• Толағай
  • 14 Наурыз, 2023

Ауыр атлетикадағы ауыр жағдай

Ауыр атлетикадан Токио Олимпиа-дасының қола жүлдегері, 24 жастағы Игорь Сон допингпен ұсталуына байланысты 8 жылға спорттан шеттетілді.

2022 жылдың 2 наурызында жарыстан тыс кезеңде алынған спортшының сынамасы оң нәтиже берген. Спортшының қанынан анаболикалық стероидтердің бірі болып саналатын метастерон табылды. Бұл отандасымыз үшін алғашқы жағдай емес. Бұған дейін 2015 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан кейін де допингпен ұсталып, дисквалификация алған болатын. Бірақ сол тұста мұндай препараттар ағза-сына биоқосымшалар арқылы енгенін дәлелдеген.

Одан бөлек, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Абылай Әуелханов (4 жыл), жасөспірімдер арасындағы күміс жүлдегер Алексей Дроздов (4 жыл), жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Руфина Чалкарова (4 жыл), Юлия Потасова (4 жыл),Матвей Макрушкин де (2 жыл) спорттан шеттетілді. Игорь Сон Токио Олим-пиадасында 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Олимпиаданың қола жүлдегері атанған болатын. Бұған дейін былтыр Ниджат Рахимов допингтің кесірінен Олимпиаданың алтын жүлдесінен айырыл-ды. Сонымен қатар ол 8 жылға спорттан шеттетілді. Жалпы, 2008 жылдан бері допингпен ұсталған қазақстандық ауыр атлеттердің саны 50-ден асып кетті.
2008 жылы 6 атлет:
Дмитрий Стрига, Владимир Седов, Ирина Некрасова, Мария Грабовецкая, Илья Ильин, Майя Манеза;
2009 жылы 2 атлет:
Александр Дзюба, Игорь Ким;
2012 жылы 9 атлет:
Жасұлан Қыдырбаев, Семён Линдер, Нұрсұлтан Рахатов, Фаина Сиванбаева, Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло, Алмас Өтешов;
2013 жылы 13 атлет:
Александра Аборнева, Аят Әмірбеков, Майра Файзоллаева, Айдар Қазов, Фархад Харки, Максим Лактионов, Әсем Сәрсекенова, Екатерина Столяренко, Денис Уланов, Евгений Евстафьев, Александр Зайчиков, Ерболат Жоламанов, Ғалымбек Жұбатқанов;
2015 жылы 6 атлет:
Татьяна Капустина, Жасұлан Қыдырбаев, Ермек Өміртай, Алмас Өтешов, Фаина Сиванбаева, Игорь Сон;
2017 жылы 5 атлет:
Иван Голушко, Ғалымбек Жұбатқанов, Анатолий Грубов, Максим Лактионов, Нұрлыбек Сәменов;
2018 жылы 5 атлет:
Мария Базаркина, Гүлназ Шамиева, Роберт Карнаухов, Еркебұлан Айдынұлы, Надежда Лихачева;
2019 жылы 3 атлет;
Мария Грабовецкая, Ирина Некрасова, Максим Ню;
2020 жыл (2 атлет)
Анна Нурмухамбетова, Бексұлтан Төлепов; 
2021 жыл (3 атлет)
Нұрлыбек Сәменов, Анелия Сумбембаева, Мадияр Айдар; 
2022 жыл (9 атлет)
Матвей Макрушин, Наталья Щупакова, Бақдаулет Камал, Карина Жунуспаева, Игорь Сон, Алексей Дроздов, Абылай Әуелханов, Юлия Потасова, Ниджат Рахимов.
Ең өкініштісі, Халықаралық Олимпиада комитеті біздің ауыр атлеттерді Олимпиада ойындарындағы жүлдесінен айырды. 2008 және 2012 және 2016 жылғы Олимпиада ойындарындағы 6 алтынымыздан айырыл-дық. Әйтеуір, Илья Ильин бастаған атлеттердің әлем чемпионаттарындағы жүлдесіне ешкім тиіскен жоқ. Олимпиаданың екі алтынын қайтарып берсе де, Ильин 4 бірдей әлем чемпионатының бас жүлдесін өзінде сақтап қалды. Тек Владимир Седовта ғана түк қалмады. Ол неге бәрінен айырылды деген заңды сұрақ туындауы мүмкін.

2016 жылдың жаз айында Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) мен Дүние-жүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) Седовтың допинг-сынамасын қайта тексерген еді. Сол кезде оның қанынан 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында «станозолол» препараты табылған болатын. Осыдан соң спортшы 8 жылға спорттан шеттетілді (01.08.2016 – 01.08.2024). Себебі, Үштөбенің тумасы оның алдында 2006 жылы да допингпен ұсталып, 2 жылға жарыстардан тыс қалған болатын (18.05.2006 – 18.05.2008).

Алайда 2016 жылы Седовтың тек Бейжің Олимпиадасындағы нәтижесін жойған еді. Ол кезде спорт-шы төртінші орын алған. Сосын 2019 жылы Седовтың өзге де атақтарынан айырды. Седов 2009 жылғы әлем чемпионы, 2009 және 2016 жылғы Азияның екі дүркін чемпионы, 2011 жылғы Азия чемпиона-тының күміс жүлдегері болған. Сонымен қатар, 2013 жылғы әлем чемпио-наты мен 2014 жылғы әлем чемпионатының қола және күміс жүлдегері. Міне, сол атақтарының бәрін қайтарып берді. 

Қазақстан ауыр атлетика федерациясындағылардың айтуынша, Халықаралық ауыр атлетика федерация-сының (IWF) тәртіптік комиссиясы бар. Олар Седов байланысқа шықпа-ғандықтан осындай шешім қабылдаған. Өйткені спорттық карьерасында екінші допингке қарсы ережені бұзған атлет өзін қорғау үшін құлшыныс танытуға тиіс. Кем дегенде «жаздым, жаңылдым, құлақ асуға дайынмын» дегендей өтініш хат жазуы керек екен. Алайда Седов мұның бірде-бірін істемеген. Сондықтан Халықаралық ауыр атлетика федерациясы бәрін тартып алуға бекінген. Әйтпесе, бұған дейін Ресейден келген Светлана Подобедова (Седовтың бұрынғы жұбайы) да екінші рет допингпен ұсталғанына қарамастан, әлем чемпионаттарындағы алтындарын өзінде сақтап қала алды.

Светлана соңғы сәтке дейін күресіп, қолдан келгеннің бәрін жасаған. Тек Лондон Олимпиадасындағы алтынынан айырылғаны болмаса, өзге жүлделерін сақтап қалды. Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралинов Игорь Сон Олимпиада жүлдесінен айырылмайды деп айтты.

«Бұл допинг бақылауды ішкі, яғни қазақстандық допингке қарсы орталық жүзеге асырғанын және оның нәтижесі федерация үшін де, құраманың басқа мүшелері үшін де ештеңеге әкеп соқпайтынын атап өткім келеді. Алайда, допинг қолданғандарға қатысты шешім WADA кодексіне және Халықаралық ауыр атлетика федерациясының допингке қарсы ережеле-ріне сәйкес қабылдана-ды», – дейді Ауыр атле-тика федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралинов.

Сонымен қатар, ол бұл жарыстан тыс бақылау спортшылар қатысқан халықаралық старттан алты ай өткен соң қабылданғанын атап өтті. Бас хатшы 2020 жылы Токио олимпиадасында алынған Игорь Сонның допинг сынамасы таза болғандықтан, олимпиаданың қола медалі, сондай-ақ оған берілген ақшалай сыйлық пен пәтері мемлекетке қайтарылмайтынын айтты. 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №11
14 наурыз 2023 жыл

182 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор