- ҰЛАН
- 28 Ақпан, 2023
Америка: бардым, көрдім...

Ақерке Бисенғали – Ақтау қаласының тумасы. Кейіннен отбасымен Астанаға қоныс аударған. Кейіпкеріміз қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқиды. Былтыр Work and Тravel бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланып, бала кездегі мақсатын жүзеге асырды.
Work and Тravel – АҚШ мемлекеттік департаментінің қолдауымен жүзеге асатын студенттерге арналған ең танымал халықаралық бағдарлама. Бірнеше ай бойы Америкада өмір сүріп, нарығына, мәдениеті мен дәстүріне, құндылықтарына куә болған Ақеркені арнайы сұқбатымызға шақырған едік. Мұхит асқанға дейінгі өмірі, виза мәселесі, Америкадағы адамдардың өмір сүру сапасы мен біз біле бермейтін кем тұстары, Америка мен Қазақстан арасындағы айырмашылықтар туралы кеңінен әңгімелеп берді. Армандауды жақсы көретін, оның орындалуына сене отырып батыл әрекет жасауға бекініп жүрген оқырман сұқбаттан өзіне керегін алады деген ойдамыз. Пайдалы ақпараттарды қағазыңа түртіп ал, досым!
Америкаға бару – кейіп-керіміздің бала кезінен бергі арманы. Түрлі сериалдар мен фильмдерді көру арқылы Нью-Йорк қаласының атмосферасына қызыға бастапты. Ақерке қызығуының негізін Америкадағы еркіндікпен байланыстырады. «Америка мен үшін білім деңгейі, адамдарының еркіндігі тұрғысынан жайлы, сонымен қатар алпауыт мемлекет болып саналады», – деп бастады әңгімесін.
– Алғашқыда Америка басқа құрлықта орналасқан ел болғандықтан, ата-анам рұқсат бермейді деп ойла-дым. Әлі есімде, бірінші курстың жаз айларында күйзеліске ұшырадым. Оның себебі – жауапсыз махаббат еді. Көктемге қарай анама Америкаға барып, ел көріп, тіл меңгер-гім келетінін үнемі айтып жүрдім. Бастапқыда ата-анам қарсы болды. Менің күйзеліске батып жүргенімді көрген анам бір күні асүйге шақырды. Анаммен ашық сөйлесіп, ішімде болып жатқан дүниелерді жайып салдым. Ақыры анам Америкаға баруыма рұқсатын беріп қана қоймай, өзінің талаптарын да қойды. Ата-анам ақылдасып, келісімін берді. Сол күні құжат мәселесімен агенттікке бардық. Қажетті қаражаттың бәрін анықтап білген соң құжаттар жағынан қиындық туындады.
Екінші курста сабақ офлайн деп хабарланып, Алматыға жол тарттым. Қалған маңызды құжаттарды сонда жасаттым. Қиыншылық мұнымен біткен жоқ. Әрі қарай Америкадан жұмыс іздеу, әңгімелесу кезеңіне дайындық сатысы басталды. Бірнеше жұмысты көрдім, бірақ ұнамады. Себебі менің Америкаға барудағы тағы бір мақсатым – үлкен пайда тауып, ата-анама қаржылай көмектесу еді. Жұмыс табу қиынға соқты. Сол тұста елімізде Қаңтар оқиғасы болды. Ғаламторды он күнге өшіріп тастады. Ал маған берілген дедлайн екі апта еді. Қарап тұрсам, менде дедлайнға дейін төрт күн уақытым бар. Осы уақыт аралығында жұмыс тауып үлгермесем, күн сайын 100 доллар көлемінде айыппұл төлеуге тиіспін. Қайғылы Қаңтар оқиғасына да, жұмыс табуыма байла-нысты да уайымым күшейе түсті. Бірақ ғаламтор қайта қосылып, поштама жұмыс туралы хабарлама келді. Бірден жұмысты қабылдап, әрі қарай үй іздей бастадым. Бұл біршама уақытты алатын процесс. Оңайлық-пен жүзеге аса қоймайды. Ең бірінші жауапкершілікті сезіне білуің керек.
Жұмыс істейсің әрі саяхаттайсың
Алып шаһарға Work and Travel бағдарламасының аясында бардым. Бұл бағдарламамен бакалавриат пен магистратурада оқитын кез келген студенттің баруына мүмкіндік бар. Міндетті түрде жасың 18-ден асқан болуы керек. Атауының өзі-ақ айтып тұр, бағдарламаның арқасында үш ай бойы жұмыс істеп, бір ай саяхаттайсың. Визаның жалпы уақыты – төрт ай. Виза алу үшін арнайы ком-панияның көмегіне жүгіндім. Себебі студент өздігінен құжат тапсырса, қиындықтар туындауы мүмкін. Компания таңдар алдында да сақтық таныту керек. Кейбір компаниялар Америкаға барғаннан кейін жарты жолдан тастап кететін жағдайлар кездеседі.
Визаға дайындық барысында компания тарапынан студентке 100 сұрақ беріледі. Осы бағдарлама-мен бару үшін қажет болатын ең негізгілері: төлқұжат, университетте білім алатының туралы анықтама, транскриптің, яғни оқу үлгеріміңді дәлелдейтін құжат. Ал виза алу үшін сұрақтарға жауап жазып, жаттасаң тиімдірек болады.
Тіл меңгеруде кітап пен фильмнің маңызы зор
3-сынып оқып жүрген кезімде ағылшын тілінен курстарға қатыстым. Ата-анам сол уақыттан бері ағылшын тілін үйренуіме назар қойды. Балалық танытып сабаққа қатыспай, тіпті қашып кететін сәттер де болған. Сонда да тіл үйренуде негізгі іргетас қаланды. 8-9-сыныпта репетитор оқытты. Мұғалімімнің балалардың тіл үйренуге құлшынысын арттыратын ерекше қасиеті болды. Қазір кейбір репетиторлар балаға қағазды беріп қойып, тапсырмасын айтып, дедлайнға дейін бітіруін талап етеді. Менің репетиторым күніне бірнеше тапсырма берді. Бір күні медитацияға байланысты әуен қосып қойып: «Қане, армандарыңды ағылшынша жазып көрші», – деген тап-сырма берді. Сол сәтте мен армандарымды ағыл-шынша ойлай бастадым. Келесі күні: «Мына сериал-дың ағылшын тіліндегі нұсқасын қарап көрші, сосын мазмұнын айтып бересің», – деді. Осының арқасында қызығуым еселене түсті. Тіл үйренуде кітап пен фильмнің маңызы зор. Кітаппен грамматиканы меңгерсең, фильм арқылы тыңдау қабілетің жақсарады. Америкалықтар тез сөйлейді. Сөздерінің соңғы дыбыстарын жеп қояды. Осы тұста фильм көрудің көмегі мол. Жергілікті халықтың жылдам сөйлеуіне құлағың үйреніп, түйсігіңе қабылдай аласың.
Америкада «қызғылт көзілдірікті» шешуің керек
Америкаға келген соң қиындықтың бәрі ұмытылып кетті. Бірақ, Америкада «қызғылт көзілдірікті» шешуің керек. Ол жақта үнемі бәрі сен күткендей бола бермейді. Жалғызсың, жаныңа жақын ешкім жоқ, ата-анаңды бостан-босқа
мазаламайсың. Айналаң-дағы адамдардан жағымсыз пікір естуің мүмкін. Мәселен, Америкаға ағылшын тілін жетік біліп бармасаң, мазақтайтындар бар. Жұмысқа кіріскен кез келген студентте бастапқыда бейімделу процесі жүреді. Екі апта ортаның этикасына, сөйлеу мәнеріне, қарым-қатынасына үйренесің. Менде де тілге байланысты түсініспеу болды. Сыртқа шығып жылап алып, «Неге келдім мұнда? Өзіме жайлы ортада қала бермедім бе?» – деп те ойладым. Осы сәтте айналама «қызғылт көзілдірігімді» шешіп тастап қарауды үйрендім. Мен күт-пеген тағы бір жағдай – Нью-Йорк қаласының кейбір аудандарында есірткінің иісі мүңкіп тұрады. Тіпті саябақтарында да. Мұндайда мұрнымызды қолымызбен бүркеп жүретінбіз. Иә, Нью-Йорк расымен әдемі қала, қарасаң көзің тоймайды. Бірақ соншалықты көрікті болғанымен, ішінде өте көп «қоқыс» барын байқадым.
Америкалықтардың қазақтарға көзқарасы
Мен кездестірген амери-калықтар Қазақстан туралы мүлдем білмейді. Алғашқыда айналамдағы адамдар мені филиппиндіктерге, колумбиялықтарға ұқсатты. Өзімнің Орталық Азияның Қазақстан деген елінен келгенімді айтқанымда, көбінің хабары болмай шықты. Тіпті, мемлекет атауына тілі келмеді. Мен сонда өзімді біртүрлі сезіндім. Шынында, біз америкалықтардың географиядан аздап проблемасы бар екенін байқадық. Америкада үш ай бойы жұмыс істеп жүріп, достарыма YouTube желісін ашып, еліміз туралы видеоларды көрсететінмін. Мәдениетімізді, тағамдары-мызды, салт-дәстүрімізді таныстырдым. Ең қызығы, достарымның елімізге қызығуы бастапқы кездегіге қарағанда әлдеқайда арта түсті. Менің жұмыстағы бастығым ел аралап, сая-хаттағанды жақсы көрді. Жаздың соңына қарай: «Осы мен 2024 жылы Қазақстанға келемін-ау. Маған ұнады», – деп айтқан сөзі мен үшін өте жағымды болды. Себебі, үш ай бойы еліміз туралы көп ақпарат бердім. Көпшілігі Қазақстанды «Борат» фильмімен байланыстырады. Мен фильмнің Қазақстанмен еш байланысы жоқ екенін, ондағы кадрлар біздің құндылықтарымызға мүлдем сәйкес келмейтінін айтамын. Осылайша, аз уақыт ішінде достарымның Қазақстан туралы көзқарасы қалыптасуына ықпал еттім.
Таңғы кофе. Мұхит жағасында кітап оқу
Америка мен Қазақстан-ның айырмашылығы жер мен көктей. Біріншіден, америкалықтар толерантты келеді. Олар келген адамның сырт келбетіне қарамай, қолұшын соза алады. Адамның сыртына емес, ішкі жандүниесіне мән береді. Екіншіден, америкалықтар өмір сүруді біледі. Маған ұнағаны да осы. Біздің елде халық жұмыс істейді, алған жалақысының жартысын несиеге құяды. Жарымның тамағы дайын тұрса екен, балаларымыз өссін, университетке барсын, сосын демаламыз деген жансақ пікірмен өмір сүреді. Зейнет жасына келген үлкендеріміздің өзі жұмыс істеп күн көреді. Ал Америкада өмір сүру басқаша. Мәселен, қарттардың өзі таңертең кофе ішуге келеді де, әрі қарай көлікпен мұхит жағасына қарай жол тартады. Жайғаса отырып кітап оқып, бой сергіту үшін. Өте әдемі көрініс. Осындайды көріп, біздің де өмір сүру деңгейіміз жоғары, әрі еркін болса екен деймін. Мұндай әдемі көріністерден кейін көзім жеткен дүние – Қазақстанда адамдар өмір сүрмейді, аман қалудың қамын жасайды. Бұл мені қатты қынжылтты.
Мұхит асып ұшпас бұрын нені білу керек?
Ең бастысы, ешкіммен қақтығысқа бармау керек. Екіншіден, елде заң қатал. Үшіншіден, бізде қара нәсілділерді «негр» деп айту қалыптасып қалған ғой. Америкада мұны түбегейлі ұмытуың керек. «Негр» деп айтқан сөзің үшін олар сені атып тастауы мүмкін. Америкада суық қару ұстауға рұқсат берілген. Әр айтқан сөзіңе абай болғаның жөн. Төртіншіден, жауапкершілікті сезінуің маңызды. Үлкен қала, өзге мемлекет, өзге адамдар. Банкке, заңға байланысты қиындық туындауы заңдылық. Дегенмен, бәрі уақытша екенін іштей ескергенің дұрыс. Бесіншіден, құжаттарыңа сақ бол. Менің танысым Америкада жүрген кезде барлық құжатын көлігіне сақтаған еді. Көлікті жалға алған. Америкада қауіпті аудандар бар. Сондай аудандардың бірінде топ болып жүрген қара нәсілді адамдар танысымның көліктен түскенін көріп, әмиянын, көліктің кілтін сұрай бастады. Егер берме-ген жағдайда, өлтіретінін айтып қорқытты. Әрине, мұндай сәтте өмір маңызды. Қара нәсілділерге кілтін беріп, ақыр соңында маңызды құжаттары көлікте қалып қойды. Көлік те, құжат та жоқ. Сондықтан қауіпті аудандардан сақ болып, адамдар көп шоғырланған орталықта жүруің керек. Тіпті мұндай қауіпті аудандарға полицияның өзі бара бермейді. Себебі, қара нәсілді адамдар тыңдай бермейді. Мұндай «гетто» ауданда көбіне күнкөрісі төмен, көше кезіп жүрген бомждар мекен етеді. Заң аса қатты рөл ойнай бермейді.
15-20 жас – маңызды кезең
Мен роман жанрына, сондай-ақ психологиялық кітаптарға қызығамын. Психология біздің өмір сүруімізге пайдалы дер едім. 15-20 жас – тұлға ретінде қалыптасып, өмірге деген көзқарастың өзгеруіне әсер ететін ең маңызды кезең. Сондықтан осы кезде әртүрлі психологиялық кітаптарды оқуды ұсынамын. Кітап оқыған сайын мүмкін емес дүниелер мүмкін болып көрінеді. Соңғы оқыған кітабым – әлемге танымал америкалық жазушы Николас Спаркстің The Lucky One туындысы. Өз мамандығыма байланысты «Мартин Иден» туындысын оқуға ұсынар едім. «Подсоз-нание может все», Робин Шарманың «Монах, который продал свой феррари» кітаптары ой-өрісіме әсер етті. Меніңше, бұл шығармалар шетел көріп, білімін арттырғысы келген кез келген студентке пайдалы болар еді. Ән айтуды жақсы көремін. Болашақта бұл хоббиімді кәсіби түрде дамытсам деген ой бар. Екіншіден, тіл меңгергім келеді. Қазір түрік тілін үйреніп жүрмін. Сосын күнделікті серуенге шығамын. Себебі ми тазарған соң, адамның ойына жаңа дүниелер келе бастайды. Арасында спортпен де шұғылданамын.
«Тама берсе, тамшы да тас теседі»
Шыны керек, 16-17 жасар Ақерке қыдыруды ойлайтын адам болған. Сол кезде қасына келіп: «Ақерке, өзіңді дамытуға ұмтыл. Тіл үйрен», – деп айтар едім. Ол кезде менде тіл үйренуге қатысты комплекс болатын. Оқырмандарға айтарым: қысылма, кім не десе де мақсатыңа жетуге ұмтыл. «Тама берсе, тамшы да тас теседі» демекші, сен де фокусты өзгелердің пікіріне емес, өзіңе қойсаң міндетті түрде ойыңда тұрған шыңға қол жеткізесің. Қыдырып қана қоймай, болашағыңды қолға алуың міндетті. Сен үшін ешкім болашағыңды дайындап бермейді. Басы ащы болғанымен, жемісі тәтті болады.
P.S. Журналист объективті ойлай алатын, толерантты, білімді, қатып қалған көзқарас шеңберінен тыс өмір сүре алатын маман болуға тиіс. Үнемі ойлау көкжиегіңді арттырып отырғаның өзіңе пайдалы. Осындай ұстаныммен өмір сүретін кейіпкеріміз Ақерке журналистиканы Америкамен ғана емес, өзге шет елдермен де байланыстырғысы келеді. Өмірге шексіз ғашық Ақеркенің жанарынан әлемге деген махаббатты, үнемі дамуды қалайтын үлкен потенциалды бай-қадық. Кейіпкерімізге армандарының орындалуын тілейміз!
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.
«Ұлан» газеті, №9
28 ақпан 2023 жыл

376 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *