• Әуез
  • 28 Ақпан, 2023

Менің балам Моцарт

Балаңыз классикалық музыка тыңдай ма? Тәй-тәй басқан бөбек түсіне ме? Мамандар музыка тыңдаған бала өмірді тез қабылдайтынын айтады. Музыка адамға әртүрлі әсер етеді. Мидың кейбір бөліктерінің белсенді жұмыс істеуіне себеп болады. Бала музыкалық аспапта классиканы ойнаса, тіпті жақсы. Бұл ойлау қабілетін дамытады. Мидың сол жақ сыңарын оң сыңарымен байланыстыруға көмектеседі екен. Музыка ойнаған кезде мидың көру, есту және қозғалыс бөліктері бір мезгілде жұмыс істейді.

Классиканың пайдасы көп болса да, жеті жасқа дейінгі балаларды концертке кіргізбейді. Бірақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларында «Menin balam Mozart» концерті өтеді. Іс-шараға жаңа туған сәбиден жеті жасқа дейінгі балалар ғана қатысады. «Menin balam Mozart» орталығының менеджері Таңшолпан Есіркеппен әңгімелескен едік.

– Классикалық музыканың жалпы адамзатқа, әсіресе кішкентай бөбектерге пайдасы өте көп. Жүйке жүйесінің дұрыс қалыптасуына көмектеседі. Дәрігерлер аналарға жүкті кезінен бастап, классикалық музыка тыңдауға кеңес береді. Ол бекер емес. Өйткені, музыканы тыңдау арқылы қандағы сератонин деңгейін көтереді. Қуаныш гормондары классикалық шығармаларды тыңдағанда жағымды эмоция тудырады. Ал ән айту тыныс алу жүйесін жақсартады. Созылмалы өкпе ауруы бар балалар үшін өте маңызды. Сондай-ақ өнерге жақын бала мәдениетті келеді. Алған әсерін, сезімін дұрыс жеткізуді үйренеді, есту қабілеті күшейеді, басқа дәуірдегі өмірмен танысып, ой-өрісі кеңейеді. Ата-ананың міндеті баласының жақсы адам болуына жағдай жасау. Музыканы тыңдатып көріңіз, ұнатқанын немесе ұнатпағанын бақылаңыз.

– «Menin balam Mozart» концерті қай кезде басталды?

– Былтыр ақпан айында бастау алған. Қазір еліміздің Алматы, Астана, Шымкент қалаларында концерттеріміз өтіп жүр. Басқа қалалардан да ашу жоспарда бар. Концерттің ұзақтығы 40 минут және 15 минут балалар аспаптармен танысады.

– Кімнің идеясы еді?

– Бұл жобаның иесі – Қазақстандағы танымал виолончелист Бағжан Октябрь. Ол кісі виолончелист, классикалық музыка саласында білікті маман. Классикалық концерттерге жеті жасқа дейінгі балаларға кіруге рұқсат жоқ. «Menin balam Mozart» жобасына осы мәселе себеп болған. Бағжан мырза өзінің гастрольдік сапарларында, өткізген барлық концертінде осы мәселені байқаған. Кішкентай балалары бар аналар неге классикалық концертке қатыспасқа? Бүлдіршіндер неге классикалық музыкамен таныспасқа? Балалар мен олардың ата-анасына арнап осы жобаны ашты.

Концерт балаларға ыңғайлы болуы үшін еркін форматта өтеді. Мысалы, концертті ата-аналар балалармен бірге жерге жайғасып отырып тамашалайды. Концертте балалар еркін қозғалып жүре алады. Бірақ кішкентайынан өнерді бағалауды үйрету мақсатында аздап ережелер-мен де таныстырып өтеміз. Музыканттар әуендерді жанды орындайды. Концерттік бағдарламада балалар кішкентайынан классикалық аспаптармен жақыннан таныссын деген ой болды. Осы мақсатпен аспаптармен жақыннан таныстыру бөлігі де бар. Сосын балалар концерт біткен соң аспаптарды ұстап, ойнап көре алады. Классикалық музыка бағытына негізделгендіктен классикалық аспаптарда ойналады. Оның ішінде скрипка, альт, виолончель, флейта бар. Концертте өнер көрсететін музыканттардың барлығы іріктеуден өткен, жоғарғы оқу орнын бітірген, өз ісінің маманы, шебер музыканттар. Концертте адам саны шектеулі. Әр қаладағы залдың үлкендігіне байланысты кемінде 15 бала мен олардың ата-анасы қатыса алады. Осындай орталық Орталық Азия мемлекеттерімен қоса Ресейде жоқ деп айта аламыз. Себебі Орталық Азиядағы басқа мемлекеттер мен Ресейден сол жақта музыкалық орталық ашу туралы ұсыныстар көп келеді.

– Балаға классикалық музыка қызық болмаса қайтеміз?

– Концертке келген барлық бала аузын ашып, көзін алмай музыка тыңдайды деп айта алмаймыз. Бұл қалыпты жағдай. Музыка қай кезде болсын өзінің пайдасын тигізеді. Ол классикалық және халық музыкасының жауһарларының белгілі мотивтерін еріксіз жаттап алады. Мәдениетті шағын әрі нақты қадаммен сіңіру керек. Концертте Моцарт, Бетховен, Вивальди және тағы басқа авторлардың шығармалары орындалады. Балаға классикалық музыкаларды отырғызып қойып тыңдату міндетті емес. Үйді жинап, тамақ істеп жатқанда, бала үйде ойнап жүргенде артқы фонға классикалық музыканы қосып қоюға болады. Баланың құлағы да, бойы да үйренісіп кетеді.

– Ауылда осындай концертке келуге мүмкіндік бола бермейді...

– Ауылдық жерде концертке бару мүмкіндігі болмағанымен, қазіргі кезде барлық жерде интернет бар. Интернет арқылы кез келген музыка түрін соның ішінде классикалық музыканы ашып, балаға кішкентайынан тыңдатуға болады. Телефонға классикалық музыкаларды жүктеп алыңыз. Диск немесе флешкаға жазып, кез келген көлік ішінде тыңдауға болады. Тек балалар емес, үлкендерге де пайдалы. Жобаның негізін қалаған Бағжан мырзаның мақсаты айқын.  Балалардың мәдениетті өнер арқылы кішкентайынан танысын деген ниеті болды. Осы жақсылығы үшін алғыс айтамыз. 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №9
28 ақпан 2023 жыл

372 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор