• Сенің замандасың
  • 16 Мамыр, 2023

Томирис ерін далабын зерттеп жүр

Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Томирис Айжарықова Еуропада екі дипломмен марапатталды. Екі ғылыми жобасын Бельгияда өткен «Student Research Conference» халықаралық байқауына және Франциядағы халықаралық ғылым фестиваліне ұсынған екен. Оқушы косметология саласын зерттеген. Бірінші жұмысы «Ерін далабының химиялық құрамын зерттеу» деп аталады. Далап құрамындағы А және Е дәрумендері, қышқыл саны мен түсу нүктесін зерттеген. Оны стандарт талаптарымен салыстырған. Зерттеу жасап, кейбір далаптың құрамы дұрыс емес екенін білген.

Екінші ғылыми жұмысында бетке жағатын кремдердің химиялық құрамын зерттеген. Органолептикалық сынақтар, зиянды заттар және ауыр металдар мөлшерінің массалық үлесін анықтаған. Құрамындағы қорғасын, кадмий және сынаптың мөлшерін анықтау үшін зиянды заттарды анықтау әдісін қолданған. Кремнің химиялық құрамы мен оның бет терісіне әсерін зерттеген. Косметикалық өнімнің қауіпсіздігі мен тұтынушының денсаулығы үшін мұндай зерттеудің маңызы зор.

– Ақтөбе қаласындағы №9 орта мектеп-гимназиясында оқыдым. Мұғалімдер жоғары білімді болды. Зияткерлік мектепке түсуді қаладым. Сынаққа мұқият дайындалдым. Сөйтіп, Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мектебіне түстім. Ғылымға қызығуым осылай пайда болды. Химия сабағында мұғалімді ынтамен тыңдап отырғаным есімде. Косметиканы бала кезімнен жақсы көретінмін. Өскеннен кейін оның құрамын тексергім келді. Химия мұғаліміне барып, осы тақырыпты зерттегім келетінін айттым.

Ерінге далапты 14-15 жастан бастап жағуға болады. Ең бастысы, косметика гипоаллерген болуы, теріні тітіркендірмеуі және құрамында кері әсер ететін агрессив компоненттердің аз болуы маңызды. Мен үш далапты салыстырдым. Екеуі базардан алынған, ал үшіншісі люкс косметика. Базардағы далаптың құрамында Е дәрумені ғана бар. Далаптың қай жерден алынғаны маңызды емес, одан денсаулыққа зиян келмегені жөн. Егер Е дәрумені ғана болса, басқа зиянды қосылыстардың пайызын арттырады. Зиянды химиялық элементтер тіс эмаліне түседі. Күнделікті қолданған соң тісте микрожарық пайда болуы мүмкін. Бірнеше айдан кейін бұл кариестің пайда болуына әкеледі.

Жасөспірімдердің беті әлі де сезімтал. Сол себепті өзіне тұрақты күтім жасау керек. Ең бастысы, құрамын, қолданған адамдардың пікірін оқып, таңдаған дұрыс. Бетті кешкісін, таңертең жуып, крем жағу керек. Кешкісін жасайтын күтім тез әжім түсуден сақтайды. Лас ауа беттің үстіңгі қабатында шаң жиналуына себеп болады. Оны дұрыстап бетке арналған сұйық сабынмен жуып, ылғалдандыру керек. Зерттеген кремдердің құрамында зиянды заттар болмады. Бірақ аллергиялық реакция тудыруы мүмкін компоненттер болды. Олар кремнің құрамындағы соңғы позицияларында жазылған. Франция мен Бельгияда өткен конкурс онлайн түрінде өтті. Жұмысымды мен ағылшын тілінде жібердім, – дейді Томирис.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №20
16 мамыр 2023 жыл

2712 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор