• ҰЛАН
  • 17 Мамыр, 2023

Бортсеріктің туысы ұшақ билетін тоқсан пайыз жеңілдікпен алады

Әпкемнің қызы Меруерт ауылдағы мектепте оқыды. Сабақ үлгерімі, оқуға деген ынтасы ерекше еді. Ауылда ешкім орысша сөйлемейді ғой. Ол тілін сындырып, орысша, ағылшынша кітап оқып жүретін. Орысша сөйлегенде тыңдай бергің келетін. Мектепті үздік бағамен бітіріп, ағылшын тілі мамандығын мемлекеттік грантпен оқыды.

«Мұғалім болуға әлі ерте. Алдымен әлемді аралаймын. Бортсерік (стюардесса) боламын», – деп мақсат қойды. «Бойың ұзын, жүзің жылы болса, бортсерік болу оңай» деп ойлаймыз. Жұмыстағы жауапкершілігін білсең, бас шайқайсың. Меруерт Air Astana әуе компаниясына бортсерік боп жұмысқа орналасты. Үй ішімізбен қуандық. Өйткені, сынақтан өту қиын. Алғашқы сапарын Түркиядан бастады. Әуежайдан күтіп алып, сынақтан қалай өткенін сұрадым. Бортсерік болуды армандасаң, мақаланы бір емес, бірнеше рет оқып шығуға кеңес береміз.

Сынақтан сүрінбей өтсең...

Стюардесса мамандығы ХХ ғасырдың басында пайда болған. Жұмысқа медициналық білімі бар қыздар жіберілген. Ұшақтың салонын тазалап, жігіттермен бірге ауыр жүкті тиеген. Бортсеріктің негізгі міндеті – жолаушылардың қауіпсіздігін бақылап, медициналық көмек көрсету. Ұшақ орнынан қозғалмай тұрып, қауіпсіздік белдігін қалай пайдалану керегін көрсетеміз. Сусындар мен тағамдарды таратып, жолаушыларға көмектесеміз. Жолаушының өзін жайлы сезінуі үшін бәрін жасаймыз. Қарым-қатынас, жанжалды жағдайларды шешуде шебер болу керек. Одан бөлек күйзеліске төзімді болу маңызды. Шет тілін жетік білсең, өте жақсы. Аспан екінші үйіңе айналмас бұрын барлық сынақтан өтесің.

Бортсерік боп жұмыс істеудің екі жолы бар. Алдымен job.airastana.com сайтына түйіндеме жіберу. Сонымен бірге, әуе компаниялары арнайы ашық есік күнін әлеуметтік желіде жариялайды. Сол кезде бағыңды сынап көруге болады. Өзім ашық есік күнінде сынақтан өттім. Тіркеуден өту таңғы 8.00-де деп айтылды. Жарты сағат ерте барсам да, кезектің соңы болдым. Жалпы жеті кезеңнен тұрады. Ең алдымен бойды өлшейді. Қыздар 160 см, жігіттер 170 см биік болуы керек. Арнайы белгіге қолы жетуге тиіс. Сосын компания қызметкерімен әңгіме жүргізеді. Ағылшын, орыс тілінде әңгімелеседі. Тілді қандай деңгейде білетініңді тексереді. Ұшақта шетелдікпен емін-еркін сөйлесетіндей дәрежеде болу керек. Үміткерлер тілдік кезеңде қиналды. Сұраққа дұрыс жауап бермесе, «сізбен жұмыс істей алмаймыз» деп тіке айтады. Бірақ алты айдан кейін немесе ашық есік күні қайта сынақтан өтуіне мүмкіндік бар.

Ағылшын тілі мен орыс тілі

Ағылшын және қазақ тілінде тест тапсырады. Отыз сұраққа отыз минут. Шекті балды айтпайды. Ағылшын тілінен 100 ұпайдан 98 жинадым. Қазақ тілінен ең жоғары ұпай алдым. Сынақтан өтсе, топқа бөледі. Әр топқа жеке тапсырма береді. Ұжыммен тіл табысу, қарым-қатынас орнату қабілетіңді сынайды. Үндемей отырасың ба немесе пікіріңді айтып, алға шығасың ба? Осы қасиетіңді көрсетесің. Басқа ортада қысылып, өзін көрсете алмаған қыздар да болды. Сынақтан өтсең, атыңды атап, шақырады. Соңғы кезең – сұқбаттасу. Бір сағатқа созылуы мүмкін. Бөлмеде нұсқаушы мен менеджер отырады. Жеке өмірің, сабақ үлгерімің, барлығын сұрайды. Сен туралы өздеріне қажетті ақпаратты білуі керек. Көбіне орыс, ағылшын тілінде сөйлестік. Күйзеліске түсетіндей қиын сұрақ жоқ. «Бізбен жұмыс істеуге ниет білдіргеніңізге рақмет. Жақында жауабын айтамыз», – деп шығарып салады. Жауап электронды поштаға жіберіледі. Маған «сынақтан сәтті өттіңіз» деген жауап келді. Бір демалып алып, Дәрігерлік ұшу сараптама комиссиясынан өтесің.

Ең маңызды бес талап

Бортсерікке қойылатын бес талап бар. Ең алдымен 18 жастан асқан, Қазақстан азаматы болуы керек. Қазақ, орыс, ағылшын тілін еркін білуге тиіс. Суда жақсы жүзуіне, бойдың ұзындығына назар аударады. Өйткені, ұшақтың жүксалғыш сөресін еркін аша алуы керек. Әр бортсерік бір күн ұшып келгеннен кейін 10- 12 сағат демалыс беріледі. Осы демалысқа қарай жұмыс кестесі құрылады. Егер жұмыс барысында дәрігерге көріну керек болса, қажетті қаражатты компания төлейді. Еңбек демалысында жүріп жарақат алса да қамқорлық көрсетеді. Отбасында екі адам ұшақпен кез келген бағытқа 90 пайыз жеңілдікпен билет алады.

Көбіне ел ішінде ұшамыз. Шетелдік сапар да бар. Ташкент, Дубай, Стамбұл сынды қалаға барады. Бортсеріктің негізгі қызметі – жолаушылардың қауіпсіздігі мен оларға қызмет көрсету. Медициналық көмек көрсету де осының ішінде. Төтенше жағдай бола қалса, ең бірінші бұйрық беріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін – бортсерік. Екі айлық оқуда сервистен бөлек қауіпсіздік ережесін үйретеді. Болуы мүмкін барлық апатты жағдайға дайындайды. Жолаушының жағдайы нашарласа, қандай көмек беру керегін үйретеді. Мысалы, ұшақта қауіпсіздік құралдары деген бар. Құралдар қай жерде, оны қалай қолдану керек, барлығының ережесі бар.

Екі айлық оқудың әр күнінде өткен тақырып бойынша тест тапсырамыз. Теория түрінде оқыған жоқпыз. Түркияға ұшып, әлгі құралдарды қолданудан сынақ тапсырдық. Жұрт бортсерік ұшақта тек қызмет көрсетеді деп ойлайды. Олай емес, жолаушының амандығына біз жауаптымыз. Жерде төтенше жағдай болса, көмекті кез келген адам көрсетеді. Ал әуеде тек бортсерік қана көмек көрсете алады. Ұшқыштарды мүлдем мазалауға болмайды. Олар ұшақтың ұшуына ғана жауап береді.

Бұл мамандықтың ерекшелігі – шетелге жиі саяхаттауға мүмкіндік бар. Әртүрлі адамдармен танысу, араласу. Әуе билеттерін жеңілдікпен алу. Жоғары жалақы. Ерте зейнетке шығу. Бортсерік қыздар арасында көп кездесетін ауру – варикоз. Өйткені аяққа көп күш түседі. Жеке өміріне уақыт аз. Жұмыс кестесі тұрақсыз. Осындай кемшіліктері бар.

Алғашқы сапар халықаралық рейстерден басталмайды. Қысқа ішкі рейстерде жұмыс істейді және эконом-класқа қызмет көрсетеді. Ұшу сағаттары ұлғайған сайын бортсеріктердің санаттары артады. Санат неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жалақы мен мүмкіндіктер артады. Бортсерік міндетті түрде аспанда жұмыс істемейді. Теңіздегі круиз кемесінің экипажында да бортсерік бар. Олар жолаушының мейрамхана, дүкендердің орналасқан жері туралы сұрақтарына жауап береді. Іріктеу өте қиын және әуе компаниясы ең мықты маманды алады. Бүкіл әлем бойынша ұшақтар 120 мың рейс жасайды. Олардың әрқайсында 4-6 бортсерік бар.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №20
16 мамыр 2023 жыл

464 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор