.

 «2012 жылы 18 тамызда Ақтөбе қаласында дүниеге келдім. Отбасында үшінші баламын, үйдің кенжесімін.  Анамның айтуынша, тілім шыға бастағаннан теледидар, радиоқабылдағыштағы әуендерге қосылып, ән шырқайды екен-мін. Осыны байқап, анам бес жасымда қаламыздағы вокал үйірмесіне алып барды. Кәсіби түрде ән үйрене бастағаным сол бес жасымнан басталады. Вокалдан алғашқы сабақ берген ұстазым – Гүлгүл Омарова апай. Ал нотаны қаламыздағы Қазанғап атындағы балалар өнер мектебіне алты жасымда вокал класына түскенімде үйрене бастадым. Ол мектептегі ұстазым Кенжегүл Аралбаева болды», – деп бастады әңгімесін Медина. 

– «Медина өскенде мықты әнші болуы керек». Бұл кімнің арманы?

– Бұл – менің арманым. Әрине, ең бірінші ата-анамның қолдауымен және өзімнің ыңтамның арқасында ол арманыма жетемін деп ойлаймын. Өскенде Димаш ағамдай елімді әлемге танытатын әнші болсам деген арманым бар. 

– Жарыстарға, жобаларға бару үшін қалай ізденесің? 

– Жарыстарға, жобаларға, жай концерттің өзіне үлкен дайындықпен, ізденіспен барамын. Барынша дайындалып, ұстазымның айтқанын ұғып алуға тырысамын. Ән байқауларында жеңу мақсат емес, халықтың көңілінен шығу, жүрегінен орын алу маңызды.  

– «Қазақстан дауысы. Балалар» ән байқауына қалай өттің?

– «Қазақстан дауысы. Балалар» жобасы әлемдік деңгейдегі мегажоба болғандықтан, теледидардан жарнамасын көрген бойда анама қатысқым келетінін айттым. Анашым да бірден қолдап, осы жобаға өтінім жібердік. Алғашқы іріктеу видео жіберу арқылы болды. Бірнеше күннен соң жоба редакторлары хабарласып, «Қазақстан дауысы. Балалар» жобасының алғашқы көрмей таңдау кезеңіне өткенімді хабарлады. Естіген кезде анашым екеуміздің қуанышымызда шек болмады. Бірнеше күннен соң Астана қаласына мегажобада бақ сынауға аттандық. 

– Мектеп оқушысының білім мен өнерді қатар алып жүруі қиын емес пе? 

– Білім мен өнерді қатар алып жүруге, өнерімнің біліміме кедергі келтірмеуіне тырысамын. Көптеген концерт, байқауға қарамастан, барынша сабағымды үлгеріп оқимын. Қызықты болғандықтан, маған еш қиындық туғызбайды.

– Инстаграм парақшаңды ашқанда байқағаным, өзіңді жан-жақтан көрсетіпсің. Осының бәріне қалай үлгересің?

– Мен өзім жан-жақты адам болғанды қалаймын. Көп нәрсені білуге құмармын. Барлық қызықты хоббиімді уақыт пен кестеге сәйкестендіріп аламын. Сол кесте бойынша барып отырамын. Уақытымды тиімді өткіземін.

– Саяхаттағанды жақсы көретін сияқтысың. Қай елдерде болдың?

– Ел көріп, жер көргенді ұнатамын. Ол кезде көңіл көкжиегің кеңейіп, көп нәрсе білесің. Мысалы, жақында Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында болып қайттық. Алдыңғы жылы Беларусь астанасы Минск қаласында, былтыр Мәскеуде, Грузия мемлекетінің Батуми қаласында болдық. Жыл сайын Түркияға отбасымызбен демалысқа барып тұрамыз. 

– Көптеген ірі жобаға қатыстың. Соларды айтып өтші...

– Бес жасымнан бастап ірілі-ұсақты көптеген ән байқауына қатысқан екенмін. Олардың ішінде атап айтатыны да бар. Мысалы, Минск қаласында өткен V Халықаралық STAR FLOWERS ән байқауы. Бұл байқауда Алтын білезік пен 2-орын иегері атандым. Республикалық телевизиялық «Айгөлек» ән байқауына қатысып, Мәскеу қаласында өткен Халықаралық «Российская премьера» ән байқауында 1-орын иелендім. «Қазақстан дауысы. Балалар» мегажобасының жартылай финалына шықтым.  

– Сені жан-жақты қыз ретінде білеміз. Әнші, әртіс, биші, модель... Журналистика да бар. Болашақта кім болғың келеді?

– Болашақта арманым көп, ең үлкені – әнші болу. Қазір «Айсын» мектебінде радиожурналистиканы да меңгеріп жүрмін. Диктор, киім дизайнері болғым келеді. Болашағымды шығармашылықпен байла-ныстыратыныма сенімдімін.

– Сахнаға шыққан адам қобалжиды ғой. Бірақ сенен сол қобалжу байқалмайды. Сыры неде?

– Сахнаға шығарда кәсіби әнші аға-апаларымыз да қобалжитын сияқты. Әрине, менде де қобалжу болады, бірақ өз-өзімді қолға алып, әнді жан-тәніммен орындауға тырысамын. Тыңдарманның көңілінен шықса екен деген ниетпен сахнаға шыға-мын. Сол ән орындаған үш минуттың ішінде өзім де ән болып кететіндеймін. 

– Әншілерден кімді кумир тұтасың? Кімге еліктейсің? Кім сияқты болғың келеді?

– Шетелдік әншілерден Билли Айлиш, өзіміздің Димаш ағамызды үлгі тұтамын. Димаш ағам секілді дарынды, бесаспап, күміскөмей, өзіндік стилі бар әнші болсам деймін. 

– Өмірде кімге алғыс айтқың келеді?

– Өмірде мені дүниеге әкеліп, бағып-қағып отырған, әр талпынысымды қолдап, әр жетістігіме қуанып отырған қымбатты ата-анама алғыс айтқым келеді. Жас та болсам, әнші, өнерпаз ретінде қабылдап, қолдау білдіріп отыратын еліме, тыңдарманыма алғыс айтқым келеді. Осындай тамаша сұқбат ұйымдастырған сіздерге мың алғыс!

Диана ӘДІЛХАН
Ақтөбе қаласы

«Ұлан» газеті, №21
23 мамыр 2023 жыл

1014 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор