- ІТ және инновация
- 18 Сәуір, 2023
WorldSkills чемпионаты қалай өтті?

6-12 сәуір аралығында Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінің базасында 12 құзыреттілік бойынша қаладағы колледж студенттері арасында «WorldSkills Almaty 2023» чемпионаты өтті. WorldSkills – 1946 жылдан бері әлемде жұмысшы мамандықтарды танымал ету мақса-тында өткізіліп келе жатқан халықаралық жарыс. Қазақстанда биыл төртінші рет өтіп жатыр. Алматы қаласы бойынша өткен чемпионат тапсырмалары колледждерге ақпан айының ортасында жіберілген. Әр бағыт бойынша қатысып жатқан студенттер саны әртүрлі. Басты талап құзыреттілік ережесінде бекітілген жастан аспайтын колледж студенті болу керек. WorldSkills Almaty 2023 чемпионатының техкомитет мүшесі, қазылар алқасының өкілі Якенова Құралай Жұмабекқызынан негізгі ережелерді сұраған едік.
– Чемпионат қалай өтіп жатыр, белгіленген ережелер қандай?
– Чемпионат республикада 56 құзыреттілік бойынша өткізіліп жатыр. Тігінші, сантехник, аспаз сияқты 56 жұмысшы мамандықта білім алушылар сайысқа түсіп, кәсібилігін айқындайды. Жарыстың бірінші кезеңі аймақтық деңгейде өтті. Әр аймақ өз мықтыларын таңдап, қалалық кезеңге жібереді. Келесісі республикалық немесе ұлттық кезең деп те аталады, биылғы жылдың маусым айына жоспарланып отыр. Ол әлемдік стандартқа сай бекітілген 30 құзыреттілік бойынша өтеді. Республикалық конкурстан шыққан кіл мықтылар халық-аралық кезеңге жолдама алады. Еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман даярлауда WorldSkills қозғалысының үлесі зор. Өйткені, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға, кәсіптік білім беруді дамытуға септігін тигізіп жатыр.
– Қалалық кезеңнің нәтижесі бойынша жүлделі орындарға берілетін сый-лықтар қарастырылған ба?
– Әрине. Әр бағыт үшін бірінші орынға 150 000, екінші орынға 100 000, үшінші орынға 50 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы қарастырылған. Одан бөлек әр құзыреттіліктің әлеуметтік серіктестері бар. Серіктестердің де балаларға мотивация ретінде сыйақыға демеуші боламыз дейтін кездері болады.
– Бағалаудың әділ өтуі үшін қандай жағдай жасалған?
– Ұпайларды автоматты бағалау платформасына салып есептейді. Бағдарлама кейде қағаз бетінде есептелгеннен басқа ұпай шығарып жатады. Осылайша, автоматты түрде кімнің қандай орынға ілінгенін білеміз. Платформа кейде екі бірінші орын иегерін анықтайды. Сонымен қатар, бағдарламада үздік маман медальоны бар. Медаль ұпайлары орынға сәл жетпей тұрған қатысушыларға беріледі.
Біз барған күні чемпионат бірнеше құзыреттілік бойынша өтіп жатты. Бағыттардың бас сарапшы-ларынан әр құзыреттілік бойынша негізгі ақпарат алдық. Келесі жылы чем-пионатта бақ сынаймын деген тілек білдірушілерге көмегі болары сөзсіз.
Маржан Сабырқызы, мехатроника бағыты бойынша бас сарапшы:
– Бұл құзыреттілік 50 аспектіні қамтитын бір модульден тұрды. Мехатроника компетен-циясы механика, автоматика, пневматика, программалауды біріктіреді. Сондықтан нақты бір мамандықтың студенттері қатысады деп айту қиын. Мехатроника коды ІТ саласындағы программалау тіліне ұқсамайды. Интерфейстері бөлек. Чемпионаттағы мехатроника екі станциядан тұрады. Қозғалыстар станциясынан қажетті объектіні таңдап, біріктіру станциясына жібереді. Біріктіру станциясында өнімнің қақпағын жабушы механика жұмыс істейді. Құзыреттілік тапсырмасын командамен орындайды. Командада біреуі монтаж орындаушысы, екіншісі – программист. Можтаж орындаушысы стан-цияда шашылып жатқан элементтерді жинап, бір-бірімен жалғайды. Теледидардан зауыт станцияларындағы өнімді келесі межеге жеткізіп тұратын станоктарды көріп жүрсіздер. Сол құрылғы қозғалу үшін бағдарлама жазу қажеттігі туындайды. Оны топтың екінші мүшесі жазады. Процестің дұрыс орындалғанын сарапшылар анықтайды. Кабельдердің берік әрі нақты жалғануы – маңызды критерий. Өйткені, мехатроникада техника қауіпсіз болуы керек. Мехатроника бағытынан сайыс үш колледж арасында өтті. Барлығы 6 қатысушы. Оның өзі бұл құзыреттілік үшін жақсы көрсеткіш. Себебі, қалада оқу орындарының жабдықталуы бәрінде бірдей емес. Мысалы, станция қала бойынша біздің колледжде ғана бар. Біздің студенттерге күнделікті сабақта станцияда тәжірибе жинауына мүмкіндік бар. Ал өзге колледжден келген студенттерде ондай мүмкіндік болмаған. Күнде көріп жүрмеген соң, қанша жерден теориялық білімді болса да, бір-екі сымды дұрыс жалғамауы мүмкін. Бұл қауіпті. Ондай жағдай орын алмас үшін, алдын ала шеберлік сабақтарын өткіздік. Десе де, білім мекемелерінде техникалық жабдық түгенденгенде бәсеке жаңа деңгейге шығар еді.
Құзіреттіліктер техникалық талаптарға сай өтуі керек
Фотосурет құзыреттілігінің қалай өтетінін Нұрболат Мұхитұлы айтып берді. Ол чемпионат Қазақстанда басталған жылдан бері сарапшы қызметін атқарып жүр. Биыл да аталған бағыт бойынша бас сарапшы екен. «Бұл бағыт төрт модульден тұрады: көркем сурет, заттық сурет, репортаж, ескі суреттерді өңдеу. Мамандығы бойынша келгендермен бірге, басқа мамандықта оқығанмен, осы салаға қызығып келген студенттер де бар. Қазір бәрінде сапалы камера орнатылған смартфон бар. Екінің бірі сурет түсіре алатын заман. Бірақ, байқауымша, көркем сурет модулі балаларға қиынға соғып жатыр. Бұл модульде фотоаппаратпен көгілдір экранда модельдерді суретке түсіреді. Жарық, көлеңке, фокус, экспозиция сияқты көркем суреттің техникалық стандарттарына сай түсірілу керек. Былтыр төртінші модульде мобильді фото тапсырмасы болған. Биыл бұрын түсірілген, сызылған, жыртылған фотоларды сканерлеп береміз. Сол суреттерді Adobe Photoshop бағдарла-масында тазалап, өңдейді. Сұрастырып көрсем, мамандығы мүлдем басқа саладағы студенттер де қатысып отыр. Бірақ, фотостудияларда істейтіндер екен. Енді чемпионат арқылы дипломы бар маман болмаса да, кәсібилігі кем емес екенін дәлелдеуге мүмкіндіктері бар.
Web техника бағытының бас сарапшысы Аслан Серікқұлұлы:
– Веб техника бағытына есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығының студенттері қатысып жатыр. Студенттерге компьютерлік ойын порталын жасау тапсырмасы берілді. Нақты мынадай ойын жасау керек деген шектеу жоқ. Ойын кейіпкерін істеп, оның қимыл-қозғалысын ұйымдастыру керек. Автордың креативіне байланысты. Үш сағатта ойын сайтын жасай салу студенттерге оңай деп айта алмаймын. Бірақ, талап сондай. Қазір әлемде веб технологияның дәуірі жүріп жатыр. Республикалық кезеңде тапсырма бұдан күрделі болады. Бәлкім, бір оқу орнының сайтын нөлден бастап жасау керек болатын шығар. Халықаралық кезеңде тапсырманың деңгейі тағы жоғарылайтыны анық. Ал берілетін уақыт – 3 сағат. Сондықтан стан-дарттарға ілесуге қауқарлы болуымыз керек.
Прототиптеу бағытының бас сарапшысы Маха Бақберді:
– Прототиптеу – дайын өнімді зауытқа жібермес бұрын сынақтан өткізу. Егер өнім жұмысын толық атқара алса, оны өндіріске жіберуге болады. Егер тапсырмасын орындай алмаса, прототиптеу арқылы конструкциялық жетілдіру керек тұстарын анықтайды. Мысалы, қазір студенттер роботталған қолды жетілдіру мақсатында бірқатар өзгеріс енгізіп жатыр. Роботталған қол машина өндірісінде, дәнекерлеу жұмысында көп қолданылады. Өзгеріс енгізуде шектеу жоқ. Прототиптеу маманның ойлау қабілетіне, біліміне байланысты. Қазірдің өзінде роботталған қолды 180 градусқа дейін айналдыру керек болса, әлдекім өнімнің 270 градусқа дейін айнала алатынын дәлелдеп, сәйкесінше толықтырулар енгізеді. Бірақ әр өзгерістің өндіріске әкелер тиімділігі болуы керек.
Электроника бағытының бас сарапшысы Айдана Мағауияқызы:
– Электроника құзыреттілігіне қатысушы студент нақты бір мамандықта оқуы керек дейтін шарт жоқ. Электроника бойынша аз да болса білімді, қолы шебер, талабы бар балалардың қатысуына болады. Бұл бағытта бақ сынайтын қатысушылардың саны жылдан-жылға артып келеді. 2020 жылы 4-ақ қатысушы болған. Былтыр 8 болса, биыл 11 студент қатысып жатыр. Бірінші модульде электронды құрылғыны модельдейді. Баспалық платасын әзірлеп, сол құрылғыны дәнекерлеумен монтаждап құрастырады. Екінші модульде микробақы-лаушының көмегімен электронды құрылғыны программалайды. Үшінші модульде құрылғыны демонстрациялайды. Солай жұмыс жасап тұрғанын дәлелдейді. Соңғы кезеңде әр қатысушының жұмысына үш қателік енгіземіз. Студенттер сол қателікті тауып, жөндеуі керек. Мәселен, тұрмыстық техникалар істен шығып жатады ғой. Оны маманға апарып, істен шыққан бөлігін жөндетесіздер. Міне, соңғы модуль осыған сай құрастырылған.
Чемпионатқа төрелік еткен мамандар колледж студенттерінің жетекшілерінен іріктеліпті. Әр құзыреттілік бойынша бекітілген бас эксперт жетекшілер арасында емтихан өткізіп, жоғары нәтиже көрсеткен мамандарды сарапшы ретінде тағайындаған. Байқауды әділ өткізу мақсатында, кәсіп- орындардан тәжірибелі мамандар тәуелсіз сарапшы ретінде бағалау-ға қатысты. Бұл – чем-пионаттың әділ әрі ашық өтуіне септігін тигізетін қажетті шара. Чемпионаттың электроника құзыреттілігіне төрелік еткен тәуелсіз сарапшы Мейіржан Жылқыбайдан студенттер нәтижесі туралы білдік.
– Чемпионат нәтижесі қолға алу керек қандай тұстарды көрсетті?
– Ұпайлар арасында үлкен айырмашылық болған жоқ. Барлығы бір деңгейдегі, білімді студенттер. Адасып келген адам жоқ. 11 колледжде де IT орталық бар екен. Оқу орнының материалдық-техникалық қамтылуы маңызды мәселе. Өйткені, диплом алған түлектерді кәсіпорындар тәжірибесіз жұмысқа алмайды. Тәжірибе жинау үшін жұмысқа орналасу керек. Қазір «дуалды білім беру» бағдарламасы сол мәселенің шешілуіне септігін тигізіп жатыр. Бағдарлама студенттерді өндіріс орындарына тәжірибеге жібереді. Студент тәжірибе орнында коммуникация қабілетін, кәсіби дағдыны қалыптастыра алады. Негізі қазір оқу орындарының жабдықталуында қуантарлық өзгерістер бар екен. Оны өзім чемпионат өткен политехникалық колледжге барғанда көрдім. Неге мен оқып жүргенде осындай жағдай болмады екен деп, қатты қызықтым. Негізі колледж әкімшілігінің жұмысы бізге, Allomaster сервис орталығына ұнайды. Біз де студенттердің кәсіби деңгейін арттыруға үлес қосу мақсатында колледжбен төрт жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Оның ішінде осындай конкурстар кезінде материалдық базамен қамтамасыз етуге қолдау көрсетеміз.
– Осындай чемпионаттар техникалық мамандық-тарға деген сұранысты арттыра ала ма?
– Техникалық мамандықтарға сұраныс бұрыннан бар. Жұрттың бәрі техникаға үйір. Дегенмен, қазір кішігірім дағдарыс жүріп жатыр. Нақты болжау қиын, бірақ, осылай жалғаса берер болса, халық жаңа техника сатып алуды доғарады. Ескі техникаларын жөндетуге асығатын болса, дәл осы электроника мамандарына деген сұраныс артады деп ойлаймын. Сервис саласындағы маман ретінде байқағаным осы.
Қалалық деңгейді көрген соң, чемпионат-тың халықаралық кезеңі қалай өтетіні қызық болды. Былтыр халықаралық деңгейге шыққан политехникалық колледждің студенті де табыла кетті. Сбитнев Илья WorldSkills 2022 чемпионатында 3D модельдеу бойынша Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық кезеңге қатысқан. Халықаралық кезеңдегі ерекшеліктер туралы сұрап едік, Илья кәсіби өсуге алған мүмкіндіктерін де айтып берді.
– Егер қабілет жағынан айтар болсақ, бізде студенттерді ірі компанияларға тәжірибеге жібермейтіні үлкен кемшілігіміз екені байқалды. 3D модельдеу саласы бойынша бізде ондай компаниялар тіптен жоқ. Қарсылас елдерден келгендердің көпшілігі атағы дардай компанияларда тәжірибеден өткен. Біз оқуда не болса да жаттай береміз, жаттай береміз. Қарапайым көбейту кестесі мысалымен түсіндірейін. Үшке төртті көбейткенде он екі болатынын жаттадық делік. Ал технология дамыған шығыс елдері нәтижесін жаттаумен емес, оның не үшін он екі болатынын түсінумен айналысады. 3D модельдеуде де формулалар, әдістер бар. Алдымен ол формулалардың не үшін қолданылатынын түсіну керек екен. Халықаралық деңгейге шығып жатқандарға айтар бір-екі кеңесім бар.
- Конкурс өтетін елдің мәдениетімен танысып барыңыздар. Мәдениеттерін агрессиясыз қабылдаңыздар.
- «100 теңгең болғанша, 100 досың болсын» деген бекер айтылмаған. Достық қарым-қатынас орнатуға бейім болыңыз. Мен чемпионат барысында Кореядан, Үндістаннан, Австриядан кәсібіміз, мамандығымыз ортақ достар таптым. Әлі де байланысымыз үзілген емес.
- Одан кейін, елімізде жоқ, бірақ сен барған елде бар ерекше орындарға барып үлгеріңіздер. Бұл тағы да шетелге шығуға мотивация болады.
Мен аз уақытқа, жарыс мақсатымен барып келсем де біраз инсайт алдым. Біздің ата-анаға соншалықты байланып қалғанымызды байқадым. Мысалы, менің жанымда болған қатысушылар 18 жастан кейін өзімен өзі болып кеткендер. Талпынысым оянды, қысқаша. Ал жарыс алдында ұйықтамасаң да барынша дайындалған жөн.
P.S. Колледж студенттерінің арасында өтетін WorldSkills халықаралық чемпионатындағы негізгі нюанстар осы. Біз ақпарат берген құзыреттіліктерден өзге, жалпы 56 бағыт бойынша бақ сынауға болатынын естеріңе саламыз.
Жазира БЕКБОЛАТОВА
«Ұлан» газеті, №16
18 сәуір 2023 жыл

5539 рет
көрсетілді1
пікір