• Сенің замандасың
  • 18 Сәуір, 2023

Арулат пен Бексұлтан тырнақ әрлеп, шаш қияды

Үш-төрт жыл бұрын «Ұланда» екібастұздық Арулат Мұхаметқали есімді жеткіншектің тырнақ әрлеумен айналысатыны туралы жазылған еді. Арулат төрт жыл ішінде жинаған тәжірибесі мен еңбегінің арқасында сұлулық салонын ашты. Інісін де осы іске баулып, отбасылық кәсіпке айналдырып отыр. Арулат бьюти саласындағы чемпионаттарда топ жарып жүр. Ең жас қатысушының қоржынында 50-ге жуық марапат бар. 

Алға қойған мақсат, батыл қадам мен еңбекқорлық жеңіске жетелейді. Оған дәлел – ағайынды Арулат пен Бексұлтан. Бүгінде шаһардың қақ ортасынан сұлулық салонын ашып, кәсібінің нәсібін көріп отыр. Арулаттың бьюти салаға келуіне інісінің денсаулығы себеп болған. Ол маникюр ісімен табыс тауып, мүмкіндігі шектеулі інісінің еміне қаражат жинауды көздеген. Алғашында жас шебердің ойын отбасы құптамайды. Кейін базалық курстан өтуге көмек беріп, алдағы жарқын болашағына жол ашады. Арулат қазір елімізге танымал ең жас nail шебері. Ол алғашқы жұмысын небәрі 500 теңгеден бастаған. Базалық курстан өткен соң әлемге танымал сұлулық саласындағы үздік тәлімгерлерден білім алған.

«11 жасымда алғаш рет анама тырнақ шеберінің маникюр жасағанын көрдім. Анамның қолын тазалағаны, түрлі бояумен бояғаны қатты ұнап қалды. Соңында шеберге ақысын төлегенде мен ақшаны аяп қалдым. Кейін анама: «Мен сіздің тырнағыңызды тегін әрлей аламын, тіпті, ай сайын әртүрлі етіп сәндеп беремін», – дедім. Маған жұмыс процесі ерекше әсер қалдырды», – дейді Арулат.

Ағасына қарап, інісі де сұлулық саласына келген. Бексұлтан 12 жаста. Hair шебері. Ол салонға келген кішкентай балалар мен ересектердің  шашын қияды. Ата-анасы балаларының сабағына кедергі жасамау үшін күніне тек бір-екі клиент қабылдауға рұқсат береді.

«Мен ағам сияқты қалаған ісіммен айналысқым келді. Бірақ маған маникюр жасау ұнаған жоқ. Ағам менен бет әрлеу, массаж жасау, әлде шаштараз болудың қайсы ұнайтынын сұрады. Мен шаштараз болуды таңдадым», – дейді інісі Бексұлтан.

Міне, бірлік пен бауырмал-дықтың арқасында бүгінде ағайынды бауырлар бьюти салада бірге дамып жатыр. Ата-анасына қолқанат. Бастысы – көп ақша тауып, табысты болу емес, сүйікті ісіңмен шұғылданып, одан шабыт алу. Бұл – екі жеткіншектің негізгі ұстанымы.

Айзада САҒИДОЛЛА,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №16
18 сәуір 2023 жыл

3004 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор