• Сенің замандасың
  • 20 Наурыз, 2023

Апалы-сіңлілі Саяна мен Мөлдір жекпе-жекке шығудан бас тартты

Апалы-сіңлілі Саяна мен Мөлдір Қалижанқызының видеосын санаулы күнде төрт миллионға жуық адам қарапты. Жып-жылы көріністі көріп, көзіне жас алғандар да бар. Қыздар каратэден кезекті жарысқа мұқият дайындалды. Қарсыластарын жеңіп, ақтық сындағы жекпе-жекке екеуі шықты. Татамиде төреші белгі берді. Жиылған жұрт үнсіз. Сол кезде әпкесі жүгіріп келіп, сіңлісінің қолын көтерді. Ал сіңлісі қарсы боп, жеңісті әпкесіне бергісі келді... Екеуі құшақтасып, жылап қалды...Спортшы қыздар Көкше-таудағы Әл-Фараби атындағы IT-лицейде оқиды. Бірі екінші, бірі үшінші сыныпта.

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сәкен Рахымжанов пен Ақмола облысының каратэ федерациясы ARTSPORT бағдарламасы бойынша WKF каратэден іріктеу өткізеді. Ниет білдіргендерді алғашқы сабаққа шақырады. Каратэге алғашында Саяна барады, оған сіңлісі қызығады. Спортқа қызығу осылай басталады. Каратэден басқа футболға барады. Саяна мен Мөлдір біздің сұрақтарымызға қуана жауап берді.  

– Каратэге неше жастан қатыса бастадыңдар? 

Саяна: Мен жеті жасымда, Мөлдір алты жасында. 

– Каратэ несімен қызық? Қай жері ұнайды? 

Мөлдір: Біздің бапкеріміз Сәкен Балташұлы жаттығуды өте қызықты өткізеді. Каратэ бізді шынықтырып, тәртіпті әрі батыр болуға үйретеді.

Саяна: Маған жарыс кезінде басқа қалаларға барған ұнайды. Әзірге Көкшетау қаласының және Ақмола облысының чемпионаттарына қатыстық. Бос уақытымызда биге барамыз. «Аманат» би студиясының сапында бишіміз. Астана мен Алматы қалаларында өткен халықаралық байқауға қатысып, бас жүлдені жеңіп алдық. 

– Белдіктерің неге екі түрлі? 

– Екеумізде де қызыл белдік. Жарысқа шыққанда қарсыластарды ажырату үшін екі түрлі белдікпен шығарады. Оны алдын ала білмейміз. Татамиге шақырғанда төрешілер айтады.

– Көп адамның жүрегін жылытқан жарыс жайлы айтыңдаршы...

Саяна: Көкшетау қаласында Каратэ WKF-тен Ақмола облысының чемпионаты болды. Видео сол жарыста түсірілген. 

– Жекпе-жекке шығатындарыңды алдын ала білдіңдер ме?

Мөлдір: Салмағымыз бірдей. Екеуіміз бір-бір қарсыласты жеңіп, финалға шықтық. Бұлай боларын алдын ала білген жоқпыз.

– Саяна, жүлдені неге Мөлдірге бердің? 

Саяна: Екеуіміз татамиге шыққанда менде бір ғана ой болды: «Мөлдірмен қалай төбелесемін?» Мен оған әрқашан қамқор болуым керек. Оны жеңді деп қолын көтердім. Мөлдір қатты жылап жіберді. Жеңісті маған бергісі келгенін айтты. «Жоқ, олай болмайды» дедім. Солай екеуіміз қуаныштан қатты жылап, құшақтаса кеттік. Ата-анамыз қуанды. Анам қатты жылады. Бізді мақтан тұтатынын айтты. Бізге тәттілер сатып әперді.

– Үйде жекпе-жекке шығасыңдар ма? Кім жеңуші еді? 

Мөлдір: Саянаға жеңісті берем деп ойладым. Бірақ ол бірінші келіп менің қолымды көтеріп қойды. Үйде жекпе-жекке жай жаттығу үшін шығамыз. Әрине, Саяна жеңеді. Әлем чемпионы болсам да, ол мені жеңеді деп ойлаймын. 

– Бұрын жақын адамдардың жекпе-жекке шығудан бас тартқан видеосын көріп пе едіңдер? 

Саяна: Жоқ, көрмедік. Біз телефонды сирек ұстаймыз. Тек керек кезде ғана қолға аламыз. Оған уақытымыз жоқ. Түске дейін сабақтамыз, сосын жаттығуға барамыз.

– Сабақ үлгерімдерің қалай? 

Саяна: Сабақты үздік оқып жүрміз. Каратэден басқа «Аманат» би студиясы-на барамыз. Болашақ сарайында «Event jazz» деген вокал үйірмесіне қатысамыз. «Оқжетпес» футбол үйірмесінің де мүшесіміз. Сурет салғанды жақсы көреміз. Былтыр Болашақ сарайында «Экспрессия» деген сурет үйірмесіне және бассейнге барған едік. Өкінішке қарай, биыл уақыт кестесіне сәйкес келмей, бара алмадық. Болашақ сарайындағы Фортепиано үйірмесіне қатысамын. Мөлдірдің жасы кішкентай болған соң, үйірмеге қабылдамады. Арманым – футболшы болу. Ал Мөлдір әкем сияқты құтқарушы болсам дейді.

КАРАТЭНІҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

Баланы каратэге бес жастан бастап беруге болады. Егер ерте деп ойласа, гимнастикаға барғаны жөн. Өйткені, созылу сабақтарының көмегі көп. Баланың есте сақтау қабілеті мен зейінін жақсартады. Кейде балалар каратэ әдістерін жаттауда қиналады. Ал спорттың бұл түрі баланы ең алдымен тәртіпке үйретеді. Бұл қасиет күресте ғана емес, өмірде де пайдалы. 

Жеті жастан бастап жаттығуды күшейту керек. Бұл жаста бала өз-өзіне есеп бере алады. Кез келген спортқа бермес бұрын дәрігердің тексергені жөн. Егер қарсы болса, дәрігерді тыңдау керек. Спорт алаңында түрлі жағдай болады. Кейде бапкерлер спортқа жаңа келген бала мен бұрыннан қатысып жүрген спортшыны күш сынастыруы мүмкін. Сол үшін бапкер таңдағанда мұқият болу керек.

Қандай балаларға каратэні таңдауға болмайды?

Жүрегінде түйткіл бар балаларға болмайды. Өйткені, оқыс қимыл инфаркт тудыруы мүмкін. Қан қысымы төмен немесе жоғары болса, каратэмен айналыспаған жөн. Созылмалы аурулары бар жеткіншектер. Бұған тыныс алу жолдарынан бастап, тірек-қимыл жүйесіне дейінгі барлық ауру жатады. Сондай-ақ психикалық проблемасы бар балаларға қажет емес. Себебі, кез келген жағдай баланың эмоциясына әсер етіп, көңіл күйін бұзуы мүмкін. Егер дертінен жазылса, бір жылдан соң каратэге қатысуына болады.

Миссури университеті бастауыш сынып оқушылары арасында каратэ бойынша зерттеу жүргізіпті. Қыздар ұлдарға қарағанда ережені тез жаттайтынын дәлелдепті. Каратэге қыздарды төрт жастан бастап беруге болады деген шешім шығарыпты. Ұлдарды осы жаста техникаға үйрету керек. Олар бес минут қана тыныш отырады екен. Алты жастан бастап каратэге беруге рұқсат. 

Егер баланың денсаулығы дұрыс болмаса, каратэ одан әрі төмендетуі мүмкін. Каратэ деген – бірінші кезекте психикалық даму. Бала дененің ауырсынуына төзуді үйренеді. Ерте есейіп, үй жұмысына көмектеседі. Таңғы асты өзі дайындайды. Сыныптастарының арасында белсенді-лігімен ерекшеленеді. Өз пікірін айтудан қорықпайды. 

Каратэмен айналысатын балалар икемді келеді. Олардың бұлшықеті берік, терісі тығыз, сүйегі мықты болады. Жаттығудың нәтижесінде жүрек-қан тамырлары белсенді қызмет етеді. Сонымен қатар, қан айналым жүйесінің жұмысы жақсарады. Жүрегі жақсы жұмыс істегесін кейбір дерттен аулақ жүреді. Күйзеліске түспейді, сезімтал болады. Каратэ әртүрлі аурудың алдын алады. Жиі жарақат алуы мүмкін. Алайда, ата-аналар қорықпауы керек. Бас, мойын, тізе, шап аймағын қорғайтын киім бар. Дененің жұмсақ жерінен ұруға болмайды.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №11
21 наурыз 2023 жыл

3359 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор