• Толағай
  • 22 Мамыр, 2023

Боксшылар да, жанкүйерлер де намысты қолдан бермеді

Бокстан Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында әлем чемпионаты аяқталды. Мырзағали Айтжанов жаттықтыратынұлттық құрама 4 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алып, командалық есепте екінші орыннан көрінді.

Төрткүл дүние көз тіккен әлем чемпионатында 100-ден аса елден келген 600-ге жуық боксшы 13 салмақ бойынша бақ сынады. Солардың ішінен 5 елдің ғана әнұраны жеңіс тұғырында шырқалды. Бұл ретте Қазақстанның әнұраны 4 рет шырқалып, көк туы бес рет көтерілгенін ерекше айта кеткен жөн. Әрине, біріншілік алдында ешкім төрт алтын болады деп күтпегені жасырын емес. Тіпті, финалдың алдында да мұндай фурор болады деп ойламаған. Себебі, түсінікті. Төрт боксшымыздың үшеуінің қарсыласы жергілікті өзбек боксшы еді. Бірақ жігіттер мықтылық көрсетпесе, жеңісті оңайшылықпен бермейтінін жақсы түсінді.

Бәрін басынан бастайық, ең жеңіл салмақтағы Санжар Тәшкенбай чемпионат басталғаннан қарқынын төмендеткен жоқ. Жолына тұрған боксшылардың барлы-ғын айқын басымдықпен ұтып, финалға жетті. Астаналық боксшы грузиялық қарсыласын жай емес, нокдаунмен тізе бүктірді. Айтпақшы, Санжарды марапаттау кезінде әнұранымыздың соңғы қайырмасы айтылмады… Бірақ жеңістің құдіреті қанын қыздырған қазақ жанкүйерлері әнұран қайырмасын шырқай жөнелді. Сол сәтте кең сарайдағы көпшілік қазақтың туын желбірете тұрып ән шырқаған жанкүйерге бастарын шайқап, ілтипат танытты.

– Осы салмақтағы Теміртас Жүсіпов 2021 жылы Сербияда өткен біріншілікте әлем чемпио-ны атанды. Жіберген жарыс­тар­дың бәрін ұтып келді. Алайда соған қарамастан, таңдауымыз жас боксшыға (Санжар Тәшкенбай – авт.) түсті. Бір жағынан тәуекел де болды. Оған сенім арттық. Өзін рингте ұстауы, мәнері әлем чемпионы Данияр Елеусіновке ұқсайды. Намысты, жеңілгенді жек көретін боксшылардың бірі, – деді ұлттық құрама-ның бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

Енді Санжар алдағы жазғы Азия ойындары мен Олимпиадаға қатысу үшін 51 келіге ауыспақшы. Бұл салмақта 2021 жылғы әлем чемпионы Сәкен Бибосынов та бар. Нағыз қызық енді басталғалы тұр.

– Әр спортшы олимпиадаға барғысы келеді. Рингте қарсылас, былай шыққанда аға-бауырмыз. Оны алдағы уақытта көре жатармыз, – дейді Санжар Тәшкенбай.

Британиялық сарапшы Тейлор О’Хиггинс отандасымызға жоғары баға берді.

– 48 келідегі қазақ боксшысы Санжар Тәшкенбай Ташкенттегі турнирде Еуропа чемпио-ны, грузиялық Сахил Алахвердовиді анық басымдықпен жеңіп, әлем чемпионы атанды. Тәшкенбай лайықты мақтауын алмайтыны өкінішті, әзірге ол жеңіл салмақта. Бұл жігіт – біртуар талант. Оның аяқпен жұмыс істей отырып ұратын хугы қазіргі таңда әуесқой бокстағы ең мықты соққы болуы мүмкін, – деп жазған сарапшы.

Екінші алтын 54 келідегі Махмұд Сабырханға тиесілі. Отандасымыз жартылай финалда 2017 жылғы әлем чемпионы, кубалық Йосвани Вейтияны, финалда өзбекстандық Ойбек Жураевты айызы қанғанша ұрды. Махмұд финалда Ойбекті екі рет ойсырата ұрып, нокдаунға жіберді. Төрешілер жеңісті бірауыздан Сабырханға берді. Жураев болса, шаршы алаңның ортасында тұрып егіліп жылады. Енді Махмұд та Олимпиадаға қатысу үшін 57 келіге дейін салмаққа ауыспақшы. Басты  бәсекелесі – 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов болмақ.

– Жеңісімді қазақ еліне арнаймын. Осылай бізді қолдап жатқандарыңызға рақмет. Алда талай жарыс пен белес бар, еш босамаймыз. Себебі Олимпиада шыңын бағын-дырамын деген мақсатым бар, – деді Махмұд Сабырхан.

Құрама капитаны Асланбек Шымбергенов те жанкүйерлерін қуанта білді. Ол 71 келіге дейін тағы бір өзбекстандық боксшы Сайдшамшид Жафаровпен кездескен. Капитанның жеңісіне ешкімнің күмәні болған жоқ. Тіпті, үшінші раундта қарсыласын айызын қандырып тұрып, сабады десе де болады.

–  Бар күшімізді салып, бірінші орын алдық. Қазақ елі қуанды деп ойлаймын, өзім де қатты қуанып тұрмын. Бұл әлем чемпионаты қатысушылар саны ең көп тіркелген сайыс болып саналады. Әр кездесудің өзіндік қиыншылығы бар. Мен үшін финалдық жекпе-жек күрделі болды, – дейді Асланбек Шымбергенов.

Ал қазақ боксшылары айқасқан финалдың ең қызығы да, ең ауыры да 80 келі салмақта болды. Рингке қос қазақ көтерілді. Бірі өзіміздің Нұрбек Оралбай болса, оның қарсыласы қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқан болды. Құдайдың салғанын қойсайшы, бүкіләлемдік біріншілікте екі қазақты алтын үшін таластырып қойған. Бұл жекпе-жекте Қазақстан намысын қорғап шыққан Нұрбек бауырымыз төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті. Осылайша, Оралбайдың біреуі Ташкент төрінде қазақтың туын төртінші рет көтеріп, әнұранымыздың екінші қайырмасын төртінші рет шырқатты. Құраманың жалғыз күмісі 67 келідегі Дулат Бекбауовқа тиесілі. Шыны керек, чемпионат басталарда басқа-басқа сарапшылардың бірде-біреуі Дулат жүлде алады деп күтпеген. Дегенмен, тараздық боксшы финалға дейін қиналмай жетті. Тек алтын жүлде үшін таласта өзбек боксшысына есе жіберді.

Өзбекстандағы додаға ұлттық құрама барлық 13 салмақта спортшы апарды. Бұл қатардағы Сәкен Бибосынов (51 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Талғат Сырымбетов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (63,5 келі), Нұрқанат Райыс (75 келі), Сағындық Тоғамбай (86 келі), Айбек Оралбай (92 келі) мен Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) жүлде-герлер қатарынан көріне алмады.

Мырзағали Айтжанов шәкірттері 4 алтын, 1 күміс жүлдемен жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Көш басында жарыс қожайыны Өзбекстан қалды. Жалпы Қазақстан 1993 жылдан бері егемен ел ретінде осымен 16 рет әлем чемпионатына былғары қолғап шеберлерін жіберді. Қазір еншімізде 18 алтын, 16 күміс, 22 қола жүлде бар. Осының арқасында жалпы әлем чемпионатының тарихындағы медаль есебінде Қазақстан АҚШ-ты басып озып, үшінші орынға көтерілді. Бірінші орынға – Куба, екінші орынға Ресей мемлекеті жайғасқан. Ұлттық құрама осыған дейін тек 2013 жылы Алматыда өткен дүниежүзі бәсекесінде 4 алтынға ие болған.

Әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) 200 мың АҚШ долларынан алды. Күміс жүлдегерлерге 100 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсына 50 мың доллар берілді. Биылғы доданың жалпы жүлде қоры – 5,2 миллион  доллар.Сондай-ақ Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев осы нәтижеге үлес қосқан Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер қосынын, боксшыларды, дәрігерлерді, ғылыми топтың мамандарын өз есебінен марапаттайды. Бұл ретте чемпион атанған ұлттық құрама боксшыларына сыйақы ретінде 100 мың доллардан табыстайды. Айтпақшы, боксшыларды туған жерлері де лайықты марапаттап жатыр. Чем-пиондарға әкімдер пәтер кілтін табыстап үлгерді. Қазақ боксшылары үшін ендігі бәсеке – осы күзде өтетін Азия ойындары. Ал алдағы жылы Париждегі Олимпиада ойындары күтеді.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №21
23 мамыр 2023 жыл

456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор